Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Мәртебелі туды үш рет алған аудан

Сұрапыл соғыс жылдарында тылда да майдандағыша қайнаған жұмыс жүріп жатты. Гурьев облысының Новобогат (қазіргі Исатай) ауданындағы 30 ұжымшар 12 ауылдық кеңеске біріктірілген болатын. Оның 26-сы Нарын құмы аумағында төрт түлік өсірсе, 4-еуі Каспий теңізінен балық аулаумен айналысты. Аудан еңбекшілері Кеңес Одағы бойынша мал шаруашылығын өркендетуде алдыңғы қатардан көрініп, тарих бетіне жазылып қалды.

Мал өсіріп, егін еккен

1941 жылдың басында аудан шаруашылықтарында 21258 бас мал, 68 ферма болды. Сол жылдың аяғынан бастап, еркек кіндікті атаулы Армияға шақырылып, олардың орнын қыз-келіншектер мен жасы егде адамдар басты. Барлық жұмыс соғыс жағдайы талабына сай қайта ұйымдастырылды. Аудандық партия комитеті бюросының 1944 жылдың 12 қаңтарындағы №5 хаттамасында еңбекшілердің 79 пайызы әйел екені, тек «Қызыл балық» ұжымшарында ғана еңбеккүн табатын 894 әйел жұмыс істейтіні көрсетілген.

Аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Қожық Қазиевтің еңбек рапортында: «Новобогат ауданының колхоздары 1941 жылдың мемлекеттік мал өсіру жоспарларын 9 айдың ішінде барлық түрінен артығымен орындады. Аудан бойынша өнім тапсыру жоспары еттен – 102 пайыз, май мен брынзадан – 100, жүннен – 119 пайыз жүзеге асты», — деп жазды.

Бұл жылы шаруашылықтардағы қой фермаларын толықтыру үшін Есбол ауданынан 4080 бас қой сатып алынған. Фермалардағы сауын малдары да көбейтіліп, жергілікті мал сапасын жақсарту үшін асыл тұқымды айғыр, бұқа, қошқар сатып алына бастапты.

Облыстық партия және атқару комитеттерінің облыстық газеттердегі Құрмет тақтасына 1942 жылдың 7 айының қорытындысымен барлық мал түрінен жоспарын орындағандар қатарында Новобогат ауданынан Амангелді, Чапаев, Чкалов, Фурманов атындағы және «Социалистік жол» колхоздары жазылды. Сондай-ақ осы тақтада амангелділік үш озат – жылқышы Сүйіндіков, сауыншылар Қайша Аманғалиева мен Тайша Стамғазиеваның есімдері көрініс тапқан.

Мал өсіру жем-шөп қорына байланысты болғандықтан пішен дайындауға маңыз берілді. 1942 жылы науқанға қатысқан 644 адам қыркүйектің ортасында жоспарды 1,5 есе орындаса, 1943 жылы 25000 гектар шабындық жерден шөп дайындау жоспарланып, шілдеде екпінді айлыққа байланысты бұл жұмысқа 2810 адам, 700 жұмыс көлігі, 1600 қол орақ, 20 машина жұмылдырылады.

1943 жыл зор еңбек өрлеуін ала келді. Қазақстан бойынша 6 мыңнан астам колхозшы И.Сталинге хат жазып, майдан үшін, Жеңіс үшін жоғары міндеттеме қабылдады. Хатқа қол қойғандардың арасында новобогаттық алдыңғы қатарлы ондаған колхозшы бар еді. Осы жылы барлық түлік түрі бойынша мал өсіру жоспарын артық орындағаны үшін Новобогат ауданы облыстық кеңес атқару комитеті мен облыстың Ауыспалы Қызыл туына ие болды, одан кейін бұл ту ауданға екінші рет қалдырылды.

