Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Ақтылы қой, алалы жылқы қайда?

«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес…»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың

Қазақстан халқына Жолдауынан

«Қиялдағы» құжаттар

Сөз жоқ, өткен отыз жылда бұл бағытта бірінен екіншісі озық талай бағдарлама қабылданды. «Ақиқатын айт, адамға жақпағанмен Аллаға жағасың» демекші, сол бағдарламалардың біреуі де жүйелі жүзеге асқан жоқ. Себебі, бұл құжаттар әр өңірдегі табиғи жайылым, жер, су жағдайларының өзгешеліктері ескерілмей қабылданады, яғни жоғары жақтағылар оны дайындау барысында ауыл мен ауданның нақты ахуалына жіті үңілген жоқ. Оның үстіне өзге елдің жарқ еткен жаңалығы мен идеясын көре сала көшіріп алып, оны бізге енгізу тәжірибелері болғанын да жоққа шығармаған жөн. Бұл бізге опық жегізгені анық, нәтижесін көріп те отырмыз.

Мұндай құжаттар қабылданарда нарықтық экономика жағдайында шаруашылықты жүргізудегі ұсыныс-пікірлер мен жаңа бастамалар жүйелі түрде жинақталып, іріктеліп барып, жүзеге асыру тетіктері көрсетілген бағдарламалар қабылданушы еді. Сонда ғана олар іс жүзінде мүлтіксіз орындаларына ешбір күмән жоқ. Өкініштісі, кейінгі уақытта саланың басшысы ауысса, жаңа басшы өз бастамасын ұсынады. Ал олар саланың ішкі көрігінде қайнап піспеген, оның нағыз маман болмаған соң, қабылданар бағдарламаға да бап керектігіне жете мән бермейді. Расында, қолға алынған шаруа неге тиісті мәресіне жеткізілмейді? Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытуға соңғы жылдары ғана миллиардтаған теңге жұмсалғанын айтқан. Соның қайтарымы қайда?!

Мемлекет басшысының қиындықтарды бірлесе жеңу үшін ұқыптылық пен үнемшілдікке шақыруы да орынды. Өйткені, біз әлі күнге дейін нарықтық экономикаға сыйыспайтын жайттардан арыла алмай келеміз. Жұмыс өз нәтижесін беру үшін елдегі төрт түлік малдың санын, одан өндірілген өнімнің есебін, жайылым мен шабындықтың көлемін нақтылау керек. Себебі, егемендік алғаннан кейін саланың нақты көрсеткіштерін әсірелеп айту орын алған. Сондықтан елдегі мал шаруашылығының қазіргі жағдайын қалыпқа келтіріп, алға қарай тұрақты дамытуға саланың өзекті мәселелерін дөп басатындай жолды анықтауымыз қажет.

Хан айтқаны қалтқысыз!..

Ауыл шаруашылығының алдында тұрған күрделі мәселелерді шешуге салалық ведомствоның қауқары жетпейтіні белгілі. Себебі, министрліктер «өз көрпесін өзіне тартып», ортақ мемлекеттік маңызы бар саланы көтеру үшін бірігуге ықыласты емес. Олардың басын біріктіріп, келелі істерді кемеліне келтіріп орындататын Үкімет емес пе?! Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ел экономикасын қалпына келтіруге, тың игеруде немесе Қазақстанда қой малының санын 50 миллионға жеткізуді міндеттегенде бүкіл халық атсалысқан жоқ па?! Сондықтан туындаған өзекті мәселелерді шешуді төтенше жағдай ретінде қарап, Үкіметтің арнайы қаулысымен қабылданған нақты бағдарлама негізінде бірнеше министрлікке берілген тапсырманың орындалуын жіті, әрі мұқият қадағалап отырса іс неге жүрмейді?..

