Судың  жайын сушы  білер…

su 1 Ауыл шаруашылығы

Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын ел халқының саны да, экономикасы да өсіп келеді. Бұл – қалыпты құбылыс. 2040 жылдарға қарай елдегі су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан бұл мәселе атам қазақтың «Судың да сұрауы бар» деген нақыл сөзінің өзектілігін айқындап тұр.

Қазақстан – трансшекаралық су көздеріне тәуелді ел. Сондықтан, жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер. Бірақ біз көтеріп отырған бүгінгі мәселе «Үкімет қана жасасын» деп, өзгелер бейжай қарап отыратын тақырып емес. Сондықтан облыстық «ATYRAÝ  » қоғамдық-саяси газеті «AMANAT» партиясы облыстық филиалымен бірлесіп, бүгінгінің ең өзекті проблемасын көшпелі «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңына шығарды. Ашық әңгіме, тікелей диалог форматында ұйымдастырылған басқосуға өңірдегі судың жағдайына алаңдаулы шын жанашыр азаматтар қатысты.

Мемлекеттік қызмет және су шаруашылығының ардагері Бисен ҚУАНОВ, Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, партия ардагері Кеңес ҚОСЫБАЕВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің география, туризм және су ресурстары кафедрасының аға оқытушысы Арман ЖҰМАҒАЗИЕВ, мемлекеттік қызмет және ауыл шаруашылығының білікті маманы Жанкелді РАХМЕТҚАЛИЕВ, Оңтүстік-батыс өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Атырау облыстық филиалының ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Жәнібек АРАЛБАЕВ қатысқан пікірталас алаңын облыстық «ATYRAÝ  » қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек ҚОСШИЕВ жүргізіп отырды.

«TALQYLAU» диалог алаңы әлеуметтік желілерде тікелей эфирде де көрсетілді.

Н.Қосшиев:

– Су тапшылығы – әлемді көптен толғандырып отырған проблема. Әсіресе, Еуразия құрлығына қатар орналасқан Қазақстан үшін су ресурстары – өте өзекті мәселе. Сондықтан, ішкі су қорын үнемдеп пайдалану да өзіндік маңызға ие.

nenenn

Облыстық «Аtyraý» газетінің редакциясы бұл мәселені біраздан бері көтеріп келеді. 2020 жылдың қыркүйек айынан бастап, облыстағы шағын өзендердің мәселесі туралы «Ойыл-Қиыл-Жем-Сағыз» экологиялық жобасын жасақтап, Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетімен бірлесіп қолға алған еді. Көптеген түйінді мәселелер айтылып, бұрын-соңды қалың бұқараға беймәлім дерек-мағлұматтар белгілі болды.

Осы жобаның аясында қазір жұртшылыққа белгілі «Ойыл жанашырлары» қоғамдық қозғалысы құрылып, әлеуметтік желі арқылы танылмалдығы артты. Газет көтерген мәселелер облыстан сайланған Парламент депутаттарының қолдауымен ел Үкіметіне жетіп, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырау облысындағы шағын өзендердің негізінде бүкіл республика бойынша шағын өзендердің мәселесі жөнінде стратегиялық бағдарлама жасақтау жөнінде Үкіметке тапсырма берген еді. Бірақ, мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.

Ата-бабамыздан «Су бергеннің сауабы бар, су төккеннің жауабы бар» деген астарлы ғибрат сөз қалған. Соны негізге алған «Аtyraý» газетінің редакциясы «Сауап пен Жауап» атты тұрақты айдар ашып, бірнеше мақалалар топтамасын, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырып өткізіп келеді. Онда тұщы суды ысырапсыз тұтыну, су тарифі, Жайық өзенінің ахуалы, басқа да мәселелер сөз болды.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалымен бірлескен «TALQYLAU» диалог алаңының көшпелі түрде партия филиалында өтуі де сол ұстанымның бір айғағы.

Шыны керек, біздің толқынның өзінен кейінгі буынға қалдырған игілігі кемшін. Мысалы, қазір хан сарайындай бірнеше қабатты үйіміз бар, барлық жағдайы жасалған жайлы көлігіміз бар. Соның барлығын жуып-тазалайтын су болмаса, қандай материалдық құндылық та адамның қажетіне жарамайды.