«Аудан бойынша 8 тамызда контрактация есебімен сиыр малының мемлекеттік жоспары 106 пайыз, міндеттеме 100 пайыз, қой-ешкіден жоспар 120 пайыз, міндеттеме 114 пайыз, жылқыдан жоспар 104 пайыз, міндеттеме 102 пайыз, түйе малының жоспары 106, міндеттеме 106 пайыз орындалды. Мемлекеттік жоспарды 9 колхоз, міндеттемені 22 колхоз орындады. Жоспар орындауда Забурын (төрағасы Р.Жүнісбаев), Новобогат (Е.Мамаев), Манаш (Б.Бозтаев) ауылдық кеңестері үздік шықты», — деп көрсетілген облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің 1943 жылдың 14 тамызында шыққан №166 санында.

Алғашқы өндірісшілердің бірі Ж.Иманғалиев басқарған аудандық өндіріс комбинаты облыстың жергілікті кәсіпорындарының арасында үздік танылды. Комбинат цехтары мен шеберханаларында жұмыс екі ауысыммен ұйымдастырылып, темірден, ағаштан, жүн-тері мен мақта-матадан шаруашылыққа қажетті құрал-жабдық жасау және жөндеу, түрлі тұрмыстық бұйым шығару, киімдер, аяқ киімдер тігу, жөндеу, сабын жасау, тері илеу, басқа да жұмыстар атқарылды. Тіпті, комбинаттың шағын мұнай айыру зауыты да болды. Құмда өсетін тал-теректен киіз үй жабдықтары, егістікті суару үшін шығыр жасалды. Майдандағы жауынгерлерге тон, байпақ, шинель тәрізді жылы киім тігілді. Комбинат жанынан құрылған балық аулау бригадасы өзектен балық аулады. «Жаңа жол» артелі көпшілік қолды тауарлар шығарды.

Тұрмыс күрделі болғанмен, 1943 жылдың аяғында аудан бойынша мал басы қабылдаған міндеттемемен салыстырғанда 5570 басқа, мемлекеттік жоспармен салыстырғанда 8550 басқа өсті. Мал өнімдерінің жоспары 1 қазанда толық орындалып, келер жылдың есебіне алдын ала ет, май, жүн тапсырылған.

Жоспардан артық төл алып, мал басын шығынсыз сақтаған колхозшыларды ынталандыруға көңіл бөлінді. 1944 жылы олардың қосымша еңбек ақысына 2584 бас мал, колхоз мүшелерінің еңбеккүніне 4000 бас мал бөлінді. Ал, жеке меншігінде малы жоқ колхозшыларды малдандыру міндетіне сәйкес, шаруашылықтарда мемлекеттік жоспардан тыс орындалған мал есебінен 1943 жылы аудан бойынша малсыз колхозшыларға 452 бас қой, 150 бас сиыр, 1944 жылы 1800 бас мал берілген. Көмек ең алдымен жауынгерлердің отбасыларына, соғыс мүгедектері мен жағдайы төмен колхозшыларға бағытталды.

Балық – майданға!

Каспий теңізінің жағалауындағы елді мекендерде балықшы колхоздары отырған. Олар жазда қайықпен, қыста мұз үстінде ат-шанамен балық жоспарын орындап тұрды. Желтоқсан айының ортасынан қаңтардың ортасына дейін итбалық аулады.

Амангелді атындағы ұжымшардың төрағасы Ж.Бермағамбетов өз естелігінде 1941 жылы жазда ұжымшарда 75-80 реюшка, 5 подчалка, 15 стойка, құрама ауы болғанын, балықшылар әуелі бригадаға, кейін звеноға бөлініп балық аулағанын, жыл сайын ұжым экономикасы мен мүшелерінің саны арта бастағанын келтіреді. Сол жылы шаруашылықта балық аулау маусымына 350 адам қатысса, кейін екі есе көбейген.

Бастапқыда балықшылар майданнан бронмен қалдырылды. 1942 жылы балық аулау жұмысында Забурын ауылдық кеңесіндегі «Социалистік жол» ұжымшарында 90, Амангелді атындағы шаруашылықта 85 звено болып, балық аулау көлемі артты.