Екіншіден, төрт түлік өсіретін ұсақ шаруашылықтар жаңа заманда дәуір үніне сай жаңаша жұмыс істеуге қауқарсыз. Сондықтан оларды ірілендіріп, басқа құрылымдар (кооператив, жауапкершілігі шектеулі серіктестік, т.б.) құрған тиімді. Сол арқылы ғана іргелі инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыруға, жаңа технологияны жан-жақты өндіріске енгізуге, озат тәжірибені кеңінен қолдануға мүмкіндік туады. Нәтижесінде еңбек өнімділігі артып, өнім сапасы бәсекеге қабілетті болатыны анық. Дана халқымызда «Біріккен бітіреді, ұйымдасқан ұтады» деген сөз бар. Қазір айтылып жүрген шаруа қожалықтарын біріктіруге барлығы бірдей құлықты емес, «ортақ өгізден оңаша бұзауды» жөн көреді.

Қай жерде де бұрынғы кеңшарлардың орнын басып қалған шаруа жағдайы біркелкі, жері, суы жеткілікті ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Қазір бұлардың дамуына қолбайлау болып отырғаны – өндірген мал өнімдерін өткізе алмауы. Шынында, олардың өткізуге жағдайы да көтермейді, қаражаты жоқ. Қазір де малды тірілей салмақпен сатып, сосын азын-аулақ өкімет субсидиясымен күнін көріп жүр. Мәселеге түпкілікті үңілсек, олардың өндірген өнімдерін өткізуге толық мүмкіндік бар. Сегіз-он жылға 3-5 пайызбен несие және қажетті лизингтік тәсілмен берілетін техникаларына субсидия беруді шешу немесе инвестиция тарту тәсілі арқылы оларды ірі шаруашылықтарға айналдыруға әбден болады. Бұған шындап кіріссе, олар өндіріске қажетті жаңа технологияларды енгізіп, өз өнімдерін өздері өңдеп өткізуге толықтай қабілетті болатыны сөзсіз. Ол үшін жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландырып отыратын әдейі салалық Банк ашылуы тиіс. Өйткені, қазір елде бірде-бір екінші деңгейлі Банк арзан пайызбен шаруа қожалықтарына несие ұсынбайды. Әрине, ауыл шаруашылығында тәуекелдің жоғары екені белгілі, дегенмен одан қорқып Банк ашпау сала экономикасының дамуына тежеу болатыны сөзсіз.

Сонымен қатар, халықты қолжетімді бағадағы ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз етудің жолы – облыс орталықтарынан мал өнімдерін тереңдетіп және қалдықсыз өңдейтін ет, сүт комбинаттарын салу. Осы комбинаттар шаруа қожалықтары және жеке тұрғындармен өзара келісім-шарт арқылы жұмыс істеп, шығарған өнімді халыққа ұсынып, шаруагермен есеп айырысады. Ал, өкімет субсидия мен несиені осы өңдеуші мекемеге берсе, базардағы ет, сүт бағасына бәсекелестік туады. Осындай жұмыс республика Үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылса, тауар өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар жойылып, барлық тарапқа да тиімді болмақ. Бұл жұмыс қалыпты арнаға түскен соң ауыл шаруашылығы кооперациясына, тіпті корпорацияға айналары анық.

Тері және жүн өнімдерін өңдеу мақсатында да осы әдіспен облысаралық комбинаттар жұмыс істесе, қазір қоқысқа тастап жатқан шикізат кәдеге жарап, шаруагердің де табысы молаяр еді.