Біз осы логиканы әлі күнге дейін санамызға сыйғыза алмай келеміз. Ең өкініштісі – сол!

Көптеген істерді келешек ұрпақ үшін әп-әсем тындыра отырып, олардың күнделікті тұрмысы үшін ең басты қажеттілік – суды тұтынуда өте көп ысырапшылдыққа жол беріп отырмыз. Кәсіпкерлік нысандары (көлік жуу, қоғамдық тамақтандыру, көгалдандыру, егістік алқаптары, т.б.) суды екінші рет пайдалану технологиясын айналымға енгізуге аса құлықты емес. Шынында, халық арасында суды шақтап пайдалану мәдениеті мүлдем жоқ. Біз қазір тек бүгінгімен, өзімізді ғана ойлап өмір сүріп жатырмыз. Қара басымыздың ғана қамын күйттеп, ұрпаққа аманат болып қалуы тиіс құндылықтарға құлақ аспай отырғанымыз рас. Соның салдарынан облыс аумағындағы Жайық, Қиғаш, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің ахуалы өте мүшкіл жағдайға жетіп отыр.

Сол себепті, қоғамдық диалог алаңына осы саланың тәжірибелі мамандарын жинап, тақырыпқа арнайы тоқталғанды жөн санадық.

Үкіметаралық комиссия жұмысы жанданса…

Б.Қуанов:

– Біз «су – тіршілік көзі», «сусыз өмір жоқ», «су – ұрпақ болашағы» деп жатамыз. Суды пайдаланбайтын сала жоқ. Ең бастысы, біз судың  қорғаушысы және сақтаушысы екенімізді ұмытпауымыз керек. Мемлекет басшысы 1990 жылдардың ортасынан бастап біресе Ауыл шаруашылығы министрлігінің, біресе Экология министрлігінің қарамағында болып, өгей баланың күнін кешіп жүрген су шаруашылығы саласының «дертінің» диагнозын дәл таба біліп, өз Жарлығымен республика Су ресурстары және ирригация министрлігін құрды. Өйткені, біз осы кезге дейін суды уысымыздан шығарып алдық, әлі де оған көзқарас бөлек. Ал біз  су шаруашылығы саласының қызметкерлері ретінде бұл жаңалыққа қуанып жатырмыз.

kuanov

Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары Жайық-Каспий гидрографикалық су бассейнінің аумағында орналасқан. Жайық-Каспий бассейні Қазақстандағы 8 бассейннің ішіндегі ең күрделі, су қоры жеткіліксіз, проблемалары баршылық бассейндердің бірі. Бұл бассейндегі өзендердің сулылығы негізінен климаттық факторларға, яғни қыста қардың, жазда жауын-шашынның мөлшеріне тікелей байланысты.

Жайық-Каспий бассейніндегі 10 қала, 33 аудан және 1063 елді мекенде 3 миллионға жуық адам тұрады. Оның аумағында жалпы ұзындығы 14133 шақырым  болатын ірілі-ұсақты 172 өзен бар. Пайдалы су көлемі 1,5 миллиард текше метр болатын су қоймалары мен бөгеттер орналасқан.

Жайық-Каспийдің негізгі ерекшелігі мен проблемасы – бассейн суының 77 пайызы Ресей жерінен ағып келеді. Жалпы көрші елде өзендердің жергілікті ағысын 50 пайызға дейін реттейтін, суды ұстап жинақтайтын 315 тоған мен су қоймасы бар. Осыған байланысты Ресей мен Қазақстан Үкіметтері, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері мен көршілес Астрахан, Волгоград, Саратов, Орынбор және Челябі облыстарының губернаторлары мен Башқұртстан Республикасының басшылары арасында тығыз байланыс орнатылуы қажет. Бұл бағытта біршама жұмыс атқарылып та жатыр. Алайда, өмір сүру мәселесі бойынша бүгінгі қатынастардың жеткіліксіздігін көрсетіп отыр.

