«Жем болып жүрміз делдалға»
Ауыл шаруашылығы саласында шешілмеген күрделі түйін көп. Сейсенбі күні өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде осыған байланысты ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажеттігі негізгі әңгімеге өзек болды. Мәжілісте саладағы кемшіліктер, тиімді ұсыныстар мен орындалуы міндетті тапсырмалар жөнінде де сөз қозғалды.
Елорда төріндегі отырыстан соң бүгінгі таңдағы ауыл шаруашылығы саласындағы ахуал туралы Қызылқоға ауданында жиырма жылдан астам уақыт ата дәстүрді жалғап келе жатқан «Тайжан» шаруа қожалығының мүшесі Мереке Амангелдиевпен жедел сұхбаттасудың сәті түсті. Ол қожалықтың тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлары туралы кеңірек тоқталды.
Жарықпен қашан жарылқайды?
– Мереке Аманиязұлы, уақытыңыздың тығыздығына қарамастан сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Әуелі шаруашылық тарихына тоқталып өтсеңіз…
– «Тайжан» шаруа қожалығы 2003 жылы Қызылқоға ауданына қарасты «Ұзын көл» елді мекенінде құрылды. Бастапқыда оған әкем Аманияз Тайжанов жетекшілік етті. Ал атамыз Амангелді еңбекпен есейген, қолынан көп нәрсе келетін шебер, кез келген жұмысқа икемді адам болған деседі. Алайда дүниеден ерте өтіпті. Сол себепті әкеміз шаруа тауқыметіне ерте, буыны қатпай тұрып араласқан. Атасы Тайжан ақсақал да осы өңірге танымал, халыққа сыйлы, еңбекпен аты шыққан адам екен. Немерелеріне сол кісінің жақсы қасиеттері жұққан шығар деп есептеймін.
Бастапқы 1000 гектар жер көлемі кейін шаруа жайына қарай кеңейтіліп, айналасындағы «Мұзбел», «Егінжал» деген алқаптар қосылды. Әкем алғаш қожалық ашуға талпыныс жасағанымызда айтарлықтай мал жоқ еді. Жекеменшіктегі бір сиыр, аз ғана қоймен барып, сол маңдағы ағайын мен халықтың малын бағып күнкөріс қамын жасадық. Кейін ақша да түсе бастады. Бірте-бірте мал саны да көбейді. Алғаш рет Т-40 тракторын алып шөп шауып, артылғанын халыққа саттық, одан аз да болса қаражат түсті. Ол кезде үй-жай, қора-қопсы салып, құдық қазып, шаруашылықты кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік те жоқ еді, өзіміз жертөледе тұратынбыз. Кейін тас басып, сарай салып алдық. Сөйтіп аяққа тұра бастадық. Бұл жұмыстардың бәріне әкеміздің інілері де қолдан келгенше көмек беріп, өзіміз де еңбекті ұйымдастырудың тиімді үлгілерін үйрене бастадық.
Қазір қожалықтың 4,5 мың гектар жері бар. Төрт түлікті түгел өсіреміз. Тапқан табысты тиімді жұмсай отырып, шаруашылыққа қажетті техникаларды да толықтай сатып алдық.
– Шаруашылық басында электр жарығы бар ма? Көп жерде осы мәселе шешілмеген ғой…
– Шыны керек, сол жағынан ұяттымыз. Бізден 7 шақырым жердегі Төбеқұдық мекеніндегі шаруашылықта жарық бар. Олар кезінде бар мүмкіндікті пайдаланып желі жүргізіп алды. Соның іргесінде тұрған біздің шаруашылыққа электр сымын жеткізу үшін 100 миллион теңгедей қаражат керек екен. Мұндай шығынды бір мезетте төлеуге біздің халіміз жетпейді. Сондықтан әзірге күн энергиясы панелін пайдаланып отырмыз.
Ауданда мұнай кеніштері бар, соңғы уақытта ашылып жатқандары да бар. Олар үшін қожалықтарға жәрдем беру аса қиын шаруа емес. Сондықтан осындай мәселелерде билік өкілдері қолқа салса немесе әлеуметтік көмек ретінде жүктеме артса іс ілгері басар еді. Қожалық жеке адамдікі болғанымен, оның өнімі – халықтікі.
Қазір өңірдегі шаруашылықтар үшін су ауадай қажет. Өйткені, жақын маңда ағып жатқан өзен де, шалқып жатқан көл де жоқ. Біраз уақыт бойы шаруашылықты сумен қамту ең қиын мәселе болды. Алғаш шағын мотормен суардық, құдық суы сарқылып қала беретін. Әсіресе, жаз айларында, әсіресе қырық күн шілдеде тіпті қиын. Кейін ұңғыма қаздыруға мүмкіндік туып, бірнеше жерден қаздырып көзіміз ашылды. Бұл мәселе де біртіндеп шешілді.
