Жарнама
Ауыл шаруашылығы

«Жоқтан бар жасадық»

Әдетте біз мал өсіру, шаруашылық басқаруды көбіне ер-азаматтарға тән кәсіп ретінде қабылдаймыз. Алайда өңірде атакәсіпті алға оздырып, нағыз еңбектің қазанында қайнап жүрген әйел-аналарымыз да баршылық. Соның бірі – Гүлсара Шаданова. Бүгінде жасы 72-ден асса да, ол бар қуатын қара жұмысқа арнап, кейінгілерге үлгі болып жүр.

Жасынан еңбекті сүйген

Алматы зооветеринарлық-малдәрігерлік институтын қызыл дипломмен тәмамдаған Жамбыл облысының тумасы атыраулық Ермек Шаданов есімді азаматқа тұрмысқа шығып, Гурьев өңіріне келін болып түседі.

Гүлсара Шаданова Гурьев құс фабрикасында алғашқы еңбек жолын бастап, 1978 жылы «Теңдік» кеңшарына мал дәрігері болып жұмысқа орналасады. Сүт өнімдерін шығаратын шаруашылықтың «Аспа» кешенінде 1500 бас мүйізді ірі қара бар еді. Сол малдың ауру-сырқауға ұшырамауы, санының азаймауы үшін уақытпен санаспай еңбек етеді. Кейіннен осы шаруашылықта бас мал дәрігері болған.

Төрт түлік мал ғасырлар бойы тіршіліктің, күнкөрістің негізгі көзі болды. Кеңестік заманда да мал шаруашылығы – республикадағы жетекші саланың бірі саналатын. Ол кезде мал ауруларының алдын алу, емдеу шаралары нақты жоспарланып, жағдай үнемі қатаң бақылауда ұсталды. Міне осындай міндетті әңгімеміздің кейіпкері абыроймен атқарды. Кейін ол өз тәжірибесінен жиған-тергенін әріптестерімен бөлісу үшін кітапша етіп те шығарған еді. Атап айтқанда, ғалым Мәди Қибасовпен бірлесіп жазған «Жас мал төлдерінің аурулары» атты еңбегі 1989 жылы жарыққа шықты.

Шаруасы шираған қожалық

Кейіннен кеңшарлар тарап, бұрынғы шаруашылық байланыстар үзілді. Ортақ меншіктен әркім өз үлесін алып, өз тірліктерін жасауға көшті. Біз де 1998 жылы «Жандос» шаруа қожалығын құрдық. Бағытымыз – жергілікті қызыл сиырдың тұқымын көбейту және сүт өндірісін дамыту болды. Бірақ бастапқыда мал басын көбейтіп, ісімізді кеңейтуге жер ала алмай біраз қиналдық. Біз ғана емес, сол жылдары фермерлердің көпшілігі осындай қиындықтарды бастан өткерді. Бағымызға орай, 2003-2005 жылдар «Ауылды қолдау» жылы деп жарияланған еді. Ауылдың тұралаған тірлігін тіктеу, шаруаларға қолдау көрсету үшін алға үлкен міндеттер қойылды. Сол қамқорлықтың аясында 2003 жылы жер теліміне қолымыз жетті. Бұдан соң ісімізді қайта бастау үшін, бұрынғы шаруашылықтың орнына «Шаданова Г.Ж.» шаруа қожалығын құрдық. 2003 жылдан бері осы шаруашылықты басқарып келемін,-дейді әңгімеміздің кейіпкері.

 Шаруа қожалығында бастапқыда 5 бас қана мүйізді ірі қара болса, бүгінде оның саны 60-70-ке жеткен. Шаруашылықтың жеке жайылым және шабындық жерлері болғандықтан, қажетті мал азығын өздері дайындауға мүмкіндіктері бар. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, жаз айларында шөп шабу, мал азығын әзірлеу жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Шаруа қожалығында 5 адам тұрақты жұмыс істейді. Қазір қожалық техникасын жабдықтап, ауыл шаруашылығын қолдауға арналған республикалық және жергілікті бағдарламалардың игілігін көріп отыр. 

Өнімдер – сұранысқа ие

Бастапқы мақсатының бірі – сүт өнімдерін өндіру еді. Сүзбе, қаймақ, құрт жасап, Атырау қаласы мен жақын ауылдардағы көптеген отбасыларды пайдалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Қазір өздерінің тұрақты тұтынушылары бар. Болашақта да табиғи өнімдерге деген сұраныс арта түспесе, кемімейтіні анық.

Әлемді шарпыған пандемия кезінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіпкердің өнімдеріне қызығушылық көбейген. Ауыр дертке шалдыққандар да, карантинде сақтық шарасын күшейткен жандар да адам ағзасына ерекше қуат беретін  сүт пен ет өнімдерін молынан пайдаланғанын айтады. Ал кәсіпкер ел басына күн туған қиын қыстау кезде, жаны қысылып жабырқаған көпшіліктен көмегін аямаған.

Бүгінде шаруақор отбасы Бесікті ауылынының тұрғындарына берекелі  табыстың өнегесін көрсетіп отыр. Әуелгіде сиыр сауып сүт өнімдерін сатудан бастаған Шадановтардың қожалығы өрісін кеңейтіп, түйе бағып, шұбат өндіруді, бау-бақша салып, егін егуді де қолға алған. Дәстүрлі шаруашылыққа ден қойған әулеттің ұрпақтары өндірістегі жоғары жалақылы жұмыстарға қызықпай, ауыл шаруашылығы саласындағы мамандықтарды таңдады. Күнделікті қарбалас өмірде әрдайым отбасының қолдауын, жақындарының жанашыр пейілін сезінетін асыл ана «ең басты бақытым – осы» деп біледі.

«Еліме қызмет етуден танбаймын!»

Шаруа қожалығы Қайыршақты елді мекеніндегі тұрғындарға да берекелі кәсіп ұсынып отыр. Атам заманнан бері малдың бабын тауып, қадір-қасиетін білген Аспа қыстағындағы 16 үй бұл шаруа қожалығына жанкүйер, жұмысына қолғанат, еңбегіне қолғабыс болуда. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген көнеден жеткен қағиданы аспалықтар берік ұстанады.

Адал еңбекті жергілікті билік жоғары бағалап, кейіпкеріміз әр жылдары облыс, қала басшыларының Алғыс хаттарына, басқа да марапаттарға ие болды. Жақында Астана қаласынан ақжолтай хабар жетті. Сан жылдар бойы атакәсіпте табан аудармай, тынымсыз қызмет еткен Гүлсара Жәкібайқызы «Аяулы ана» орденіне лайық деп танылыпты.

«Мал баққанға бітеді» демекші,  кәсібін дөңгелентіп отырған жігерлі жан жеткен межемен тоқтап қалмайтыны байқалады. «Жаратқан ғұмыр берсе, еліме қызмет ете беремін» дейді ағынан жарылып. Ендеше, біз де батыл қадамдардан тайсалмай, жоқтан бар жасаған Гүлсара Шадановаға өмірдің бар игі-жақсылығын тілейміз!

Еркеназ ҚАЛИЖАН

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button