Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Қалауын тапса, қара бидай да өседі

Шөлейтті аймаққа жататын Атырау облысында бидай өсіру мүмкін бе? Бұл сұраққа көпшіліктің күмәнмен қарайтыны анық. Алайда, Жанбайда тұратын шаруагер, «Қайрат» шаруа қожалығының иесі Қайрат Шонанов осы ұғымды жоққа шығаруды мақсат етіпті. Ол өңірдің қатал климаты мен тұзды топырағына, өзге де кедергілерге қарамастан, алғаш рет күздік қара бидай егуді қолға алды. Оның бұл қадамы – жеке отбасының ғана емес, бүкіл ауылдың игілігіне бағытталған жаңалық.

Биыл ол 100 гектар жердің 30 гектарына күздік қара бидай екті. Жанбай ауылынан батысқа қарай бес-алты шақырым аумақтың қатал климаты мен топырағының 92 пайызы тұзды екені белгілі. Мұндай жағдайда егіншілікпен айналысу тәуекел мен қажырлы еңбекті талап етеді. Дегенмен, Қайрат Рахымжанұлы осы қиындықтарға қарамастан, батыл қадам жасап, жергілікті ауыл шаруашылығына жаңа серпін берді.

– Қара бидайдың ең басты ерекшелігі суаруды қажет етпейді, сосын топырақтың құнары төмен аймақтарда да өсе береді. Оны таңдаған себебім де осы, бізде су жоқ қой. Ал, мал азығы ретінде өте құнарлы дақыл. Тамыры тереңге кететіндіктен, қара бидай құрғақшылыққа төзімді. Күзгі жауын-шашын, қыстың ылғалы және көктемнің дымқылы оған жеткілікті. Осындай артықшылықтарын негізге ала отырып, егіп көруге бел байладым. Енді соның нәтижесін күтіп жүрмін, — дейді шаруагер.

Оның айтуынша, дақылдың бұл түрі сорлы жерде де өсуге бейімделген. Ал, теңіздің орны болған Жанбайда топырақ құрамы сор және тұзы жоғары әрі құнарсыз. Қайрат қара бидайдың топырақты құнарландырып, құрылымын жақсартатынын біліп алыпты.

– Тың игеру кезінде қара бидайдың жақсы егілгенін естіп білгенмін. Ол арқылы жердің құнарлылығы артып, топырақ жаңарады екен. Бидайдың тамыры шіріп, жерді тыңайтқан. Оның үстіне қара бидай арамшөпті табиғи қасиетімен басып тастайды, — дейді ол.

Қазір Қайрат қара бидайды тек мал азығы үшін егіп отыр. Өйткені, бұл дақыл дәні пісіп үлгермей тұрып, яғни дәнегі жұмсақ кезінде шауып алып, малға берсе, тез қоңдандырады. Әсіресе қыстан шыққан және төлдеген малға пайдасы мол.

Облыста биылғы қыстаққа қажетті пішеннің жалпы көлемі – 605 000 тонна, ал құрама жем көлемі – 44,5 мың тонна. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы Ақтілек Нұроллаеваның айтуынша, оның 98,5%-ы дайындалған.

Аймақта шөп дайындаумен айналысатын 91 ірі шаруашылық, жем сататын 26 сауда орны бар екен. Бұған қоса, Атырау қаласындағы «Карат» ЖШС ұн өңдеуші кәсіпорын мал шаруашылықтарын кебекпен қамтамасыз етіп отыр. Бұл – облыс бойынша мал азығына сұранысты біршама төмендетіп, бағасын тұрақтандыруға бағытталған шаралардың бірі.

Жергілікті жерден дайындалатын бір орама шөптің бағасы биыл 4500-6500 теңге аралығында. Ал, оған тасымалдау шығынын қоссаңыз 7500-10000 теңгеге жетіп жығылады. Жемнің құны да оның түріне байланысты, 1300-2300 теңге шамасында. Мал азығын көршілес Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан алуға да қам жасалған, бұл облыстағы төрт түліктің қыстан қысылмай шығуына жасалған қолдау.

Әйтсе де, жем-шөп тапшылығын болдырмау үшін мал азығы өзімізден дайындалса қандай ғанибет. Сол мақсатта жанбайлық шаруагерлер бұрын Каспий теңізінің жағалауынан қамыс шауып, оны мал азығына дайындап келгені белгілі. Алайда соңғы жылдары теңіз суы тартылып, қамыс та азайды. Енді ауыл тұрғындары көрші аудандардан қымбат бағасына келген шөпті алуға мәжбүр. Ал, Қайраттың қолға алған ісі сол қиындықты жеңілдетуге бағытталған.