Бүгінде соңғы талаппен үндес үлкен мал базалары салынды. Тұрғын үйлеріміз де талапқа сай.
Ақшалы жұмыссыздардың жайы
– Қазір ауыл шаруашылығы өндірісі қандай деңгейде деп ойлайсыз? Шешілмеген түйіндер бар ма?
– Жоғарыда ауыл шаруашылығын дамыту маңызды мәселе екенін айттым ғой. Содан да болар, тәуелсіздік жылдарында бұл саланы дамыту туралы көп айтылды. Бағдарламалар да қабылданып, межелер белгіленді. Бірақ солардың көпшілігі сөз жүзінде қалды, ал проблема кешенді түрде шешіле қойған жоқ. Қазір де «Ауыл аманаты» жобасы бар, нәтижесін болашақ көрсете жатар.
Менің ойымша, бұл саланы ойдағыдай дамыту үшін бағдарламалар қабылдау жеткіліксіз. Оның орнына шешімді шаралар қабылдап, оның жүзеге асуын тұрақты түрде қадағалау керек. Басшылықта да, еңбек ұжымында да тұрақтылық қажет. Бір мысал айтайын, тәуелсіздік алғаннан бері елде 20-ға жуық салалық министрдің ауысуы жетістік емес. Өйткені жүйелілік, бірізділік жоқ.
Ал шаруа қожалықтарына мұның оң әсер етпейтіні анық. Басқасын айтпағанда, шаруашылықтарда жұмыс күшінің тапшылығы – үлкен мәселе. Ауылда жұмыссыз отырған адам көп, бірақ олар шаруа қожалықтарында жұмыс істегісі келмейді. Себебі, алты айға дейін үкімет тарапынан оларға ақша төленеді. Менің ойымша, жұмыссыз адам ұсынған жұмысқа бармаса, жәрдемақы төлеуді тоқтату керек. Себебі, бұл – масылдыққа бастайтын жол. Бізге көрші Өзбекстан елінен жұмысқа келгісі келетіндер бар, шын мәнінде көптеген шаруашылықтарда солар еңбек етеді. Алайда, олардың келуіне жасанды кедергілер қойылған. Содан соң оларды қызметке алу үшін құжаттарын реттеу қажет. Ол үшін облыс орталығына бару керек. Сондықтан Мұқыр ауылынан халыққа қызмет ету орталығын ашса, қалаға сабылып жүрмес те едік. Сонда халықтың да мәселесі, біз секілді шаруа қожалықтарының да мәселелері шешілер еді. Бұл туралы ауылдағы жиналыстарда үнемі айтқанымызбен, әзірге тиімді нәтиже болмай тұр.
Үлкендердің айтуынша, ертеде ауылдағы жұмыссыз адамдарды, бойында күш-қуаты бар егде жастағы адамдарды уақытша жұмысқа тартқан. Мысалы, көктемгі қой төлдету, күз айларындағы қой қырқу, қыс айларында көмекшілікке, ал жаз мезгілінде қой тоғытуға, жастарды шөп шабуға, шөп жинауға, басқа да науқандық жұмыстарға пайдаланған. Мұндай шаралар белгілі бір деңгейде нәтиже де берген. Үлкендер жағы еңбекақы алып, жастар жағы өз үйлеріндегі малдарына шөп алған, т.б.
Бұл бір жағынан жастарды еңбекке баулу болса, екіншіден оның жастар үшін тәрбиелік мәні де болған. Республика Президенті биыл «Жұмысшы мамандықтары жылын» жариялады. Енді өткенді жаңғыртып, заман ыңғайына қарай бағдарлама жасап, бұл істі белгілі бір жүйеге түсірсе дұрыс болар еді. Нәтиже де береді деп ойлаймын.
Жүн мен тері пайдаға аспай тұр
– Өзіңіз айтып өткен жайлардан басқа, алдағы уақытта не нәрсені назарға алу керек деп ойлайсыз?
– Ауыл шаруашылығы – қазақ халқының ең ежелгі дәстүрлі салаларының бірі. Әсіресе мал шаруашылығы – негізгі өндіріс саласы. Бүгінгі таңда облыста мал басы айтарлықтай өсіп келе жатыр. Ауыл шаруашылығын дамыту, соның ішінде мал шаруашылығын дамыту үшін шөптің құнарлылығы маңызды. Біздегі көптеген шаруашылықтар табиғаты құбылмалы, шөлейтті аймақтарда орналасқан. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін сол аймақтарға Үкімет бастамасымен инфрақұрылым жүргізілуі қажет, атап айтқанда құдық, жарық, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, т.б. шаралар жүзеге асуы керек. Үкімет тарапынан жеңілдетілген несиелер беріліп, нақты жоспарлар жасақталса, өнім көбейіп, даму көрсеткішіміз артып, нәтиже болар еді.