Әр аулада – табыс бар

Жекеменшік үй шаруашылығымен, яғни қорадағы азын-аулақ малымен күнелтіп отырған ауыл тұрғындары баршылық. Қатары өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарымен салыстырғанда едәуір сирегенімен, бүгінде олардың да халықты азық-түлікпен қамтуға қосып отырған үлесі шаруа қожалықтарымен бірдей. Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында үнемі ауыл халқының әл-ауқатын көтеруді жергілікті атқарушы органдарға тапсырып келеді. Өткен жылдары баспасөзде «Үй шаруашылығы туралы» арнайы заң жобасы Парламент Мәжілісінің отырысында қаралғаны айтылғанмен, бірақ ондай нормативтік-құқықтық акт әлі қолданыста жоқ. Мұны айтып отырған себебіміз, орталықтан шалғай жайылымдық алқапта отырғандардың малды көбейтіп, ет, сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндігі мол. Бірқатары жылына оншақты інгенді боталатып, 25-30 шақты сиырды бұзаулатып, үйір-үйір жылқыны құлындатып отырса да, өздерінен артылған өнімді табыс көзіне айналдыра алмай келеді. Дайындаған өнім халыққа ұсынуға қауқарсыз болғандықтан малды толық саумайды, сүт өндірмейді. Өздері күнделікті шәйға «Айналайынды» қатық қылып отыр.

Сондықтан ауылдық жерде, өндіріс орындарында, кенттерде төрт түліктің өнімін өткізуді ұйымдастыру үшін дайындау пункттерінің желісі құрылса, қала, аудан орталықтарында сүт, шұбат, қымыз, құрт, ірімшік, май, басқа да сүттен жасалған өнімдер сөреде тұрар еді. Кеңес дәуірінде жеке меншіктегі мал өнімдерімен өкіметтің ісі болған жоқ. Кеңшардың сауын гурттарының маңайынан салынған май зауыттарында сауылған сүтті сеператорға тартып, май жасайтын-ды. Елде электр жарығы жоқ, жазда жертөле қазып, қыстыгүні мұздан дайындалған мұздатқышта (холодильник) сақталған сүтті мемлекетке өткізетін. Мемлекеттік сүт жоспары осылай орындалатын-ды.

Бүгінде нарықтық экономиканың қысымы, шаруашылық құрылымдары мен жекеменшік мал иелерінің, ішкі мүмкіндіктердің тапшылығы, мал өнімдерін өндіру мен өткізудің науқаншылдығы және өз дәрежесінде өтпеуі олардың қаржы-экономикалық ахуалын нашарлатып отыр. Демек осы субъектілер өндірген өнімдерді орталықтандырып өткізетін тетік керек. Тіпті, әрбір аудан орталығынан сүт өңдейтін зауыт немесе цех ашу – жергілікті атқарушы билік органдарының қолынан да келетін іс.

Соңғы бірер жылдан бері мекемелердің шұбат өніміне қажеттілігін қамтамасыз етуші кәсіпкер облыстық дәрежедегі мемлекеттік сатып алу байқауы арқылы шешілетін болыпты. Бір таңғаларлығы, әлгі «жеңімпаз» өнімді өзі өндірмей, әр жерден тасып әкеледі екен. Ал, қала халқын сүт, шұбат, бау-бақша дақылдарымен қамту үшін мамандандырылған іргедегі «Бірінші мамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шұбатын өткізуге зар болып жүр. Ал, әлгі «жеңімпаз» жеме-жемге келгенде шұбатты серіктестіктен арзанға сатып алып, қымбат бағамен өткізеді деседі.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы мен ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін қазынадан қыруар қаржы бөлініп отырғаны және жыл сайын оның біршама артып отырғаны көңіл қуантады. Бірақ «судың да сұрауы бар» емес пе еді?! Әрине, бұрын да мемлекеттен көмек берілді, бірақ оны агрокешен еңбеккерлері еселенген өніммен қайтаратын. Ал, қазір ол ұстаным түбегейлі өзгерген. Бұл біздің нарық заңына әлі үйренбегенімізді көрсетеді. Қазіргі қабылданған бағдарламалардан қоғамға, яғни «ортақ қазанға» түсетін пайда шамалы. Соңғы жылдардағы мемлекеттік бюджеттен бөлінген субсидиялардың қолды болуы осындай жағдайлардың әсерінен екенін көз көріп отыр.

