
Құрманғазыда жергілікті өнім көлемі артуда
Құрманғазы ауданында ауыл шаруашылығы, соның ішінде егін шаруашылығы бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Бұл бағыттағы табысты жобалардың бірімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың жұмыс сапары аясында танысу мүмкіндігі туды.

Сапар барысында Е.Тоғжанов Еңбекші ауылдық округінде орналасқан «Сандуғаш» шаруа қожалығына барып, шаруашылық басшысы Асылбек Еділбаевпен кездесті. Аталған шаруашылық 20 гектар жерге көкөніс пен бақша өнімдерін егіп, бүгінгі таңда аудан тұрғындарын қолжетімді бағада табиғи әрі сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр.
Асылбек Еділбаев – егін шаруашылығында 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті кәсіпкер. Маусымдық кезеңде ол 30-ға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып, ауылда еңбекке баулудың жарқын үлгісін көрсетуде. Оның еңбегі мен табандылығы сапар аясында Ералы Лұқпанұлы тарапынан жоғары бағаланды.
Ауыл кәсіпкерінің айтуынша, биылғы өнім көлемі — 150 тонна қауын, 100 тонна қарбыз, 150 тонна қызанақ, 20 тонна қияр.
Бұл көрсеткіштер – Құрманғазы ауданында егін шаруашылығының даму қарқыны артқанын, жергілікті өнімге деген сұраныстың жоғары екенін айғақтайды.
Аталған шаруа қожалығы — ауылдық жерлерде жергілікті кәсіпкерлікті қолдау, өзін-өзі қамтамасыз ету және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жолындағы нақты мысал. Алдағы уақытта өңірде осындай табысты жобаларды көбейту – басты мақсаттардың бірі.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