Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Қырдағы «қызыл қырман» қызған шақ

Бүгінде облыс өңірлерінде мал төлдету маусымы өткізілуде. Жаппай төлдеу сәуір айынан басталғанымен, бірқатар шаруашылық құрылымы бұл науқанға ертелеу кірісіп кетті. Олардың қатарында Құрманғазы, Индер, Махамбет аудандарының жекелеген шаруа қожалықтарын атауға болар еді.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жасұлан Сұлтанғалиевтің айтуынша, биыл алғашқы тоқсанда облыста атакәсіппен айналысатын субъектілердің (олардың басым бөлігі – шаруа қожалықтары) саны 2254-ке жеткен. Бұлардың бағымында 226,7 мың мүйізді ірі қара, 580 мың қой-ешкі, 141 мың жылқы және 41,6 мың түйе түлігі бар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда барлық түлік түрінен де өсім байқалып отыр. Нақтылай кетсек, мүйізді ірі қара – 37,4%, ұсақ мал – 5,6%, жылқы – 26,2% және түйе 14%-ға көбейген.

– Осылайша, кезекті мал қыстату маусымын ойдағыдай өткізіп, мал басынан шығын бермей, сәтті аяқтау қамында жүрген шаруагерлер мал төлдету науқанын да табысты өткізуге жұмылған. Жаппай мал төлдету жұмыстарының енді ғана басталғанына қарамастан, қырдағы «қызыл қырманға» өзгелерінен ертерек кіріскен шаруашылық құрылымдары бүгінде тым тәуір нәтижеге де қол жеткізіп үлгерген. Олардың қатарында Құрманғазы, Индер, Махамбет аудандарының шаруа қожалықтарын атауға болар еді. Сөзіміздің дәлеліндей, осы уақытқа дейін облыс бойынша төрт түліктен жалпы саны 62 мың бас төл алынған. Бұл көрсеткіш те былтырғы межеден едәуір жоғары болып отыр. Сөз жоқ, бұған науқанға дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде болуы септігін тигізуде. Осылай жалғаса берсе, атакәсіп иелерінің діттеген межеден көрінетініне сенім мол, — деп түйіндеді ойын салалық басқарманың өкілі.

Енді жекелеген аудандағы ахуалға келсек, Құрманғазы ауданында төлдеуге тиісті саулық қойдың саны 10 480-ді құрап отыр. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтахтың мәліметінше, жауапты науқанда шаруагерлердің көшін «Құрманғазы» өндірістік кооперативі мен «Габибуллин» жеке кәсіпкерлігі бастап келеді. Санаулы күндерде бұлардың бірінде – 800, екіншісінде 220 қозы өргізілген. Мақсат – алынған төлді аман сақтап, шығынсыз өсіру.

– Айта кету керек, ауданда мал төлдеу науқаны 18 қыстақ орнында өткізілуде. Мұнда жұмысқа тартылған адамдардың алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай (жатар орны, ас-ауқаты, жайлы демалыс) жасалған. Мал төлдету маусымына барлығы 85 адам көмекші ретінде қатысуда. Оларға ай сайын 90-95 мың теңге көлемінде еңбекақы төленуде. Сонымен қатар алдағы қой қырқу науқанына қатысатындарға да осындай қолайлы жағдай туғызу көзделген. Малшылар қыстан қысылмай шығып, шопанның «қызыл қырманын» ойдағыдай аяқтайтындықтарына сенімді. Мұнда шаруаны ұйымдастырушы сала басшылары мен мамандардың да өзіндік үлесі бар екені даусыз. Аналық малдарға қажетті жемшөп қоры да жеткілікті. Жоғарыда аталған шаруашылықтардың қатарында «Сүйіндік» пен «Ақжонас» ЖШС-терін атаған ләзім, — дейді бөлім басшысы.

Кәсібінен нәсібін тауып, атакәсіпті абыроймен жалғастырып, әріптестеріне үлгі көрсетіп келе жатқан шаруагерлердің бірі – индерлік шаруагер Қайролла Өмірғалиев. Біраз жылдан бері мал бағумен айналысып, табысқа кенеліп отырған азамат бүгінде өзі қолымен құрып, уығын шаншыған «Ынтымақ» шаруа қожалығының басшысы. «Мал өсірсең, қой өсір – табысы оның көл-көсір» демекші, бұл қожалық та негізінен еділбай тұқымды қазақы қойды өсірумен шұғылданады.

Индер ауданының Өрлік ауылдық округі аумағындағы «Таласкөл» учаскесін қоныстанған малбегі қыс қыстағын осында өткізеді. Жаз жайлауы да осы жерден қашық емес көрінеді.

– «Шопан ата» түлігінің бағымы мен бабын келістірген шағын шаруашылықтың қарамағындағы мал басы жылдан-жылға өсіп келеді. Қойдың күй-қоңы да жақсы. Малшылардың табыстары да тым тәуір. Тапқан нәпақаларына разы болған олар жұмыстарын ыждағаттылықпен атқарып, малдың басын аман сақтап, өз төлі есебінен көбейтуді дағдыға айналдырған. Қашан да өзгелерінен көш ілгері жүруге дағдыланған «Ынтымақ» шаруа қожалығы мал төлдету науқанын басқаларынан бұрынырақ бастап, шопанның «қызыл қырманын» қыздырып, әріптестеріне үлгі болуда, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов.

Ал Мақат аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының мәліметінше, бүгінде мұнда 105 шаруа қожалығы тіркелген. Барлық меншік түрі бойынша мал басы 12 мыңнан асып, былтырғыдан айтарлықтай өскен, одан алынатын өнім көлемі де ұлғайған. Осынша мал барлығы он шақты орында қыстатылуда. Мал басын аман сақтап, шығынсыз өсіруді мақсат тұтқан малбегілер науқан басталған санаулы күнде төрт түліктен ауыз толтырып айтуға тұрарлық төл өргізуге қол жеткізіп отыр. Облыстағы малды өңірлердің қатарында саналатын Қызылқоға, Исатай, Жылыой мен Махамбет аудандарында жауапты науқан табысты жалғасуда.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button