Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Шаруаларды мазалаған мәселе

Мемлекет басшысы Үкіметке шаруаларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл тапсырма жергілікті жерлерде қалай орындалып жатыр?

Қымбатшылыққа кім кінәлі?

Махамбет ауданы Есбол ауылдық округінің 14-ауылында «Темірлан агро 7661» ЖШС егіншілікпен айналысып отыр. Оның жетекшісі Айнұр Рахматуллина үш жылдан бері жергілікті тұрғындарды табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп келе жатқанын айтады. Биыл да ол 210 гектар аумаққа егін егіп, жемісін жеп отырған жайы бар. Тек бір «әттеген-айы» болмаса…

– Осыдан бес жыл бұрын Президент «Алқаптан – сөреге дейін» атты жобаны жүзеге асыруды ұсынған болатын. Соны іске асыратын уақыт жетті деп ойлаймын. Себебі, қымбатшылықпен күресудің басқа жолы жоқ сияқты. Базарда баға аспандаса, тұрғындар оған өнім өндірушілерді кінәлайды. Бірақ атыраулықтарды отандық өніммен қамтамасыз ету үшін барын салып жүрген мен сияқты қарапайым диқаншылардың айыбы жоқ қой. Біз маңдай терімізді төге егін егіп, еңбек еткенімізбен, оның өнімін өткізе алмаймыз.

Жасыратын несі бар, өзім өсірген көкөністерімді таңғы сағат бесте базарға әкеліп арзан бағамен сатамын. Оны ортадағы делдалдар дымын қалдырмай сатып алады да, қоймаларына сақтап қояды. Кейін қымбат бағамен шетінен тұрғындарға сатып отырады. Ал мәселен, менде ондай қойма жоқ. Осы орайда, мемлекет біздерді қоймамен қамтамасыз етсе, жақсы болар еді. Түптеп келгенде, бәріміз де бір терінің пұшпағын илеп отырмыз ғой. Мақсатымыз ортақ – халыққа арзан өнім ұсыну,-дейді кәсіпкер. 

Алыпсатарлардың айласы

Бизнесвумен ұсынып отырған тағы бір бастама – шаруа қожалықтары мен супермаркет иелері өнім өткізу жөнінде өзара келісімшартқа отырса, бәлкім арадағы делдалдық қызметтен құтылар ма едік?! Ең болмаса, жергілікті өнім өндірушілерге арнап сауда орындары ашылса, бұл да біраз көмек болар еді. Халықтың да сұрап отырғаны – осы. Ал шағым айту, болмаса ақыл-кеңес алу үшін қолдау орталықтарына қоңырау шалған кәсіпкерлерге ешкім жауап бермейді екен. Субсидия да уақытында берілмейтін көрінеді.

– Мысалы, мен сәбізімнің келісін 80 теңгеден сатсам, оны делдал 250 теңгеге өсіріп жібереді. Ал 85 теңгеден қарбыз сатпақ болып базарға барғанымда ондағы әкімшілік өкілдері мені кіргізе қоймады. Байқасам, онда Шымкенттен жеткізілген қарбыздар сатылып жатыр. Бағасы 350 теңге екенін естігенде жағамды ұстадым… Сатушыға қарасам, қарақалпақ ұлтының өкілі екен. Бұлар біздің елге ешқандай салық төлемейді ғой! Яғни, экономикамызды еселеп жатқан ешбірі жоқ. Демек, бұл – көлеңкелі бизнес көзі десек, артық айтқандық емес. Ендеше, өз өнімімізді өткізе алмай жатқанда, өзгелердікін жарылқап жатқанымыз қалай?-деп ашынады диқаншы әйел.  

Атыраулық егіншілерді қынжылтатын тағы бір мәселе – жанар-жағармай мен коммуналдық төлем тарифінің тым қымбаттығы. Мәселен, біз әңгімелесіп отырған Айнұр Рахметуллина былтыр жарық пен судың әрқайсысына 3 миллион теңгеден жұмсапты. Ол мемлекет тарапынан шаруагерлерге жеңілдіктер қарастырылғанын қалайды.

Келесі мәселе – өндірістен шығатын химиялық қалдықтарды тиісті мекемеге тапсыру үшін де кәсіпкерлер ақша төлеуі керек екен. Айталық, Астана қаласында керісінше, қалдықты қабылдайтындар төлем жасайды. Сонда қалай болғаны? Атырауда қалдықтарды кәдеге асыратын бірде-бір құрылымның болмағаны ма? Әлде, қалдықтың өзі де сырттан әкеліне ме? Оның үстіне өңірде полиэтилен өнімдерін шығаратын алып зауыт бар. Кәсіпкерлер сол жерге тегін тапсыруға да дайын екен, тек қабылдап алса болғаны. Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керектігін Президенттің өзі айтты емес пе?! Олай болса, тапсырма орындалуымен құнды.

