
Нақты нәтижелер мен болашаққа сенім
Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін маман ретінде, соңғы жылдары мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың нақты нәтижесін күнделікті еңбегімізден көріп отырмыз.
2025 жылдың алғашқы жеті айындағы өсім – бұл жай ғана статистика емес, бұл – жердегі әрбір диқаның, малшының, қайта өңдеушінің еңбегінің нәтижесі. Мал және егін шаруашылығындағы тұрақты өсім, қайта өңдеу саласындағы қарқынды даму – АӨК-тің шын мәніндегі жаңғыруының айғағы.
Біз үшін ең маңыздысы – өндірісті кеңейтуге, заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін нақты құралдардың пайда болуы. Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы алу, айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несиелер – бұның бәрі шаруалар үшін үлкен демеу. Жылдық 5% және одан да төмен мөлшерлемелер – бұл бұрын-соңды болмаған тиімді шарттар.
«Ауыл аманаты», «Кең дала», «Агробизнес» бағдарламалары – әрқайсысы нақты мақсатқа бағытталған. Әсіресе өнімді қайта өңдеу ісіне көңіл бөлінуі бізді қуантады, өйткені бұл – қосымша құн, жаңа жұмыс орындары, ауылдағы өмір сапасының артуы деген сөз.
Бүгінде біз тек өнім өндіріп қана қоймай, оны сапалы өңдеп, ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа шығару бағытына да ден қоя бастадық. Мұның артында үлкен еңбектен бөлек, дұрыс құрылған мемлекеттік саясат пен тиімді қаржылық тетіктер тұр.
Мемлекеттің агросекторға жасап отырған қолдауы – ауылда еңбек етіп жатқан әрбір адамға үміт пен сенім береді. Бұл – тұрақты даму ғана емес, жаңғырту жолына нақты бетбұрыс.
Асқар МҰФТАХ,
Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары