Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Сортаң жерді жүзім бағына айналдырмақ

Құлсары қаласының тұрғыны Бауыржан Хасанұлы он жылдан астам уақыт бойы ерекше жүзім сорттарын өсіріп, өз ісін кәсіби деңгейге жеткізген. Бүгінде 6 сотық жерді алып жатқан бақшасында 20 түп аналық жүзім бар. Солардан жыл сайын шамамен 2000 көшет алынып, еліміздің түрлі өңіріне жөнелтіледі. Оның өнімін тұтынушылар елімізде ғана емес, шетелдіктер де алып отыр. 

2012 жылы кейіпкеріміз Юбилей Новочеркасска, Нина, Ризамат, Зарево, Памяти Дженеева, Красава, Алвика, Велика, Маникюр фингер, Днепровский сувенир, Виктор, Ризамат-Ата, Надежд Азос, Памяти Нигруля, Водограй, Кодрянка, Красотка, Аватар, Находка Калугина сынды өнімділігі жоғары жүзім сорттарын еге бастапты. Ал оған дейін Өзбекстаннан әкелген жүзімдерді зерттеп, тәжірибе жинақтаған көрінеді.

Бауыржан Хасанұлының айтуынша, жыл сайын шамамен 500 келі жаңа піскен жүзім жиналып, одан табиғи мейіз, шырын, жеміс қайнатпасы мен тосап дайындалады.

whatsapp image 2025 07 31 at 10.51.53 1

– Жүзімнің ерекше сорттарын шетелден арнайы алдыртып, оларды еліміздің табиғатына бейімдеймін. Бақша шаруашылығындағы ең қиын сәт – жаздың +50°C дейінгі аптап ыстығында, қыстың суығында жүзімді күту жұмыстарын атқару. Басты арманым – Жылыой жерінен жер алып, жүзім шаруашылығын кеңейту. Болашақта Қазақстан нарығын толықтай отандық жүзіммен қамтамасыз етіп, әрі қарай экспортқа шығуды мақсат етіп отырмын. Сонымен қатар жаңа сорттар шығару үшін мемлекетпен бірлесіп арнайы зерттеу институтын құру идеясын көтеріп жүрмін. Бұл бастамаға қажетті ғылыми жабдықтар мен уақыт кемінде 15-20 жылды талап етеді,-дейді Б.Хасанұлы.

Қазақстанда алғаш рет ресми жүзім фестивалін ұйымдастырған да осы «Бауыржан жүзімдері» бренді. 2022, 2023 және 2024 жылдары қатарынан фестиваль өткізіліп келеді. Оның ең құрметті қонақтары саналатын мүмкіндігі шектеулі жандар бұл шараның әлеуметтік маңызын айқындай түседі.

Бауыржан Хасан – елімізде жүзім шаруашылығын дамытып, жаңа деңгейге көтеріп жүрген жан. Оның еңбегі – қазақ даласында бапталған жаңа піскен жемістің халықаралық нарыққа шығуына бастар жол.

Бек АЙДАРӘЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button