
Шөлейтті жерге жатаған изен өседі
Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен кезекті мәжілісінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым жетістіктерін нақты экономика секторына енгізу және оларды коммерцияландыру маңызды бағыттардың бірі болып табылатынын меңзеді. Осылайша, тек былтырдың өзінде елде 2300-ге жуық ғылыми жоба мен 300 ғылыми-техникалық бағдарлама жүзеге асқан.
Егер шынтуайтына келсек, ғылыми жобаларды коммерцияландыру таптырмас табыстың көзі екені мәлім. Ал, Қазақстанда бұл бағыттағы 208 жобаның қолданысқа енгізілуі сәтті жүзеге асып, оның 180-нен астамы сатылым кезеңіне шығарылған. Мұндай жобалардың ел экономикасындағы жалпы үлесінің жиынтық құны 118,7 миллиард теңгеге бағаланып, 2 мыңнан астам жұмыс орны жаңадан ашылыпты. Экспортқа шығарылған 25 жобаның алтауы сатылып, одан түскен табыс 1 миллиард теңгеден асқан.
Бұған жергілікті ғалымдардың да қосқан өзіндік үлесі бар. Атыраулық ғалымдар да осы салада жемісті еңбек етіп жүр. Соның бірі соңғы жылдары жартылай шөлді-шөлейтті аймаққа жататын, табиғи-климаттық жағдайы қатаң Атырау облысында мал азығын дайындау ісі ғылыми тұрғыда зерттеліп келеді. Бірнеше өсімдік түрін будандастырып, соған байланысты патенттер алған ғалымдардың есімдерін атауға да болады.
Жақында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен «Атырау облысының құрғақшылық жағдайында жемшөп өндірісінің өзекті мәселелері мен келешегі» атты «дөңгелек үстелде» осы тақырыпқа баса назар аударылды. Атырау өңірінде ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Болат Мұхамбетов осы бағытта жемісті қызмет атқарып, ғылыми жобаның тиімділігіне қол жеткізіп жүрген отандық ғалымдардың бірі де бірегейі екені шын. Бұл пікірге осы басқосуға қатысқан оқымыстылардың көпшілігі ден қойды.
– Атыраудың топырағы тұзды, экологиялық ахуалы күрделі шөлейтті аймақ болғанына қарамастан ғалым Болат Мұхамбетов табанды еңбегінің арқасында түйткілді мәселенің түйінін тарқатуды алдына мақсат қылып қойды. Жылдар бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесінде құнарлылығы жоғары будандастырылған түйежоңышқаның конвейерлік кезеңін едәуір ұзартып, өнімділігін көтерсе сапалы мал азығын алуға болатынын дәлелдеді. Бүгінде Қызылорда облысындағы Жалағаш ауданы және Атырау облысындағы Махамбет ауданының бірнеше шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері шөл мен құрғақшылыққа төзімді, шығымдылығы жоғары түйежоңышқаны өсіріп, тым-тәуір өнім алып отыр. Демек ғалымның ұзақ жылдық зерттеуі өндіріске зор серпін берді деп айтуға толық негіз бар, — дейді алматылық әріптесі, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, академик Ғалиолла Мейірманов.
Оның айтуынша, бұл Б.Мұхамбетовтің бір жыл емес, институт бітіргеннен бастап табанды түрде шұғылданып келе жатқан тақырыбы, тынымсыз еңбегінің жемісі екен. Артық айтқандық болмас, мұның өзі нағыз қажырлы еңбектің нәтижесі, баршаға үлгі боларлық әрекет. Ғ.Мейірманов бір салада осыншама уақыт ерінбей-жалықпай еңбектеніп, соның оң нәтижесіне жетуді ерлік деп бағалайды.
– Сонау тоқырау жылдары да Болат Мұхамбетұлы ешқайда мойын бұрмастан діттеген межесінен ауытқыған жоқ, алған бетінен қайтпады. Ақыры көздеген мақсатына жетті, маңдай терінің жемісін көрді. Егер қандай да бір кемшілік болса, бұл ғалымның емес, жалпы елде ғылыми жаңалықты өндіріске енгізуде қалыптасқан жүйенің жоқтығынан деп пайымдаған дұрыс. Ғылым және ғалымға деген көзқарас түзеліп, ахуал оңалса, оның өзі ата кәсіптің қордаланған басты проблемаларының бірі – мал жайылымдық және шабындық мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік берер еді. Әрине, бұл үрдіске бәріміз де өзіндік үлесімізді қосуымыз, малазықтық шөп өсіруде тиісті аграрлық-техникалық шаралардың сақталуына айрықша көңіл бөлуіміз керек, — деді ол.
Болат Мұхамбетовтің жарты ғасырдан астам ғұмырын ауыл шаруашылығы саласын зерттеуге, ғылыми тұрғыдан дамытуға арнаған тәжірибелі ғалым екенін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов те мойындайды. Ол жетекшілік ететін ғалымдар тобы биыл жатаған изенді өсіру тәсіліне патент те алыпты.
– Бұл – республика Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан гранттық қаржыландыруға қол жеткізген, ғылыми өнертабысты коммерцияландыру бағдарламасына іліккен университеттің ілкімді инновациялық жобаларының бірі. Мұны ғалым үшін де, ұжым үшін де зор жетістік деп қабылдау керек. Айрықша атап өткен жөн, әріптесіміз – шөлейтті аймақта құнарлылығы жоғары, азықтық қасиеті мол шөпті өсіруге болатынын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген ғалым.
Шынында да ғылымды дамыту күн сайын бұрын-соңды ешкім ойлап таппаған жаңалық ашудан тұрмайды. Егер күн сайын қолданылатын тәжірибені ғылыми негіздеп, тұрмыста қолдануға енгізсе, ол да отандық ғылымның дамуына жеткілікті процесс. Ол үшін күнделікті өзімізбен тығыз қарым-қатынас жасап жүрген жандардың іс-әрекетіне ден қойып, назар аударсақ жеткілікті. Әйтпесе академик Қаныш Сәтбаевтың: «Еңбек етпесең – жиған білімің кәдеге жарамай жатқан минерал секілді. Оның ішінен аршып, асыл кенін жарқырату үшін еңбек керек, қол мен ой қимылы қажет», — деуі тегін болмаса керек.
Дәулетқали АРУЕВ