Теңізден балық аулаушылар табиғат дүлейлері туғызған қауіп-қатерді басынан кешті. Естеліктердің бірінде былай деп жазылған: «…1942 жылдың қысы. Атаман Қабды Жаналиев бастаған итбалық аулайтын оншақты балықшыдан құралған топ мұз жарылып, ығысқа түседі. Алтыншы күн, олардың отыны мен тамағы таусылған. Шанаға жегіп жүрген екі аттың бірін сойып, азық етуді ойлады. Жетінші күні сәске түс мезгілінде ұшақтың даусы естілгенге бәрі қуанғанмен, ол жақындап келгенде екі қанатының астындағы фашистердің белгісін көреді. Ұшақ шүйіліп келіп, атқылай бастайды. Торы төбел жан ұшыра шыңғырып, сең үстіне ұшып түседі, бір балықшының оң қолына оқ тиеді. Оғы біткен болуы керек, ұшақ  кері айналып, балықшылардан ұзай береді…

balyq

Он бірінші күн. Бір-бір кесім шикі етті ауыздарына салып, сөлін ғана жұтып реңі қашқан, уайым кірген балықшылар алыстан ұшақтың сұлбасын көреді. Дәл үстеріне келгенде ұшақтан лақтырған қапшық тәрізді қара домалақ құлдилап, мұз бетіне түседі. Қапшықтың аузын ашқанда алдымен бір бет қағаз шығады, «Жайық-Каспий» теңіз аңдарын аулау тресінен екен. Хатта сең үстіндегі балықшыларды құтқаруға Баку, Астрахан авиаторларынан көмек сұрап жатқандарын айтыпты және қапшыққа азық салынған. Келесі күні гидроұшақ келіп, су үстіне қонып, балықшыларды жақын жердегі Бозашы түбегіне аман-есен жеткізеді…».

Балықшы ұжымдар арасында стахановтық қозғалыс кеңінен өрістеді. 1939 жылы Манаш ауылындағы «Қызыл балық» колхозында 65 стахановшы болыпты. Балық аулау жұмысында ерлермен бірге әйелдер де жүрді. 1941 жылдың күзгі маусымында «Социалистік жол» ұжымшарында жұмыс істеген 47 әйелдің саны кейін көбейген.

1942 жылы аудан балықшылары жоспардан тыс 42 мың тонна балық тапсырды. Ал, 1943 жылы 61716 центнердің орнына 83801 центнер балық аулап, жоспарды 135,8 пайызға орындады, оның ішінде  қызылбалықтықтар жоспардағы 18 мың центнердің орнына 26 мың центнер балық аулады.

Соғыс жылдары Якутия мен Саха жерінде балық кәсіпшіліктері, колхоздар құрылғанмен жұмыс күші жетіспей, әрі жергілікті тұрғындар бұрын бұл іспен шұғылданбағандықтан Балық өнеркәсібі халық комиссариатының бұйрығымен 1942 жылы наурызда Астрахан мен Гурьевтің байырғы балықшылары көмекке жіберілді. Олардың санатында ондаған новобогаттық балықшы да бар еді. Гурьевтік балықшылар Солтүстік мұзды мұхиттың Лена өзеніне жақын жерінен балық аулап, Якут балық тресіне жеткізіп тұрған. Усть-Янск аупарткомының хатшысы В.С.Абрамовтың жерлестеріміздің Саха жерінде еткен еңбегіне ризашылық білдірген ресми хаты архив қорында сақтаулы.

Өзгенің жағдайын ойлап…

Отан қорғау қорын жасақтау жөніндегі халықтық қозғалысқа новобогаттықтар да қосылды. Ай сайын бір күндік жалақысын, жексенбіліктер ұйымдастырып, одан түскен қаражат пен күміс сақина, білезік, ілгек секілді қымбат бұйымдарын, жекеменшік малын берді. Балықшылар ең көп тапқан табысынан бір күндік жалақысы есебінен бір айда қызылбалықтықтар 2000 сом, жаңаталаптықтар 700 сом қаржы берді. «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасақтауға аудан бойынша 3 миллион сом ақшалай көмек көрсетілді. Колхозшылар Әжіғали Құрманбаев, Ізғали Сәрсенов, колхоз төрағасы Қ.Құрмашев, балықшылар кооперативінің төрағасы Ж.Рахметов көп мөлшерде ақшалай көмек бергені үшін Жоғарғы Бас Қолбасшы И.Сталиннің Алғысын алды.