Жайық өзенінің проблемасы әсіресе Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің көбірек араласуын қажет етеді. Күні бүгін Жайық-Каспий бассейні бойынша мемлекет басшысының Жолдауында айтылған су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу және қорғау бағытында бірқатар шараларды қолға алу қажет.

Н.Қосшиев:

– Деректерге сүйенсек, соңғы он шақты жылда Жайықтың су қоры көпжылдық орташа көрсеткіштен, яғни 9,46 миллиард текше метрден 2 есе азайып кеткен. Су саласындағы сарапшылардың айтуынша, мұндай тенденция 2030 жылға дейін созылуы мүмкін. Осыған байланысты қандай ұсыныстар бар?

Б.Қуанов:

– Біріншіден, трансшекаралық Жайық өзенінің суын бірлесіп пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының жұмысын жандандыру қажет. Оның жұмысына Қазақстан Үкіметі тарапынан басшылық жасайтын лауазымды тұлғаның статусын республика Су ресурстары және ирригация министрі деңгейіне дейін көтеру қажет. Министр бір-екі рет комиссия  жұмысына қатысса, оның басқа жұмыстары ақсай қоймас.

Екіншіден, Үкіметаралық комиссия жұмысына Башқұртстан Республикасының су мәселесімен айналысатын министрін қатыстыруды Ресей Үкіметінен талап ету керек. Үшіншіден, Үкіметаралық комиссия жұмысына Ақтөбе  облысы әкімінің және Орынбор қаласы губернаторының экология мәселесімен айналысатын орынбасарларын қатыстыру. Қалай десе де мәселеде Үкіметаралық комиссия жұмысын алға қою маңызды.

Облысаралық су бөлу мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс. Ақтөбе облысы аумағындағы Мұғалжар тауларынан Атырау жеріне Жем, Ойыл, Сағыз өзендері ағып келеді. Егін мен мал шаруашылығын дамыту үшін Ақтөбе облысы осы өзендердің бойындағы көптеген бөгеттер мен су қоймаларында көбірек су ұстап, өзеннің төменгі ағысында да елді мекендер бар екенін ескере бермейді. Атырау облысының Қызылқоға, Жылыой аудандары елді мекендерінің, аудан орталықтары Миялы селосы мен Құлсары қаласын қоса есептегенде әлеуметтік-экономикалық дамуы, экологиялық жағдайы осы өзендердегі су көлемі мен ағысына тәуелді. Күні бүгін ретсіз және есепсіз салынған қоймалар мен бөгеттердің салдарынан жазды күндері өзен суы аяғына дейін жетпей жатады. Ойыл өзенінің суы Тайсойған құмына жетпегендіктен Қызылқоға ауданының халқы пайдаланып отырған Тайсойған жерасты суы ашып, тартылып, ішуге жарамсыз бола бастады. Осыған байланысты ел Үкіметінің қаулысымен немесе Су ресурстары және ирригация министрінің бұйрығымен арнайы техника-экономикалық негіздеме жасақтау арқылы Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің суын Ақтөбе, Атырау облыстары бойынша тиісті үлесін анықтап, заңды түрде бөліп беру керек деген ұсынысым бар. Бұл облыс әкімдіктері үшін өз үлесі көлемінде есеп жасап, қажет бөгеттерді қалдырып, артығын өз еркімен бұзуға негіз болар еді. Осылайша ішкі мүмкіндіктерді реттеп отырған жөн.

Облысаралық су бөлісу мәселесі, облыс ішіндегі су проблемаларын шешіп, жерасты суларын пайдалану және Жайық-Каспий бассейнінде су ресурстарын пайдалануды реттеу мен қорғау жұмыстарын жолға қою  қажет.