Көп жылдық тәжірибеге сүйенсек, өкімет мал шаруашылығын тиімді жүргізу үшін шаруашылықтарға әуелі субсидия есебінен жер мен суды қамтамасыз етуге міндетті болуы шарт. Шаругер сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып өнім өндіру, халықты азық-түлік, өндірісті шикізатпен қамту үшін білек сыбана атсалысуы тиіс.

Қазір мемлекеттен берілетін қаржылық көп, бірақ оны алу тетігі жүйесіз. Мысалы, мал азығын дайындағаны үшін берілетін субсидия дайындалған шөптің көлеміне емес, соған жұмсалған жанар-жағармайдың бағасын 50-60%-ға дейін арзандатуға жұмсалса неғұрлым тиімді болар еді. Сол сияқты, басқа да көмек-қолдаулар малшының әлеметтік жағдайын шешу, мал тұқымын асылдандыру, тыңайтқыш алу, табиғи апаттық жағдайлар, өзге де қыруар қайтарымы бар жұмыстарға берілсе әлдеқайда ұтымды.

zhh

Жайылым қайда құнарлы?

Мал шаруашылығындағы бүгінгі басты мәселе – табиғи жайылымды тиімді пайдалану. Қазақстанда мал шаруашылығын жүргізуді ұйымдастыру басқа елдермен салыстыруға болмайды да, келмейді де. Біз төрт түлік өсіруді елдің табиғи ерекшеліктерін ескере отырып жүргізуіміз керек.

Жердің де киесі бар, оны баптай білсек, малға – өріс, елге – құт. Қазір республика жер көлемінің 80 пайызға жуығы – жайылымдық және шабындық алқаптар. Егер осы ауқымды алқаптарды өз мақсатында пайдаланса, арзан да сапалы мал өнімдерін өндіруге жеткілікті. Ауылдың ырысы да, байлықтың кіндігі де осында. Жайылым түрі алуан. Егемендіктің алғашқы жылдары шаруашылықтар тарапынан құлықсыздық, ал орталық салалық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан бейқамдық болды да, ақыры құнарлы жайылымдардың жұтауына жол беріліп, экологиялық қолайсыздыққа ұласты.

Ата-бабамыз «қойды құмға, жылқыны қырға, сиырды сыртқа, түйені сорға жай» демейтін бе еді. Ал, жыл он екі ай бойы қоныс ауыстырмай бір орында отырғандықтан, жер тозып, малазықтық өсімдіктердің түрі азайып, малға жұғымсыз, шағыр, итсигек, сүттіген сияқты шөптер өсіп кетті. Соның кесірінен жайылымдар шаруашылық айналымынан шығып, эрозияға ұшырауда. Шаруашылықтар өздеріне тиесілі жайылым мен шабындықтың құнарлылығын кемітпеуге тиіс агротехникалық шараларды жүргізбейді, оларды жақсартуға қаражат жұмсамайды. Соның кесірінен осы алқаптардың өнімділігі күрт нашарлап, азып кетті. Сондықтан, жерді ұқыпты пайдалануды тәртіпке келтірудің қатаң шарасын алу қажет.

Соңғы жылдары шаруашылықтар мен жеке тұрғындар мал қыстатуға жеткілікті жем-шөп қорын дайындадық дегенмен, азықтың өлшемі, яғни сапасы төмен. Өйткені, жайылымдар мен шабындықтардағы өсімдіктердің геоботаникалық құрамы түбірімен өзгерді. Мұндай жағдай жерді мелиорациялауды, басқа да агротехникалық шараларды жүргізуді қажет етеді. Бізде алқаптарды ғылыми негізге сүйеніп пайдалану жетіспейді, соның салдарынан пайдаланып жүрген жер аумақтары мерзімінен бұрын айналымнан шығып қалады. Мысалы, құм, құрлық алқаптарынан пішен дайындағанда түбірінен 7-8 сантиметр биіктікте шөп қалуы керек, бірақ оның ешкім сақтамайды. Жылма-жыл шөптің түсімі азаюының бірден-бір себебі – осының салдары.