Аудан еңбекшілері атынан аудан басшылары Мадияр Қостанбаев пен Қожық Қазиев 1942 жылы Сталинградтағы майдангерлерге арнайы хат жолдап, неміс басқыншыларынан қаланы азат етудегі жеңісімен құттықтады. Хатта 50 жәшік азық-түлік, Қызыл Армияның 25 жылдығына сыйлыққа 9 тоннадан астам ет, 1,5 тонна кондитер тағамдарын, 2 центнерден астам бекіре балығы, басқа өнімдер дайындап жатқаны жазылған. Айбас ауылының еңбекшілері 1500 сом жинап берсе, осы көлемдегі қаржылай көмекті ондаған ұжымшарлар мен мектептер көрсетті. Ал, «Социалистік жол» және Амангелді атындағы ұжымшарлардың еңбекшілері Ленинградты қорғаушыларға хат арқылы ыстық сәлем жолдап, оларға Каспий теңізінің бағалы 25 тонна сельд балығын сыйлыққа жіберген.

Сталинград  майданы үшін қару-жарақ, оқ-дәрі, соғыс техникалары мен азық-түлік жеткізу мақсатында 1942 жылы күзде шұғыл түрде «Гурьев-Астрахан» (Досанг) теміржол құрылысы басталғанда жүздеген новобогаттық ат-көліктерімен бірге қатысты. Аудан аумағындағы құрылыс Забурын, Манаш және Новобогат учаскелеріне бөлініп, адамдар азық-түлік пен жылы киім тапшылығына қарамастан қыста жеркепе, киіз үйлерде тұрып, жолдың табанына топырақ төседі. Исатай аудандық архивінің қорындағы мәліметке қарағанда, осы жобаға ауданнан қатысқан 15 пен 55-56 жас аралығындағы 98 адамның 73-і әйел, 25-і ер екен.

1941-1942 жылдары неміс оккупанттары басып алған Ресейдің аудандарынан Гурьев облысына көшірілген мал Новобогат ауданына да бөлініп берілді. Келген қой мен сиыр ұжымшар фермаларында ерекше бақылауда бағылды. 1943 жылдың жазында азат етілген аймақтарға эвакуацияланған малды кері қайтару ұйымдастырылғанда 11 қой қорасы, 8 сиыр қорасы есебімен төлімен қоса 1655 бас мал айдап апарылып, актпен тапсырылды. Бабандағы «Жаңаталап», Молотов атындағы, Манаштағы «Қызыл балық», Жанбайдағы «Бірлік туы» ұжымшарлары бұл істі мінсіз орындады.

Аудан мал шаруашылығын өркендетумен бірге атты әскер құрамына ат дайындауға да үлес қосты. Бөлінген жылқы арнайы нұсқаулыққа сай бағылып, әр тоқсан сайын тексеріліп тұрды. Дайындалған жылқы комиссиямен қабылданып, Гурьев, Доссор станцияларынан вагонмен майданға жіберілді. Тек «Қызыл балық» ұжымшарының өзі соғыстың алдыңғы үш жылында Армияға 450 сәйгүлік дайындап берді. Әсіресе теңіз жағасындағы «Жаңаталап» пен Амангелді атындағы шаруашылықтар дайындаған жылқылар жақсы бағаланды.

