Тұқым себіліп, көшет отырғызылуда
Негізінен атакәсіп — мал шаруашылығымен айналысатын Исатай ауданында кейінгі кездері егіншілікке бетбұрыс байқалады.
Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қадыржан Ермұхановтың айтуынша, биыл өңірдегі егістік алқаптың аумағы 80 гектардан асырылып, оның басым бөлігіне (67 гектарына) малазықтық, 10 гектарына көкөніс және 6 гектарына бақша дақылдарын өсіру жоспарланыпты.
— Соның ішінде ірі сабақты шөптен бөлек, бұрын тәжірибеде қолданылған құнарлылығы мол көпжылдық екпелі шөп (беде мен жоңышқа) өсіру үрдісі қайта жаңғыртылуда.Табиғи су көздерінің тапшылығына байналысты тіршілік нәрін каналдан алуға дағдыланып, өзек жағалай қонған ел жыл сайын төрт түліктің басын көбейтіп қана қоймай, егіндіктің көлемін ұлғайтуға жұмыстануда, — дейді салалық бөлім басшысы.
Айта кету керек, егіншілікпен шұғылдануға ниетті шаруашылық құрылымдары жеке тұрғындарға ауылдық округ әкімдіктері тарапынан қолдау мен көмек те жоқ емес. Қажетіне қарай жер жыртатын және атыздарды соғып, су жүретін жүлгелерді реттейтін техникалармен жәрдемдесілетін көрінеді. Жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқыммен қамтамасыз ету жағынан да жеңілдіктер қарастырылыпты.
Қазіргі уақытта ауа райының қолайлы сәтін қалт жібермеуді мақсат тұтқан диқан қауымы өздерінің шағын жылыжайларында өсірген қияр мен қызанақтың көшеттерін алқаптарға отырғызуға кіріскен. Өзге дақылдар мен екпелі шөптердің тұқымдары да танаптарға себіле бастаған. Соған қарағанда, бұл күнде исатайлықтар да топырағы тұзды сортаң жерге егін салуға әбден машықтанып алғанға ұқсайды.
Дәулетқали АРУЕВ
Исатай ауданы