Кәсібінен нәсіп тапқандар
Жыл сайын қараша айының үшінші жексенбісі – Ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні ретінде атап өтіледі. Кәсіби мереке қарсаңында аймақтың аграрлық саласында атқарылған істерге шолу жасауды мақсат тұттық. Биыл облыстың ауыл шаруашылығы секторы үшін бұрынғылармен салыстырғанда айтарлықтай қиын да күрделі белес болғаны белгілі. Десек те, салада тілге тиек етерліктей жұмыстар мен жобалардың жүзеге асырылғанына да куәміз.
Кәсібінен нәсіп тапқандар
Махамбет ауданындағы «Дастан» шаруа қожалығының құрылғанына 20 жылдан астам уақыт болды. Тиімділігі жоғары тамшылатып суару технологиясын қолданудың арқасында егіннен жыл сайын мол өнім жинап келеді. Бастапқыда оны өткізуде көптеген қиындықтар кездесті. Әсіресе, көктемгі су тасқынының қолайсыздық туғызғаны шаруаны орасан зор шығынға батырғанын да білеміз.
Шаруа қожалығы егін өсіруге əбден машықтанғанымен малдың бағымын келістіре алған жоқ. Қуаңшылықтың салдарынан жайылым да тапшылық етіп, төрт түліктің өрісі тарылды. Ақыры, Тайсойған құмындағы Аққыстау мекеніне барып қоныс тепті.
– Осында келгелі бері шаруамыз да оңала бастады. Негізінен қазақы еділбай қойын бағуға жұмыстанғанбыз, нәтиже жаман емес. Қазір қажетімізге қарай сиыр да өсіріп отырмыз. Мал азығын да өз күшімізбен, қолда бар қуатты техникамен дайындаймыз. Жылдағыдай емес, биыл Ойыл өзеніне де су мол келді. Соның арқасында малдың өрісі кеңіп, жайылысы ұзарды. Ондаған жылдар бойына ылғал көрмеген дала мен сай-сала суға толды, бұл сөз жоқ, малдың да, жанның да ырысы. Әлімсақтан құтты да жайлы қоныс болған Күшік ата, Тәжіғұл ата, атақты Саркөлге де су кемерінен келіп, Бөлекаяқтың сорына құйды. Осы күзде 200 сиыр, сонша қой мен 50 бас жылқыны бордақыға қойдық, — дейді қожалық басшысы Қ.Ерманов.
Малшылар әзірге күздікте отыр, қыстаққа көшетін мезгіл де алыс емес. Шопандар қазір қора-қопсысын жөндеп, аула қоршауларын қалпына келтіруде. Даладан тойынып келген мал құрғақ жерде жатса, асты таза болса тез семіреді. Мұның өзі күйектің де нәтижелі өтіп, келер көктемде саулық отарынан дені сау әрі күткендегідей төл алынуына септігін тигізеді. Жылдағы дәстүрге сай биыл да қожалықтың бағымындағы ұсақ жандық маңызды науқанға сақадай сай. Қысқа жетерлік шөп шабылып, қыстақ басына жеткізілген. Қарлы, боранды күндері қатынастың қиындап, қолайсыз жағдайлардың туындайтыны ескеріліп, қуатты техникалар да әзірленген.
Тобықтай түйін
Ауқымды жұмыстардың көлеңкесінде жоспардың орындалуына кедергі келтіріп, кері әсерін тигізген жайлар да аз болмады. Жайық өзенінің арнасынан асып тасуының салдарынан облыста егін салу межеленген 10 825 гектар алқаптың 5 564,3 гектары немесе тең жартысынан астамы су астында қалған. Соның кесірінен егіс дақылдары отырғызылған егіндіктің аумағы небәрі 5 260,7 гектарды құрады. Әйткенмен, бар мүмкіндік пен резерв көздері жұмылдырылып, егіннен мейлінше мол, ысырапсыз өнім алуға күш жұмсалды, барлығы 137,2 мың тонна өнім алынды. Жиын-терім науқанына 600 адам, 450 ауыл шаруашылығы техникасы тартылды.
Дəулетқали АРУЕВ