Республика колхозшыларына Үндеу

Озат малшылардың аудандық мәслихатында еңбекшілердің 1944 жылға жоғары міндеттемесі негізінде мал шаруашылығын өркендету жолында социалистік жарысты одан әрі өрістету жөнінде республика колхозшылары мен колхозшы әйелдеріне арнаған Үндеуі қабылданды. 47 адам қол қойған Үндеу облыстық партия комитетінің пленумында мақұлданып, облыстық газеттердің сол жылдың 30 қаңтарындағы номерінде жарияланды. Облыстың барлық ұжымшарлары Үндеуді бірауыздан қолдап, жауап ретінде көтеріңкі міндеттемелер қабылдады. Ауданның 82 бастауыш партия ұйымы, 46 комсомол ұйымы және 30 ұжымшардың жалпы жиналыстарында Үндеу талқыланып, алғашқы күннен жұмыс қарқын алды. Ай, тоқсан сайын міндеттеменің орындалуы ауылдық кеңестің сессиясында, колхозшылардың жалпы жиналысында қаралып отырды.

Табысқа жетудің шешуші кезеңі – төл алуға малшылар жан-жақты әзірленді. «Бірлік туы», «Алға шық», Чкалов, К.Маркс, Молотов атындағы ұжымшарлар малдан шығын бермей, қыстақты ойдағыдай аяқтады. Айбас ауылындағы екі шаруашылық – Чкалов атындағы ұжымшар сиырды 761, қой-ешкіні 3445, жылқыны 213, түйені 12 басқа, «Жаңа тұрмыс» ұжымшары сиырды 671, қой-ешкіні 2091, жылқыны 91, түйені 27 басқа жеткізіп, уәдеден шықты. Өзара жарысқа түскен екеуі брынза, сүт, май, жүннен жылдық жоспарын ерте орындады. Чкаловтықтар ауданның Ауыспалы Қызыл туын үш ай бойы қолдан түсірмей, алты айлықтың қорытындысымен бұл ту Мыңтөбедегі «Алға шыққа» берген. Фермалар арасындағы жарыста «Қорық» ұжымшарының сиыр фермасы міндеттемедегі 660 сиырдың орнына 700 сиырға жеткізіп, 164 сиырдан 164 бұзау алды. Он бір айда әр сауын сиырдан орта есеппен 782 литр сүт өндірді. «Комсомол жолы» ұжымшарының қой фермасы 347 саулықтан 405 қозы, 102 саулық ешкіден 140 лақ алып, аман өсірді.

Мал шаруашылығын өркендету жөніндегі республикалық жарыстың бес айлық қорытындысымен малдың барлық түрінен мемлекетік жоспарды асыра орындаған Новобогат ауданына (басқа облыстардан тағы үш аудан бар) Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Ауыспалы Қызыл туы мен ақшалай сыйлығы берілді. Озаттар қатарында Елтай, «Алға шық», «Қорық», «Жаңа тұрмыс», Чкалов, Молотов, Фурманов атындағы шаруашылықтар сегіз айдың қорытындысымен облыстың Құрмет тақтасына жазылды.

Соғыс жағдайында жергілікті тамақ қорын толықтыру үшін ұжымшарлар құмда құмаршық шығатын учаскелерде құмаршық дәнін жинауды ұйымдастырып, ақтөбелік тары өсіруші Шығанақ Берсиевтің тәжірибесі негізінде дәнді дақылдар егуді қолға алды. 1943 жылы аудан шаруашылықтары дәнді дақыл егіп, одан 13 мың пұт өнім алды. Кейінгі жылдары егістік көлемі 500 гектарға жетті. Новобогат кенттік кеңесінің Ақкүтір учаскесінде Боқсақ өзегінің екі бетінен аудан ұжымшарлары тары, басқа да дақылдар екті. 1944 жылғы 21 наурызда өткен аупарткомның бюро мәжілісінің хаттамасында көктемгі егіске әзірлену жөнінде жарияланған майдандық онкүндіктің қорытындысында шаруашылықтарда 31 тырма жөнделіп, жаңадан 237 күрек, 43 түйе, 44 ат және 62 өгіз қамыты, 12 шығыр, 117 шығыр шелегі, басқа да құрал-сайман жасалғаны, науқан кезінде егіншілерге жағдай жасау үшін төрт-бес жерде ұжымшарлардың күшімен балалар алаңы мен балалар үйін ашу тапсырылуы егіске маңыз берілгенін байқатады. Соның нәтижесінде әр гектардан 8-12 центнерден өнім алынып, мемлекетке астық және көкөніс тапсыру жоспарын толық орындаған облыстың алдыңғы қатарлы шаруашылықтары қатарында Новобогат ауданынан үш ұжымшар, оннан аса егіс бригадасы мен звено облыстың Құрмет тақтасына енгізілді.