Шөптің өсу қабілетін орнына келтіру үшін әбден тозған жайылымдарда «ауыспалы жайылым» әдісін енгізген қолайлы. Сондай-ақ, шөптің өсіп дәнін төгіп, алдағы жылы тағы көп шығуына мүмкіндік жасалмай, тым жастай орып алу белең алып барады. Даланың көп көлемде өртенуі де шөптің мол өсуіне үлкен кедергі келтіруде.

Сонда ата-баба аманатқа қалдырған ұланғайыр жердің сұрауы жоқ па?! Біз келешек ұрпаққа қандай жер қалдырмақпыз?!

Ендеше, ауыл шаруашылығының алда тұрған күрделі проблемаларын шешу үшін жерді тиімді пайдалану бағыттарына, оның экологиялық тұрақтылығын нығайту жəне топырақтың биологиялық өнімділігін арттыру шараларына жүйелі жəне кешенді түрде көңіл бөлу қажет. Жер ресурстарын дұрыс пайдалану ғана біздің мемлекетіміздің экономикалық əлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Тұщы су қатқа айналды

Жайылымдық алқаптарды суландыру, яғни су көздерін іздестіру де өзекті мәселе. Кеңес дәуірінде сумен қамту дәл бүгінгідей проблема болған жоқ. Кез-келген алқапта 5-7 метр тереңдіктен тұщы су көзі табылатын-ды. Ал қазірде 100-200 метр тереңдіксіз тұщы су көздері таптырмайды. Ол үшін ғарыштық түсірілімдер арқылы жайылым жағдайларын, жерасты су көздерін анықтап, оны игеруге толық мүмкіндік бар. Бұл жұмыстарды тек тиісті жоғары атқарушы органдардың ұйымдастыруымен және жүргізуге көмектескенде ғана орындалады. Сонда ғана атакәсіппен айналысуға бел буған кәсіпкер мен малшы діттеген межеден шыға алады.

«Жері байдың – елі бай», ол анық жайт. Ендеше, ырыстың кіндігі – жерімізді еміп, өрісті қазақы танымда байлықтың басты өлшемі саналған төрт түлікпен толтырсақ, әлбетте, қуатты мемлекеттермен иық тіресіп жүруге әлеуетіміз жетеді.

Табыстың көзі сол еді…

Жүн мен тері – қыруар байлық, мал баққан жанның ақ-адал маңдай тері. Ал, еліміз егемендік алғаннан бері мал терісі мен қой жүнін пайдаға асыра алмай келеді. Отандық кәсіпкерлер малдан алынатын осы өнім түрлерін кәдеге асыруды қолға алып, халық көп шоғырланған ауылдарда тері өңдеу кәсіпорнын ашса, ауыл халқы үшін қаншама жұмыс орны болар еді. Бүгінде мал терісін халықтан жинап, оны өңдеу орнына өткізетін де кәсіпкер жоқ. Егер бұл мәселені мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыруға қол ұшын созып реттесе, экспорт көлемі артары күмәнсіз. Мәселен, қазір Пәкістан, Түркия тәрізді озық технологиясы бар елдер теріні бізден тиын-тебенге әкетіп өңдеп, шығарған қыруар өнімді қайтадан қымбат бағамен ұсынып жүр. Оны алмасқа амалымыз жоқ!..

Қой жүніне қатысты да ахуал осындай. Рас, облыста мал жүнін өңдейтін кәсіпорын біраз уақыт бұрын құрылған. Бірақ ол Атырау өңірінде өсірілетін қылшық жүнді құйрықты қойдың жүнін өңдеуге қауқарсыз. Бүгінде түйе жүніне, қойдың ақ және ақшыл түсті жүніне сұраныс жоғары. Демек енді әлемдік бәсекеге қабілетті мал өнімдері осылар болмақ.