К.Қосыбаев:

– Жер бетіндегі жалпы табиғат байлығы азайып барады. Соның ішінде су тапшылығы ең өзекті мәселенің қатарына шықты. Мемлекет басшысы бұл тақырыпты өз Жолдауында атап айтып, арнайы министрлік те құрды. Енді осы салада мамандар қалыптасып, білімін шыңдайды. Құзырлы ведомстволар тарапынан мәселенің алдын алудың жолдары айтылып, жазыла да береді. Ал, халыққа мәселені егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Табиғаттың бізге берген байлығын қазірден бастап қорғау маңызды. Егін, бау-бақша жұмыстарында тамшылатып суару әдісін кеңірек қолдану керек. Облыстағы барлығы 34-35 бақша өсіруші Жайықтан күн сайын сорғымен су алады. Бұл дұрыс емес, керісінше суды үнемдеу керек.

qosybaev

Республикада үш мұнай зауыты жұмыс жасап тұр. Мұның барлығы суды пайдаланып жатыр. Теңіз астынан мұнай өндіреміз деп, судың жайына ден қойылмайтын болды. Ал, сусыз өмірді елестету тіптен қорқынышты. Сондықтан, шетелдіктер суды үнемдеу уақыт талабы екенін әлдеқашан ойлап, жолға қойған. Мәселен, шетелдерде таңертең аузын бір стакан сумен ғана жуып, шаяды. Сонда су ысырап болмайды. Ал бізде қалай? Үйдегі су таңнан кешке дейін есепсіз сарқырап ағып жатыр. Мұндай үрдіспен 2040 жыл емес, 2030 жылдары-ақ су тапшылығы бізге қатты білінеді.

Бүгінде Каспий теңізі 40 шақырымға дейін тартылып кетті. Тіпті, теңіздің ортасы ашылып, аралдар пайда болып жатыр. Тартылып кеткен Жайықтың жағдайы тіптен мәз емес. Су айдынының орны құм болып қалған. Топырақ, шаң көтеріліп, құм көшкіні орын алып жатқанын ұмытуға болмайды. Бізде өзімізде шығатын су көзі жоқ. Сондықтан, болашақтың қандай болатынын саналы түрде сараптап, көзге елестету керек.

Тасқала ауылының маңында Жылу-электр орталығы пайдаланған су арнайы өзекке құйылады. Сол су қазір Жайықтың суынан көп. Бұл суды техникалық мақсатта қолдануға әбден болады.

Жасыратыны жоқ, біз қазір тек бүгінгімен ғана өмір сүріп жатырмыз. Болашақ ұрпақтың қамы не болатынын ұмытпау керек. Суды үнемдеп, болашаққа қалдырайық деген ниет-пиғыл мүлдем жоқ. Осы мәселені жүйелі түрде ескеруге «AMANAT» партиясының мүшелері қос қолдап мүдделі болуы қажет.

Су шаруашылығы басқармасы қажет

Н.Қосшиев:

– Жасыратыны жоқ, біз отыз жылда бүгінде аса өзекті мәселеге айналып жатқан тақырыптарды зерттейтін арнайы мамандарды даярлай алған жоқпыз. Қазір су мәселесімен шұғылданатын кадр өте тапшы. Президент Жолдауынан кейін арнайы министрлік құрылды. Жоғарыда спикерлер айтқандай, жаңа құрылым өзіне жүктелген міндеттерді өз кезегінде атқара береді. Ал, жергілікті жердегі өзекті мәселелер шет қалмауы үшін облыста су шаруашылығы басқармасын құру да өте маңызды. Өйткені, жергілікті жерде де су қорғауды реттейтін, бақылайтын арнайы басқарушы орган болғаны абзал.

Б.Қуанов:

– Өте дұрыс. «Айтылмаған сөз жетім» дейді қазақ. Біз су шаруашылығы маманы ретінде өмірлік тәжірибемізге сүйеніп, ғылыми негіздемелерді алға тартып, мәселені көтеруден тартынбаймыз. Әлі де айта түсеміз. Алайда, айтылған сөзге құлақ асып, соның негізінде жұмыс жасайтын жергілікті құзырлы орган болмаса, бәрі бекер. Сондықтан, көп ұзамай облыста су шаруашылығы басқармасының құрылуын мен де қолдаймын.