– Мал ұстаған соң оның қыстық жем-шөбін тауып беру де үлкен жұмыс. Ол өз басымда бар жағдай және тек бір ауыл емес, бүкіл ауданға ортақ мәселе. Ал, астық тұқымдасына жататын күздік қара бидай негізінен техникалық мақсатқа пайдаланылады. Тез өседі, аязға төзімді, өнімді ерте көктемде көк балауса түрінде береді. Бұл дақылды Ақтөбеден, тракторды Оралдан, дәнді дақыл егетін арнайы тіркемені Қостанай облысынан алдырттым. Тек қыс қаһарына мініп, үсіріп жібермесе болғаны. Бұйырса, шамамен сәуір-мамыр айларында нәтижесін берсе, гектарына 100 орама шөп шығады деп болжап отырмын. Егер егін бітік шығып, жақсы өнім алсақ, ауылдастарым да осы әдіспен егін егуді бастағалы отыр, — дейді ол зор үмітпен.

Егіншілікті қолға алмас бұрын Қайрат біршама қиындықты бастан өткерген. Әуелі егінге қажетті жерді алу үшін үш жылдай әбігерге түскен. Жыл жарым уақыт аукционға қатысып, екі рет одан құлап, үшінші рет дегенде әупіріммен алғанын жасырған жоқ. Сөйте жүріп, уақытты босқа жоғалтпаған, қойын дәптеріне жазып жүрген келешек жоспарын мамандармен бөлісіп, пікірлесіпті.

Ал, түпкі мақсаты – агроорман шаруашылығымен айналысу, яғни ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығын біріктіру. Бұл тәжірибе Орта Азия елдеріне Қырғыз Республикасы арқылы енді ғана еніп келеді. Әуелі шөпті, сосын жеміс ағаштарын егуді жоспарлап отыр. Бұл – біздің жерге ең тиімдісі. Алайда бұл сала туралы жергілікті түсінік әлі қалыптаспаған. Көпшілігі тіптен түсінбейді, себебі осы ойын айтқан сайын Қайраттан «сонда орман өсірмексің бе?» деп сұрайтындар көп екен.

Қара бидай егуге Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрберген Өтегенов бірден қызығушылық танытқан. Шаруагердің тың бастамасын ести салысымен оны қабылдап, көмек көрсетуге әзір екенін жеткізіпті. Жерді тегістету үшін көмек сұраған тілегін орындап, жерінің тең жартысынан астамын аудандық мекемеге тиесілі трактормен күретіп берген. Бірақ әлі 40 пайыздай жер күрелмепті. Шаруагер сонда да Нұрберген Өтегеновке шексіз риза болып, алғысын жаудырды.

– Бәрін өзім бастадым, қасымда көмектесетін адам жоқ. Қызметкер алайын десем, жалақы төлеуге шамам келмей тұр. Сондықтан осындай көмектің өзі қуантады, — дейді Қайрат.

Алдағы уақытта субсидия арқылы ескі болса да, трактор мен барлық қажетті техниканы алуды ойлап жүрген оған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қуандық Мағазов та субсидиямен көмектесуге әзір екенін айтып хабарласыпты.

Қ.Шонановтың бастамасы өңірдің ауыл шаруашылығы саласында тың тәжірибе болмақ. Қазір оның жұмысын аудан әкімдігі де қолдап отыр. Шаруашылықты арнайы аралап та көрген. Өйткені, күзгі егіс науқанын бастаған шаруагер ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосып, мал азығын дайындау мәселесін шешуге бағытталған бастамасымен ерекше. Аудан бойынша қажетті 81,2 мың тонна мал азығының 73,4 мың тоннасы дайын, бұл – жалпы қажеттіліктің 90,4%-ы.

Қ.Шонановтың бұл бастамасы аудандағы әріптестеріне үлгі әрі үміт сыйлап, егіншілік кәсіптегі жетістігімен бірге, жергілікті аграрлық сектордың дамуына тың серпін береді. Оның қажырлы еңбегі мен тәуекелінің арқасында ауыл шаруашылығының дамуына жаңа бағыт ашылғалы тұр. Егер егін бітік шығып, шаруагердің үміті ақталса «Атырау облысында бидай өспейді» деген пікірді түбегейлі жоққа шығарары сөзсіз.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Исатай ауданы

Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button