Бастамашы ауданға күзге қарай орталықтан қуанышты хабар жетті. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен мал шаруашылығын өркендету жөніндегі Бүкілодақтық социалистік жарыстың 1944 жылдың 9 айының қорытындысымен озат деп танылған Гурьев облысына және Новобогат ауданына Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Ауыспалы Қызыл туы берілді. Одақ бойынша 15 ауданның бірі боп жеңіп алған мәртебелі Ту ауданға 1944 жылдың 31 желтоқсаны күні аудан орталығы – Новобогат кентіндегі клубта озат малшылардың аудандық мәслихатында салтанатты жағдайда тапсырылды. Аупартком хатшысы М.Қостанбаев аудан Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің мал шаруашылығы жөніндегі Ауыспалы Қызыл Туын екі рет жеңіп алғанын, енді Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туының берілуі аудан өміріндегі зор оқиға екенін, бұл  бұрынғыдан да жігерлі жұмыс істеуді міндеттейтінін айтты.

Соның айғағындай, аудан еңбекшілері жыл аяғында мүйізді ірі қараны 24 пайызға, ұсақ жандықты 43, жылқыны 23 және түйені 10 пайызға өсірді. Мемлекеттік жоспардан артық 13 мыңнан астам мал өсірілді. Әр жүз аналықтан 94 бұзау, 111 қозы-лақ, 99 құлын, 31 бота алынды. Облыс бойынша сүт сауу жоспарын тек Новобогат ауданы орындады. Осылайша, 1944 жылдың қорытындысымен Бүкілодақтық жарыста үздік шыққан Новобогат ауданына Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Ауыспалы Қызыл Туы екінші мәрте берілді. Ал, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Ауыспалы Қызыл туын үшінші рет жеңіп алды. Аудан қос туды 1945 жылдың 11 сәуірінде қабылдап алды.

1945 жылды новобогаттықтар Қазақ КСР-інің құрылуына 25 жыл толуын лайықты қарсылау жолында жаңа меже белгілеп, көршілес Теңіз ауданымен өзара жарысқа түсуден бастады. Республика мерекесіне орай облыстың Құрмет тақтасына мал басын өсіру жоспарын асыра орындаған «Жаңа тұрмыс», Молотов, Фурманов атындағы ұжымшарлар мен 4 ферма енгізілді. Облыс шаруашылықтары арасында «Алға шық» ұжымшары 1945 жылдың қорытындысымен облыстың Қызыл туына ие болды.

Облыстағы 9 ауданның бесеуінің бірі болып, Новобогат ауданы барлық мал түрінен 1945 жылға алған міндеттемесін 1 тамызда толық орындап шықты. Мал өнімдері межесі де асыра орындалды. Жеңіс тойын тойлап жатқан құмдағы малшылар мен теңіз жағасындағы балықшыларды тағы бір хабар қуантты. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің 1945 жылдың 1 тамызындағы №1955 Жарлығымен мал шаруашылығын өркендетуде жеткен табыстары үшін Новобогат ауданы үшінші рет Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Ауыспалы Қызыл туымен марапатталды.

Тылдағы тарландар

Мың жарым жылқысы бар Мыңтөбедегі жылқы фермасына меңгеруші болған комсомол мүшесі Шипа Шұғайыпова көздегенін алып түсетін алғыр қыранға ұқсайтын. Ферма 415 биеден 413 құлын алып, оны шығынсыз сақтап, облыстың алдыңғы қатарлы фермасына айналды. Шипаның Қызыл Армияның атты әскер құрамына дайындаған аттарын құм жолымен айдап, Жайық өзенінен өткізіп, Доссор станциясында вагонға тиеп, майданға жөнелткен кездерінің өзі бөлек әңгіме. Осындай ерен еңбегі үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.