Міне, сай-салада кәдеге аспай шашылып жатқан жүн-жұрқа мен тері-терсектің жайы осындай. Егер мал өнімдерін өңдейтін құрылымдар ауылдық жерлерде салынып жұмыс істесе, қалаға сабылған халықтың денін тоқтатары сөзсіз. Жалпы, мал терісі мен жүннің пайдаға аспауы елімізде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының әлі күнге дейін қалыпты жұмыс жасамауынан, малдан алынатын жергілікті шикізат өнімдерін өңдеуді қолға алмай отырғандықтан да болып отыр. Бұл жерде өкіметтің назарында болатын жағдай – сала құрылымдарының бірігіп жұмыс жасауына көңіл бөліп, бақылау жүргізсе деген тілек.

Бұл салада тағы бір проблема бар, ол – мал шаруашылығымен айналысатын шаруагерді (шаруа қожалықтарының жетекшілері) жалпы кәсіпкердің қатарына қосып, «кәсіпкер» деп санау, барлық деңгейдегі салалық басқару органдарын кәсіпкерлікпен біріктіру. Осы арқылы ел экономикасының ең басты саласы – ауыл шаруашылығы саласының маңызын, ролін төмендету бірінші кезекке шығып келе жатқан жоқ па деген күдік бар. Ал, шаруагер – нарықтағы негізгі өнім өндіретін ауыл шаруашылығы құрылымының басшысы. Оның жұмысының ерекшелігі – жыл он екі ай бойы мал өнімдерін өндіруге бағытталатыны, халықты ет, сүт, өндірісті шикізатпен қамтиды.

Осы жерде ХVIII ғасырдың бел ортасында ғұмыр кешкен француз жазушысы Жан-Жак Руссоның: «Единственное средство удержать государство в состоянии независимости от кого-либо – это сельское хозяйство. Обладай вы хоть всеми богатствами мира, если вам ничем питаться – вы зависите от других. Торговля создает богатства, но сельское хозяйство обеспечивает свободу» — дегені еске түседі. Шынында, француз жазушысының осы сөзі қай заманда да мәнін жоймайтынға ұқсайды. Сондықтан, ауыл шаруашылығы саласы қай уақытта да елдігіміздің тірегі болуы шарт.

«Малды малдай адам бағады»

Төрт түліктің басын тең өсіріп, егін егіп, мол өнім өндіруге жағдайы бар кейбір шаруашылық құрылымдары мал бағатын адамның жоқтығынан тарап кетуге мәжбүр. Жекеменшік сектор мен шаруа қожалықтары Шопан ата тұқымын қысы-жазы жайылымда көз алмай бағуды қажет етпейтін сиыр, жылқы, түйе түліктеріне айналдырып бітуі жақын. Себебі, қазір мал бағуға жастар, мамандығымен жұмыс істеуге мамандар құлықсыз. Алға тартатыны – еңбекақы аз, әлеуметтік жағдай төмен. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығында жалақы бұрын да жоғары болған емес, қазір одан да мүшкіл. Өйткені, «қалталары тесік» шаруашылықтар өндірген өнімдері (жүн, тері, т.б.) өндірістегідей өтпегесін шопанға айына 150-200 мың теңге төлей алмайды. Бұрынғы малшылар мен жұмысшы мамандар зейнет жасына жетті. Зейнеткерлікке шықпағандары саладағы қазіргі әлеуметтік жағдайдың нашарлығын сылтау етіп, жұмыс жасаудан бас тарта бастады.

Әрине, оларды айыптап, сөгуден аулақпыз. Себебі, бүгінде заман өзгерді, әркім өзінің тұрмыстық жағдайына қолайлы жерде тұрғысы келеді. Дейтұрғанмен, ұлы ақын Абай айтқандай, өз еңбегін саумайтын адамдар қатары көбейіп бара жатыр. Мысалы, ауылдарда ауладағы ұсақ жандығын 15-20 үй болып кезектесіп бағу қалыптасқан. «Қойкезек» күні көршісінің шұғыл шаруасы болып, жұмыссыз жүрген көршісіне жағдайын айтып «10 мың теңге берейін, бір күн орныма кезекке барып келші» десе келіспей, арланады. Бұған не айтуға болады?! Бойындағы теріс қылықты еңбек етумен жеңуге санасы жетпей тұр. Бүгінде дене кемшілігі емес, сана кемшілігі мін болып отыр.

Қоғамда, әсіресе ауылда жұмыс жеткілікті. Тек масылдық ойдан арылып, еңбек етіп, игілігін көру, істің көзін таба білу керек. Кеңес дәуірінде орта мектептің жоғары сынып оқушылары кеңшардың ауыл шаруашылығы жұмыстарына белсене қатынасатын-ды. Мал төлдету, пішен шабу, қой қырқымы, қысқы мезгілге қыстақтарды дайындау, т.б. жұмыстарға көмектесетін. Сөйтіп, жастар мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өмірдің, тұрмыстың алғашқы баспалдақтарын көріп өсті. Біздің буын осылай өсті.

Бүгінде мектеп бітірушілер мұндай сатыларды көрмей, оған бейімделмей өсіп келеді. Мүмкін, кәмелеттік жасқа толып, дені сау, жұмыс істеуге қабілетті жастар жұмыс істеуден бас тартса, мемлекетке салық төлеуге мәжбүрлеу қажет болар. Бұл да еңбекке баулудың бір тетігі деп ойлаймын.

Атакәсіпке – арнайы мәртебе

Қайткенде де, қастерлі атакәсібімізді жоғалтпай, оның мәртебесін көтеріп, тығырықтан шығуға жол іздеуіміз керек. Меніңше, ең алдымен, жастардың жұмыс жасауына жергілікті жерде барынша тұрмыстық-әлеуметтік жағдайды жақсарту қажет. Әрбір малшы қыстағында табиғи энергия көздері – күн мен желді қуатқа айналдырып, тұрмыстық жағдайға пайдалануда. Көптеген жерде ұялы телефон, шалғай жерлерде 300 шақырымнан байланыса алатын спутниктік телефон ұстап отырғандар да бар. Шаруашылық құрылымдары келген жас малшы, маманға малдай көтерме ақы төлеуді де шешуді қолға алған. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша мұғалімдер мен дәрігерлерге үй беріледі. Әрине, бұл мамандардың да қажеттігін жоққа шығармаймыз. Бірақ, осындай қамқорлық мал мамандарына да қажет. Жергілікті атқарушы билік тұрғын үй кезегіне қойып, жер телімін ұсынса да жарасымды. Бұл да жастардың қызығушылығын арттырады. Өкімет тарапынан мал шаруашылығында 20 жыл үздіксіз жұмыс істеген азаматтарды 55-57 жастан зейнет демалысына шығу, мектеп қабырғасынан барған жастарға екі жылдан кейін орта, жоғары оқу орындарына түсуге арнайы жеңілдіктер (квота) берсе, жастар бұған бет бұрар еді.

Кейбіреулер бұл ұсыныстарға таңырқап қарауы мүмкін. Себебі, бүгінде елдегі мал басының 90 пайызы жеке меншіктің иелігінде. Алайда, проблемаға біржақты қарамау керек. Өткен заманда малшы мамандығының мәртебесі жоғары болатын-ды. Үздік малбегілер автокөлік сыйлап, мемлекеттік наградаларға ие болды. Бәлкім, осыған ұқсас ынталандыру және марапаттау тәсілдерін заман ағымына сай ойластырған жөн.

Екіншіден, жергілікті әкімдік пен шаруашылық органдары мал өсірумен айналысатын құрылымдар мен жеке қожалықтардың өндірген өнімін өңдеп өткізуге және сатуға көмек көрсетуі тиіс. Қазіргі маркетингтік қызмет жүйесі дұрыс жолға қойылмаған. Егер тауар өндірушілер өз өнімін уақытында өткізіп отырса, табысы молайып, малшылардың жалақысы өсіп, жұмысқа деген ынтасы да артады.

