
Қымыздан – кәсіп, төлден – нәсіп
Қазақтың ежелден келе жатқан ата кәсіптерінің бірі – жылқы шаруашылығы. Ұлттық болмыспен біте қайнасқан бұл түлікке деген ықылас әлі күнге дейін жоғалған жоқ. Соның айқын дәлелі – Миялы ауылының тұрғыны Батырлан Ізмағанбетов «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын тиімді пайдаланып, жылқы өсіру ісін қолға алған.
Ауылдық жерде өскендіктен жылқыға жақын болған Батырлан үшін бұл кәсіп таңсық емес. Қолынан келсе қымыз өндіріп, одан бөлек төлін сату арқылы табыс табуды көздеп отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы жайлы әуелі аудандық кәсіпкерлер палатасынан естігеннен кейін құжат жинауға кірісіп, нақты әрекетке көшкен.
Президент биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы реформалардың қолға алынғанын, шаруаларды қолдауға бір триллион теңге бөлінгенін атап өтті. Қаржылай қолдау көрсету, жерді тиімді пайдалану, аграрлық ғылымды дамыту, экспортты арттыру, цифрлық технологияларды енгізу негізгі басымдықтар ретінде айқындалды.
Батырлан Ізмағанбетов аудандық кәсіпкерлер палатасынан толық мәлімет алып, құжаттарын ресімдейді. Нәтижесінде «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 8,6 миллион теңге несие алып, 18 бас жылқы сатып алған. Оның ішінде бір айғыр, қалғаны – бие.
– Қымыз өндіруді де, төлін көбейтуді де ойлап отырмыз. Бағдарламада нақты критерийлер бар, бірақ ниеттенген адамға бәрін үйлестіруге мүмкіндік бар. Өзім есепші болғандықтан қала мен ауылдың арасында жүріп құжаттарды ресімдедім, аса қиындық болған жоқ. Ал қағазбен жұмыс істеп көрмеген шаруаларға белгілі бір деңгейде қиындық туғызып отырғанын байқадым, — дейді ол.
Бұған дейін Батырланның жеке қожалығы болмаған. Өз ауласынан ірі қара мен ұсақ жандықты бағып келген. Жылқы өсіруді қолға алмас бұрын жергілікті кәсіпкердің қора-жайын пайдалануға келіскен екен. Несие алған соң аукцион арқылы жер телімін ресімдеп, келіншегінің атына қожалық ашқан. Жылқы малы негізінен қысы-жазы далада тебіндеп жайылатындықтан көп шығынды талап етпейді. Дегенмен, қожалыққа қыстақ тұрғызу үшін жерасты суының тапшылығы қиындық туғызып отыр. Жылқыларды негізінен қазақы тұқымнан алған. Барлығы нөмірленіп, электронды чиппен белгіленген.
Қожалық өзі тұратын ауылдан 100 шақырым қашықтағы Жамбыл ауылдық округінде орналасқан. Жер тапшылығы мен су мәселесі – шешімін күтіп тұрған басты жайт. Батырлан жыл соңына дейін тағы конкурсқа қатысып, қосымша жер телімін алғысы келеді. Оның ойынша, Қамбар ата тұқымынан тұрақты табыс табуға мүмкіндік бар.
– Қазір халқымыз жылқы түлігінің өнімін тұтынуға бейімделіп келе жатыр. Өйткені оның дәрумені мол. Келесі жылы көктемде бие байлап, қымызды дүкен иелерімен келісіп сатуға ниеттеніп отырмыз. Ауылда саумалға сұраныс жоғары, әсіресе үлкен кісілер жиі тұтынады. Алдағы уақытта дүкен ашып, жылқы өнімдерін сатуды жоспарлап отырмыз, — дейді ол.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының өте жақсы ұйымдастырылғанын да, артықшылығын да кәсіпкер айрықша атап өтті.
– Кәсіп көзін ашып, дамуды ойға алған адамға үшін бұл – таптырмас мүмкіндік. Тіпті басқа елдерде мұндай жеңілдіктердің аз екенін білеміз. Енді цифрландыру дәуірінде қағазбастылықты азайтса, нұр үстіне нұр болар еді. Президенттің өзі Жолдауда осыны айтты. Уақытты үнемдеуге зор септігі тиер еді. Жаңадан кәсіп бастаған азаматтарға бұл бағдарлама алғашқы баспалдақ десек, артық айтқандық емес, — деді Батырлан Қуанайұлы.
Батырлан бұған қоса шағын және орта бизнестің мемлекеттің тірегі екенін, әлемдік тәжірибеде бұл үрдіс кең таралғанын тілге тиек етті. Кәсіпкерлікті мақсат тұтқан замандастарына ешқашан тартынбай, батыл қадамға баруды кеңес етеді.
– Мал шаруашылығы – ерік-жігерді талап ететін сала. Күндіз-түні еңбектенбей табысқа жету мүмкін емес. Бірақ қолынан келетін азаматтар болса, мемлекеттік қолдауды пайдаланып, түрлі өндіріс орындарын ашса, ауыл экономикасы да қарқынды дамиды. Мемлекет қолдауы арқылы біз де ата кәсіпті жандандырып, ауыл экономикасын дамытуға үлес қосуды мақсат еттік, — дейді ол.
Президент Жолдауында ауыл шаруашылығына ерекше мән берілгенін ауыл кәсіпкерлері қуанышпен қабылдады. Қаржылай қолдау, аграрлық ғылымды дамыту, экспортты арттыру және цифрлық жүйелерді енгізу – жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін нақты бағдар.
Айта кетерлігі, Батырлан спорттан да алыс емес. Ұзақ қашықтыққа жүгіруден жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Бұл оның еңбекқорлығы мен шыдамдылығын көрсетсе керек.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашуға, атакәсіпті жандандыруға зор мүмкіндік беріп отыр. Мемлекет қолдауы – ауыл шаруашылығының дамуына, ауыл экономикасының өркендеуіне үлкен серпін.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Қызылқоға ауданы