Қызылқоғалықтардың қимылы қарқынды
Атырау облысының өзге өңірлеріне қарағанда топырағы құйқалы, шөбі шүйгін Қызылқоға ауданында қысқы мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүруде.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Әділет Шаймерденовтың айтуынша, өңірде қысқа қажетті мал азығының көлемі 137 мың тоннаны құрайды. Оның 27 тоннасы – былтырдан қалған қор. Биыл шөп әзірлеу жөнінде 47 шаруагермен аудан әкімдігі арасында меморандумға қол қойылған. Соған сәйкес, қырлықтан шабылатын ірі сабақты шөптің бір рулонының бағасы 6,5 мың теңге, көлтабанды орылған алқаптан орылған шөптің бір байламының бәсі 5,5 мың теңгеден аспауы тиіс. Науқанға бірнеше ондаған техника мен 170-ке жуық адам қатынасуда.
«Жасыл орақ» науқанында белсенді қимылымен көрініп жүрген шаруагерлердің бірі – Миялы ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Сұлтан Тұрсынғалиев. «Кейінгі алты-жеті жылдан бері отбасыммен бірге атакәсіппен айналысып келемін. Малды баққасын оның қыстық азығын қамдау да міндетіміз. Осылайша, биыл да аумағы 1 мың гектар «Ұзынкөл» шабындығына шалғы салдық. Өзіміздің шөп шабатын, дестелеп-тайлайтын тахникаларымыз бар. Қажеттілігіне қарай ауылдас жігіттерді жұмысқа тартып отырмыз. Көздеген межеміз 4 мың рулон, қазірге дейін соның тең жартысына жуығын дайындап та үлгердік. Керегімізден артылғанын тұрғындарға қолжетімді бағамен сатамыз» дейді шаруагер.
Дәулетқали АРУЕВ
Қызылқоға ауданы