Үшіншіден, мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсиялардың қайтарымы, есебі күмән туғызады. Кейбірі негізсіз жасақталған бағдарламаларға бөлінген. Шындығында, мал басын асылдандырып, өндіріске асыл тұқымды мал сатып, ғылыми-селекциялық жұмыспен шұғылданатын шаруашылықтардың аталық және аналық мал басын бағып, өсірудегі шығындарын өтейтіндей өтемақылар берілгені дұрыс. Айталық, қазір асыл тұқымды қойдың басына берілетін субсидия өте жеткіліксіз.

Қорыта келгенде…

Мал шаруашылығын кадрмен қамтуға қатысты үлкен проблема – Үкіметтің «келешегі жоқ» деп ауылды жоюы, «бала саны аз» деп мектептерді, дәрігерлік пункттерді жабуы, өз шаруасымен сүттей ұйып отырған халықтың іргесін сөгіп, жан-жаққа қоныс аударуға мәжбүрлеуі. Негізінде, халқымыздың таза өсімін беріп отырған мәңгілік генефонды – қазақтың тілін, ділі мен әдет-ғұрпын жоғалтпай ұстап отырған ауыл емес пе?!

Бүгінде қазақтың өсімін көтеру Үкіметтің көкейкесті мәселесі деп есептейміз. Зейнеткерлікке шығып, азын-аулақ малымен қыстақтарда отырған бұрынғы малшылар да елді мекендерге қоныс аударып жатыр. Ол жерді олар тектен-тек қоныс еткен жоқ еді, өзінің байтақ даласын қорғап, күзетіп отырған сақшысы, шекарашы іспетті еді. «Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң, боз дала құлазиды ел кеткен соң» демекші, енді сол боз дала жетімсіреп, бос қала бастады. Демек жер қорғаусыз.

Сондықтан, ауылдағы бұл «індетке» Үкімет нақты шара алмаса, атакәсіптен айырылып, ауыл тіршілігіне балта шабылары сөзсіз. Ауыл шаруашылығын қолдамай, болашақты болжау қиын. Жалпы, ауыл тағдырына мемлекеттік деңгейде мән берілуі қажет. Тек сонда ғана ауыл мәселесі оң шешімін таппақ.           

  Ақтылы қой, алалы жылқы қайда?..

Еліміз ежелден аграрлық ел санатында. Мал – қазақтың ата кәсібі. Оқығанынан тоқығаны жетіп артылатын, мал жайын бес саусағындай білетін ата-бабамыз несібесін осы малдан тауып, өсіп-өнген. Халқымызда «Жылдан жылға жылыңды сағынарсың» деген мақал бар. Оған бұрын онша мән бермейтін едік. Нарықтық қатынасқа көшкелі бергі жағдай оның мән-мағынасын айқындап, айшықтай түскендей. Егеменді ел болғаннан кейінгі кезеңде мұнай мен газ игеруді қолға алып, оларды өңдеп, сату жолдарын жақсы меңгеріп, ел экономикасының негізгі драйверіне айналдырып алдық. Ал өзіміздің ата кәсібіміз атанған мал шаруашылығын дамыту кенже қалып келеді. Елдің экономикасын әртараптандыруда және экспорттық мүмкіндіктерін арттыруда нақ осы саланың үлкен әлеуеті іске қосылуы өз мәнінде емес.

Заманның жаңару жеделдігін қаперге алсақ, ауыл шаруашылығына түпкілікті жаңа көзқарас керек. Төрт түлікпен ғылыми тұрғыда жұмыс жасауға көшкен дұрыс. Бұл – мемлекеттік тұрғыдағы маңызды мәселе.

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,

партия және шаруашылық ардагері,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button