Шопанның «қызыл қырманы» қызып келеді

img 20240402 wa0226 Ауыл шаруашылығы

Бүгінде облыс өңірлерінде мал төлдету маусымы енді ғана басталғанымен, науқанға ертелеу кірісіп кеткен шаруашылықтар да жоқ емес.
Солардың бірі – индерлік шаруагер Қайролла Өмірғалиев. Біраз жылдан бері атакәсіппен айналысып, содан нәсібін тауып келе жатқан азамат бүгінде өзі құрған «Ынтымақ» шаруа қожалығының басшысы. Қожалық еділбай тұқымды қазақы қойды өсірумен шұғылданады. Индер ауданының Өрлік ауылдық округі аумағындағы «Таласкөл» участогін қоныстанған малбегі қыс қыстағын осында өткізсе, жаз жайлауы да осы жерден қашық емес.
«Қашан да өзгелерінен көшілгері жүруге дағдыланған «Ынтымақ» ШҚ қазір мал төлдету науқанын басқаларынан бұрынырақ бастап, шопанның «қызыл қырманын» қыздырып, әріптестеріне үлгі болуда. Бағымдағы 400 қойдың 320-сы аналық болса, содан қазірде 150 қозы алып отыр» – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов.


Ал Мақат аудандық кәспкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ақмарал Жангерееваның айтуынша, бүгінде мұнда 105 шаруа қожалығы тіркелген. Барлық меншік түрі бойынша мал басы 12 444-ті құрап, былтырғыдан 9,7 пайызға өскен. Осынша мал барлығы 9 орында қыстатылуда. Мал басын аман сақтап, шығынсыз өсіруді мақсат тұтқан малбегілер санаулы күнде 122 бұзау, 343 қозы-лақ, 110 құлын мен 9 бота өргізді. Сонымен қатар Махамбет ауданында күні бүгінге 886 қозы, 606 бұзау, 127 құлын, 79 бота алынып, төрт түлікті өз төлі есебінен көбейтуге мол мүмкіндік туып отыр. Құрманғазы ауданындағы «Габибуллин» шаруа қожалығы – 710, «Мақаш» пен «Құрманғазы» өндірістік кооперативтері «Шопан ата» түлігінен 310-850 қозы алған.


Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз