Махамбетте 68 мың тоннаға жуық пішен дайындалады
Жылдың алғашқы алты айын махамбеттіктер қандай табыстармен қорытындылады? Неге қол жеткізді, неден кейін қалды, алдағы мерзімге белгіленген меже қандай? Бұл туралы Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың өңірдің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, алдағы міндеттерді саралаған баяндамасында егжей-тегжейлі айтылды.
Аудан экономикасының өркендеуіне ауыл шаруашылығының алар орны айрықша. Алдымен атакәсіпке тоқталсақ, шілде айының басындағы есеп бойынша, төрт түліктен де мал басының өсіміне қол жеткізілді. 2024-2025 жылдары қыстаққа түсетін малдың саны 34 мыңнан асса, оған қажетті ірі сабақты шөптің көлемі 68 мың тоннадан асып жығылады. Былтырдан қалған қорды есепке алғанда, биыл дайындалуға тиісті пішеннің нақты көлемі 67 720 тоннаға жуықтайды.
Көктемгі су тасқынының салдарынан келген қиындықтарға қарамастан, егін шаруашылығы да ауданның табысты дамуында елеулі үлесін қосты. Тоқсанға тарта шаруашылық құрылысы мен жеке секторда жалпы аумағы 1 900 гектарға жуық алқапқа егін (картоп, көкөніс, бақша, малазықтық дақылдар) егілді. Жиын-терім науқаны басталғалы бері игерілген 53 гектар егіндіктен 1 100 тонна бақша және 945 тонна көкөніс өнімдері жинап алынды.
Кәсіпкерліктің өрісі кеңейіп, «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие корпорациясы арқылы егін мен мал шаруашылығымен айналысатын 4 бизнес субъектісіне 119 млн. теңге сомасында несие берілген. Сол сияқты, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға бюджеттен 239,3 млн. теңге қаржы бағытталған. Бұған 30 өтінім қаржыландырылған.
–Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 12,8 млрд. теңгеге шамалап, нақты көлем индексі 37,4 пайызды құрады. Аудан орталығында 60 пәтерлік 3 қатарлы бір және 36 пәтерлік үш тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Сәйкесінше, осы нысандардың аумағын абаттандыру мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар жүргізу жобасын әзірлеу шаралары қолға алынды. Өңірдегі бірнеше ауылда ескірген электр желілерін жаңғырту, жазғы су мен ауыз су, газ құбырын тарту, көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жалғасын тауып отыр. Елді мекендерді көркейту-көгалдандыруға, санитарлық тазалығын сақтауға, жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылып, бұл бағыттарда жүзеге асырылуы жоспарланған шаралар аз емес, — деді Қайрат Есқабылұлы.
Аудан әкімінің есебінде баяндалғанындай, жұмыссыздықтың деңгейін төмендету, әлеуметтік қорғау, білім беру, мәдениет, спорт, құқық қорғау, басқа да салаларда еншіленген табыстар мен қол жеткен жетістіктер, алдағы кезеңге бағдарланған іс-шаралар да баршылық.
Дәулетқали АРУЕВ
Сурет gov.kz