Қазір Үкімет жер бергенімен, кез келген қожалық үшін шаруашылыққа қажеттінің барлығын жасап, аяғына тік тұрып кету өте қиын. Айналамыз мұнай компанияларына толы, олар жерді бүлдіріп, төрт түлік өсіруге кедергі жасап отыр. Осы компаниялармен қоян-қолтық жұмыс істеп, жақын орналасқан шаруа қожалықтарына инфрақұрылым желілерін жүргізіп беруге міндеттесе, көптеген мәселенің шешімін табарына сенімім мол.
Сосын облыста ет комбинатының салынбауы – мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар үшін күрделі мәселесі. Атап айтқанда, әр ауылда мал сою пункттері әлі күнге дейін жоқ. Шаруашылықтар малды Атырау қаласына апарып, жекеменшік мал сою пункттеріндегі делдалдарға арзан бағаға беруге мәжбүр. Егер ірі елді мекендерден мал сою пункті салынса, тікелей тұтынушымен жұмыс жасауға жол ашылып, жан-жақтан, әсіресе оңтүстік өңірлерден келіп халықтың малын арзанға алып кетіп жүрген делдалдардың жолдары кесілер еді.
Өңдеу өнеркәсібінің деңгейі де, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару бойынша мүмкіндіктер де аз. «Үкіметтен агроөнеркәсіпке 2,5 пайызбен беріледі» деген несиенің әлі күнге дейін нақты шарттары анықталған жоқ. Оның себебін халық түсінбей жатыр. Әсіресе ауылдық жердегі халықтың жұмысқа деген ынтасы болса да, қаражаты жеткіліксіз. Азық-түлік өнімдері, ет, көкөніс, бақша дақылдары, картоп, жеміс-жидек, сүт және жұмыртқа шығару бойынша ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу үлесі төмен. Әсіресе ет, сүт, көкөністің негізгі көлемі қайта өңделмеген күйде сатылады.
Жүн мен тері шикізатын өнеркәсіптік өңдеу жоқ деп айтуға болады. Өнім шығару жағынан балық өндірісінен басқа салалардың қарқыны мүлдем төмен. Осы жағдайларды зерттеп, Үкімет жанынан бөлінетін көмектерді және арнайы сертификаттар алу жөнінде халыққа жеткізетін білікті мамандар мен өндіріс саласының мамандарының аздығы әсер етіп отыр.
Облыс аумағында ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға арналған бюджет қаражаты тиімді, әрі уақытында берілуі тиіс. Мысалы, биыл жем-шөпке субсидия берілмей қалды. Көптеген шаруалар жем-шөпті сатып алады. Сондықтан осы қаржыға сеніп отырған халыққа оның берілмей қалуы дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл шаруашықтардағы мал басының азаюына әкеліп соғады. Амал жоқ, шаруалар төл алатын малын сатуға мәжбүр. Осы арқылы облыстың көрсеткіштеріне кері әсері тиіп жатыр.
– Шаруа қожалығы Сағыз және Мұқыр ауылдарына жақын орналасқан екен. Жергілікті тұрғындармен байланыстарыңыз қалай?
– Шаруашылық Сағыз ауылдық округінде тіркелген. Бірақ Мұқырға жақын болғандықтан екі ауылмен де аралас-құраласпыз. Екі ауылда өтетін түрлі іс-шараларға қатысып, қолдауымызды көрсетіп тұрамыз. Қоғам мен өңір өміріне араласып, қолғабыс беріп тұруды өзіміздің азаматтық парызымыз деп есептейміз. Мұны бізге әкеміз де үнемі айтып отырады. Ал істеген ісіңді, еткен еңбегіңді халықтың елеп, ескеріп жатуы адамға қуаныш пен сенімділік, еңбекке деген құлшыныс әкеледі.
Жұмыс істеймін деген жастарға қамқорлық та керек. Талапты, талантты, іскер жастарды әркез қолдап отырған жөн. Әсіресе ауыл еңбеккерлерін, соның ішінде жастарды материалдық және моральдік жағынан қолдау қажет.
– Мереке Аманиязұлы, әңгімеңізге рақмет. Еңбектеріңіз жанып, істеріңіз алға бассын!
Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛОВ