Тұрақтандыру қоры: көкөніс жеткілікті ме?
Атырау облысының тұрақтандыру қорын көкөніспен қамтамасыз етіп отырған қожалықтар тасқыннан зардап шеккен жоқ, — деп хабарлайды облыстық төтенше жағдай жөніндегі жедел штаб.
“Атырау” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің директоры Қайсар Құрманалиевтің айтуынша, төтенше жағдай кезінде «Агрофеликс», «Қызанақ агро», «Отбасы» шаруа қожалықтарының егістік алқаптары зардап шекпеген.
–Қазір аталған қожалықтардың егін алқаптарында маусымдық жұмыстар жалғасуда. Аталған қожалықтармен маусымаралық кезеңге әлеуметтік маңызы бар картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат өнімдерін өсіріп, сақтау, сату бойынша келісім жасалған болатын. Жалпы, аталған қожалықтар арқылы Тұрақтандыру қорына жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 5667 тоннаны құрайды. Тұрақтандыру қоры аясында көкөніс нарық бағасынан төмен болады, — деді Қ.Құрманалиев.