Ат құлағында ойнаған, қарауындағы 24 биеден 24 құлын алған «Жаңаталап» ұжымшарының аға жылқышысы Бағилаш Дабылова да Шипадан қалысқан жоқ, есімдері облыс мінбелерінен қатар аталды. Екеуі де Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қызыл туы алғаш берілгенде оны қабылдап алу үшін делегация құрамында Алматыға барды.

Ерлерін майданға аттандырып, тылда ширыққан әйелдер намысты қолдан берген жоқ. Атап айтсақ, Фурманов атындағы ұжымшардың сауыншысы Злиха Қасымова 1942 жылы бекітіліп берілген 14 сиырдан сүт сауу жоспарын 2,5 есе орындаса, 1944 жылы 15 сиырдан 15 бұзау алып, әр сиырдан 650 литрдің орнына 917 литр сүт сауды. Бақташы Ысмағұлова бірде-бір мал шығын бермей, күйлі күтіп бақты. К.Маркс атындағы шаруашылықтың сиыр фермасының бастығы Мақтым Оспанова 236 сиырдан 236 бұзау алып, аман сақтады, сүт тапсыру межесіне 8 айдың ішінде қол жеткізді. Күйеуі соғыста хабар-ошарсыз кеткен Мақтым кейін ауылдық кеңестің төрағалығына сайланды. Сауыншылар Жәмила Алмағамбетова, Ағиба Қажбенова, Қалы Бірәлиева, Зурия Борасынова, Тәнзила Жұмашевалар стахановшы атанды.

Айта берсе, мұндай майталмандар көп-ақ. Ешкім де уақытпен санаспай, Жеңісті жақындатуға барынша атсалысты. Қариялар егде тартқанына қарамастан құдық та қазды. Сақман кезінде ұйқыны ұмытып, түнімен мал қораны күзетті. Нәтижесінде мал басы еселеп өсті. Даңқы алысқа тараған ауданнан тыл озаттарының жүздеп шығуы заңды. Бірақ бұл жазбада олардың кейбіреуі ғана аталды.

Соғыс жылдарында төрт түлік өсіруді өркендету ісіне қосқан еңбегі үшін 19 адам мемлекеттік орден-медальдармен марапатталып, 63 адам Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына ие болды. Новобогат аудандық кеңесі атқару комитетінің 1945 жылғы 26 желтоқсандағы мәжілісінің хаттамасында «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін» медаліне ауданның 23 ұжымшарынан 4000-ға жуық адам ұсынылған. 1947 жылдың қорытындысымен жылқыны үйірлеп бағып, құлынды көп алғаны үшін 8 жылқышы «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды.

* * *

Аудан басшыларының 1944 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне жолдаған есепті жазбасында көрсетілгендей, аудан бойынша 1943 жылдың 1 қаңтарына 13395 бас мүйізді ірі қара, 29043 бас қой, 6324 жылқы және 1292 бас түйе болса, тура бір жылдан соң мүйізді ірі қара 17282 бас, қой 40322, жылқы 7138 және түйе 1494 басқа жеткен.

Демек қиындыққа қарамастан соғыс жылдарында аудан бойынша мал саны 2,5 есеге өсіп, 1945 жылы мал саны 70 мың басқа, ферма саны 98-ге жетті. Осы жылдың аяғында төрт балықшы колхозынан мал өмірумен айналысатын 4 жаңа ұжымшар («Қарабатыр», «Родина», «ІІІ Интернационал», «Қазақстанның 25 жылдығы») құрылып, ауданда барлығы 34 шаруашылық болды.

Ал, үш рет иеленіп, мәңгі сақтауға қалдырылған Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің мәртебелі Қызыл туы – аға ұрпақтың тылдағы ерен еңбегінің куәсі. Ол бүгінде Исатай аудандық музейінің құнды жәдігерлерінің бірі.

Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы

Исатай ауданы

               

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button