Зардап шеккен шаруашылық
Жылда жайбарақат қалпынан танбайтын Жайық биылғы көктемде өзен бойындағы елді біраз әбігерге түсірді. Бір шүкіршілік етері мал-жан аман. Әйтсе де, тасқын судың салдарынан Жайық жағасын жағалай қоныстанған елді мекендердегі шаруалар айтарлықтай зардап шекті. Нақтылай кетсек, бір ғана Махамбет ауданының өзінде өзен суының тасып, арнасынан асуы 70-ке жуық егін алқабы мен 30-ға тарта шаруа қожалығына қиын тиді.
«Дастанның» егіні үш есе кеміді
Мәселен, ауданның Ақжайық ауылдық округі аумағында орналасқан «Дастан» шаруа қожалығында ерте түйнек салатын көкөніс тұқымы себілген 7 және мал азығы дайындалатын 6 гектар егіс алқабы су астында қалып, шаруаның еңбегі зая кетті.
Осы айдың аяғында өнім жинауды жоспарлап, тұтынушыларға арзан әрі сапалы өнім ұсынамыз деп отырғанда осындай жағдай болды. Өр суының келетінін білсек те, дәл осындай болады деп ойламаппыз. Биыл жалпы аумағы 200 гектарға егін егеміз деп жоспарлағанбыз. Соның тек 60 гектарына ғана дән сеуіп үлгердік, — дейді шаруашылық басшысы Қоныс Ерманов..
Оның сөзінше, мол су мамыр айының 8-9-нан бастап келген. Содан біртіндеп көбейе беріпті. Әрине, әрекет еткенмен, ол нәтижесіз болып шықты. Төтенше жағдай құрылымдары да қолдарынан келген көмектерін көрсетіпті. Әйтсе де, алапат суға қарсы тұру мүмкін болмаған көрінеді. Су алдымен жеміс бағын, кейін көкөніс (негізінен ерте пісетін қызанақ пен қырыққабат), жүгері алқаптарын басқан. Әйтеуір қыстақты аман алып қалыпты.
Қиындықтың «дәмін» татқан біледі
Жыл бойғы азық етер нәпақасынан айырылып отырған шаруалардың бірі – Жасұлан Бисенбайұлы. Жер жыртып, енді тұқым себеміз деген шақта егіс алқабын су басып кеткен. Қайыршақты ауылдық округіне қарасты қожалық Соколок каналының солтүстік бөлігінде орналасқан. Көкөніс өсірумен және малға жем-шөп дайындаумен айналысады. Жұмысы тұралап қалған шаруа енді жергілікті атқарушы орыннан көмек сұрайды.
Өзіміздің айналамызда осы канал бойында орналасқан 15-20 шаруа қожалығы бар. Олардың бәрінің де дерлік қора-жайларын, егістіктерін су басты. Қазіргі олардың уайымы – енді жағдай қалай дұрысталады, келтірілген залалдың орны қалай толады? Барлығының мойнында қарызы, несиесі бар алған. Осы тұрғыда шаруагерлер жоғары басшылықтан көмек-қолдау күтеді, — дейді шаруагер жігіт.
Шаруа қожалығының иесі Төленбай Аманбаев тасқын судың зардабын тартып отыр. Ұзақ жылдан бері атакәсіппен және малға қажетті жем-шөп дайындаумен шұғылданатын ол өр суынан қауіп барын естігенде-ақ бағымындағы төрт түлігін қауіпсіз аймаққа көшіріп үлгерген. Алайда, 7 гектар жерге егілген жоңышқа мен бақша, жеміс ағаштарын құтқару мүмкін болмай қалыпты. Одан бөлек, қора-қопсысы мен қосалқы құрылыс нысандарын да су басқан. Қыстақтағы үйі мен мал ұстайтын, соятын орны судың ортасында қалған көрінеді. Шаруагер жігітті мазалайтыны – қолындағы малына қажетті қыстық шөбі мен жемін қайдан аламыз, деген сұрақ.
Егіндіктің жартысы суда қалды
Биыл облыс бойынша 10 мың 800 гектар егіс алқабы игерілуі тиіс болатын. Диқандар оның 5 мың гектарына, яғни жартысына жетпейтін бөлігіне тұқым сеуіп үлгерген. Ал, өзгесі су астында қалыпты. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, тасқыннан Қызылқоға, Жылыой, Махамбет, Индер аудандарында және Атырау қаласының аумағында орналасқан 130-ға жуық егін алқабы мен 40-қа тарта мал шаруашылығы зардап шеккен.
Қауіпті аймақтарда орналасқан қожалықтардағы 16 мыңнан астам мал басы алдын-ала қауіпсіз жерлерге көшіріліпті. Сол себепті мал шығыны жоқ. Ал, шаруалардың дән себуге жоспарлаған 4 мың гектар жерін су шайып, қып-қызыл шығынға батып отыр. Қиындыққа тап болған шаруалар бүгінде мемлекеттен қолдау күтеді. Қазіргі кезде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы жауапты мамандар зардап шеккен қожалық иелерінен өтініш қабылдауға кірісіп кетіпті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні
Биылғы тасқынның елді біраз әбігерге салғаны рас. Біреу үйінен, енді бірі малынан, өмір бойы жиған дүние-мүлкінен айырылды. Қазіргі таңда шығын әлі есептеліп біткен жоқ. Атырауда да тиісті жұмыс атқарылуда.
Үкіметтің ресми парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, мемлекет шаруалардың несиесін кейін өтеуге мүмкіндік берді. Яғни, төлемдер кешіктірілген жағдайда оларға айыппұл салынбайды. Шаруалардың өтініші бойынша төлемді кейінге қалдыру шартымен «Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы малға керекті жем-шөпті жеткізіп береді. Сондай-ақ, су тасқыны салдарынан мал басын жоғалтқан жандарға жергілікті атқарушы орындар қаражаты есебінен тиісті шығынды өтеу қарастырылған. Ал, егінге қарай ойыссақ, халық арасында «биыл жергілікті өнім аз шығып, бағасы қымбатсып кете ме?» деген қауіп бар. Сол себепті, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау іс-шаралары жеделтілсе игі. Әйтпесе, шаруалар кірістен, тұтынушылар жергілікті әрі арзан өнімнен қағылғалы отыр. Ал, ол азық-түліктің 70 пайызға жуығын сырттан тасымалдайтын өңір тұрғындары үшін оңайға түспесі анық.
Дәулетқали АРУЕВ
* Сіз не дейсіз?
Азат ҚАПАНОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
– 17 мамырда ауыл шаруашылығы саласындағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайдан келтірілген шығындарды өтеу мақсатында ереже бекітілді. Қазіргі таңда зардап шеккен қожалықтардың өтініштері қағидаға сәйкес қабылданып жатыр. Әрі қарай тиісті құжаттары тексеріліп, комиссияда қаралып, тиісті заңдылық талаптары шеңберінде өтемақы берілетін болады.
Болат МҰХАМБЕТОВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
– Тасқын су шаруаларды шаш етектен шығынға батырғанымен, өр суының пайдалы жағының да барын айтқанымыз жөн. Су келген жерге ертең шөп жақсы шығады. Өр суы өрістегі малға қажетті құнарлы көктің ұйысып шығуына мүмкіндік береді. Шөптің түрі де, түсімі де көбейеді. Жайылымның да жақсаруына игі әсерін тигізеді. Ылғалдың молдығы топырақ қабатының құрамындағы тұзды азайтады.