Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Жаңартылған егіс жүйесі – өнімділіктің кепілі

Қазір егін шаруашылығы жүйелі трансформациядан өтіп, тиімділік пен тұрақтылыққа бағытталған нақты өзгерістер жүзеге асырылуда. Бұл – салада жылдар бойы күтілген маңызды бетбұрыс.

Егіс алқаптарын әртараптандыру – біз үшін стратегиялық тұрғыдан өте маңызды шешім. Су үнемдеу технологияларының кеңінен енгізілуі – еліміздің агроклиматтық жағдайын ескерсек, нағыз заманауи әрі қажетті бетбұрыс. Елімізде 580 мың гектар алқапқа осы технологиялардың қолданылуы – тек суды үнемдеу емес, сонымен қатар өнім сапасы мен көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Біз үшін бұл – қуаңшылық жағдайындағы сенімді қорғаныс, ұзақ мерзімді жоспарлауға негіз.

Бүгінде біздің шаруашылықтарымызда тамшылатып суару, жаңбырлатып суару және басқа да заманауи әдістер кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Қазір бізде егіс алқабына су жеткізуде бұрынғыдай бал соғылмайды. Суды арнайы құбырлар арқылы жеткізіледі. Бұл суды үнемдеуде өте маңызды. Мұндай жаңашылдықтар еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды біршама азайтады. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде мұндай технологияларды енгізу қолжетімді болып отыр. Әсіресе жеңілдетілген несиелеу, субсидиялау және техникалық қолдаудың арқасында шаруалар жаңа технологияларды батыл қолдана бастады.

Бұдан бөлек, егіс алқаптарының құрылымын оңтайландыру – топырақ құнарын сақтап қалуға да оң әсерін тигізеді. Мәселен, біржақты дақыл егу топырақтың тозуына әкелсе, әртараптандыру – жердің табиғи балансын қалпына келтіріп, агроэкожүйенің тұрақтылығын сақтайды.

Сала өкілі ретінде айтатыным – бүгінде бізге нақты бағыт, айқын мақсат, әрі сенімді мемлекеттік қолдау бар. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, өнім көлемі мен сапасын арттырып, ішкі нарықты қамтамасыз ету ғана емес, халықаралық нарықта да бәсекеге қабілетті болу керек. Өйткені болашақ – агротехнологияда.

Қоныс ЕРМАНОВ,

”Дастан” шаруа қожалығының жетекшісі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button