Қазылған жер көмілмейді

Атакәсіп – мал шаруашылығымен күнелтіп отырған жандардың жайы қалай? Оларды не мазалайтынын білу үшін біз Қайыршақты ауылдық округіндегі Соколок каналының арнасындағы шаруашылықтарды аралап көрдік. Мұнда барлығы 25 шаруа қожалығы жылқы мен сиыр өсіріп, адал кәсібінің нәсібін көріп отыр екен. Бірақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелер де жоқ емес. Ендеше, солардың бірқатарының түйінін тарқатып көрейік…

Осындағы «Ешім» шаруа қожалығының басшысы Қылышбай Есім бүгінде шаруалардың бас ауруына айналған бірнеше проблеманы алға тартады.

– Мен шаруашылықтарға тоқ тарту қажеттігін жауапты әкімдік мамандарына айтып жүргеніме алты жылдың жүзі болды. Дегенмен әлі күнге дейін бір жауап жоқ. Шаруашылық нысаны орналасқан аумаққа жақын жерде тоқ желісі бар. Трансформаторды өзіміз-ақ қондырып аламыз. Тек әкімдік рұқсат берсе болғаны. Ал кезінде уәде берген басшылар кейін басқа қызметке ауысып кетті.

Екінші – экология мәселесіне бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Біз қоршаған орта десе ауа мен суды ғана айтамыз. Ал топырақтың күтімін неге ойламасқа? Айтайын дегенім, шаруашылық алқабында ойқы-шойқы болып қазылған жерлер көп кездеседі. Бұл – карьерлердің орны. Заңға сәйкес, оны көму немесе орнына жасыл желек отырғызу, яғни, рекультивация жұмыстары жүргізілмеген. Енді оның орны тереңдігі 3-4 метрге кететін тіке жар болып қалған. Оған барып мал құлап жатыр. Карьерге келетін КамАЗ көліктері бір жолмен жүрмей, жайылымдағы шөпті де таптап бүлдіруде. Бұл жерге енді 4-5 жыл өтпей шөп шықпайды деген сөз,-дейді шаруашылық басшысы. 

Бұл мәселеге қатысты Қайыршақты округінің әкімі Шапхат Қалиевке хабарласқанымызда ол карьер қазуға рұқсат берілмегендігін айтты. Сөйтсек, карьер Қайыршақтыда орналасқанымен, оны қазушылар Мақат ауданынан келеді екен. 

Каналға су жібермейді…

Малшыларды мазалап отырған тағы бір жайт – мал суаратын суаттың жоқтығы. Анығын айтқанда, Соколов каналында су болмаған соң, амал жоқ, мал Қызылтығыл каналына келеді. Бұған да округ әкімінің жауабы дайын.

– Шаруалар мәселені шұғыл шешіп беруді сұрайды. Алайда каналға су жіберу менің құзырымда ғана емес қой. Бұған жауапты «Қазсушар» деген құрылым бар. Сондағы мамандар заңға сәйкес әрекет етуі тиіс. Әзірге жердің құжаттары реттеліп, енді техникалық құжаттар жасақталып жатыр. Егер канал техникалық талаптарға толықтай сай келсе, оған дереу су жіберілетін болады. Қажетті қаражатты бөлу мәселесі де жоспарға енгізіледі, — дейді ол.

Дегенмен «Шопан ата» қазақ ұлттық мал өсірушілер қауымдастығы Атырау филиалының директоры Ғазиз Ғабдуллин мұнымен келіспейді. Оның ойынша, мәселені тез арада шешуге ең алдымен жергілікті басшылықтың өзі мүдделі болуы тиіс. Себебі, шаруалар соған ғана сенім артады. Оларға қол ұшын берер басқа ешкім жоқ. Яғни, жауапты мекемелерге тиісті талап қойылуы қажет.

Міне, ауыл шаруашылығымен айналысып отырған атыраулық кәсіпкерлердің бүгінгі ахуалы осындай. Соңғы кезде «менмұндалап» жүрген тағы бір мәселе бар. Бұл – шаруашылықта қарапайым жұмысшылардың жетіспеуі. Әкімдіктегілер кәсіпкерлерге студенттерді жұмысқа алуға кеңес беруде. Бірақ шаруагерлер әр үйдің еркетотайын тәрбиелеп отыруға уақыттары жоғын жасырмайды. Әрі, шаруашылықта жүрген жастар суға батып кеткен жағдайлар да жоқ емес. Яғни, біреудің балалары үшін ешкім жауапты болғысы келмейді. Сондықтан бұл мәселеге басқа қырынан келу керек сияқты. Одан әрісін уақыт көрсетер.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button