Ж.Аралбаев:

–  Су тапшылығы мәселесі көтерілгенде біз өткенге көз тастап, Кеңес Одағы кезеңіндегі тәжірибелерден аттап кете алмаймыз. Бұл кезде мәселе терең зерделенген. Ғалымдар судың мөлшері мен сапасын егжей-тегжейлі зерттеп отыратын. Тіпті қазіргі айтылып жүрген көптеген көрсеткіштер мен бастамалар сол кезде жасалғанын жақсы білеміз.

aralbaev

Өзім жақсы білетін Сағыз өзені бойында 7-8 бөгет бар. 1993 жылғы су тасқынынан кейін мұның барлығы бұзылды. Біз «су жоқ» деп мәселе көтереміз. Су мүлдем жоқ емес, бар. Сағыз өзені жазғытұры жауын-шашынмен, қыста қар суымен, жерасты суымен толығады. Су негізінен мерзімімен ағады. Бірақ толыққан су отыз жыл бойы жүйелі түрде реттелмегендіктен, өзен жіңішкеріп кетті. Енді өзеннің арнасын кеңейту керек.

Қарағанды облысы бұрынғы су нысандарының барлығын балансқа алған, үлкен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бізде де осы жұмысты қолға алу керек. Осы тұрғыдан алғанда су шаруашылығы басқармасын құру жөніндегі ұсыныс орынды деп ойлаймын.

Сосын төрт түлік малды бағып-күтуді де реттеу керек. Мысалы, 8-10 мыңдай халық тұратын Сағыз ауылының айналасында ғана 6 мың жылқы бар. Олардың жайылымы мен суаруы күн санап күрделі проблемаға айналып барады.

Ауданда жерасты суы да төмендеп кетті. Мұнай сорудың салдары біздің жерімізді осындай халге жеткізіп жатыр. Жерасты суын да балансқа алып, көздерді сақтап қалу керек.

Жүйесіз басқарудың кемшілігі көп

Ж.Рахметқалиев:

– Бүгін өте үлкен мәселе қозғалып жатыр. Су болмаса, тіршілік болмайды. Бұл анық. Тек суға қатысты емес, жалпы шаруашылықты басқару ісінде Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген кемшілік кетті. Оған барлығымыздың да үлесіміз барын мойындауымыз керек.

rahmetkaliev

Қазір Жайықтың халі тіптен ауыр. Егер Жайық болмаса, бұл жерде тіршілік те болмайды. Индер ауданына басшылық жасаған жылдары біраз мәліметтер жинағанмын. Жайық өзені Оралдан Индерге дейін 45 градус көлбеумен, Жарсуаттан бастап көлденең ағады. Бұл өзектің бойында түрлі қалдықтардың жиналуына әкеліп соғады.

Су мәселесінде әр адам саналы түрде шешім қабылдауы тиіс. Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерден кейін республикада арнайы министрлік құрылды. Ендігі уақытта елде әр адамның су пайдалануының шекті мөлшері ғылыми тұрғыда зерделеніп, бекітілсе деймін. Суды белгіленген шекті мөлшерден асырып қолданған отбасыға  тариф құнын көбейту керек. Сонда ғана адамда суды үнемдеу жөнінде ұғым қалыптасатын секілді. Әр отбасы баласына суды үнемдеп қолдануды да үйрете бастайды. Себебі, мұндай тәжірибелер қолданысқа енгізілмейінше, халық арасында су үнемдеу қажеттілігі байқалмайтыны анық.

2000 жылдардың басында жұмыс барысымен Америкада бір ай тұрдым. Мұнда радиусы 15 шақырымға дейін барлық мәселе шешімін тапқан. «Проблема» деген ұғым мүлдем жоқ. Ауыл шаруашылығы саласымен кеңінен танысып, көп нәрсеге көз жеткіздім. Барлық негізде экономикалық көзқарас қалыптасқан. Жері қоршалған, суы үнемделген, суаттары жасақталған. Бәрі бір жүйеге қойылған.

Ал, бізде қалай? Жасыратыны жоқ, жекешелендіру басталғалы проблеманы өз қолымыздан туындаттық. Экономикалық ахуал қалай болатынына ешкім бас ауыртқан жоқ. Жұмысты жүргізу әдістемесі болмады. Әрі қарай істі қалай ұйымдастыруды мүлдем ойланбадық. Қолда бардың бәрін жекешелендіріп, малды сойдық. Әлі де өмір осылай жалғасып келеді.

Жуырда бір жиында «AMANAT» партиясынан сайланған депутаттардың бірі «біз неге осындай күйге жеттік, бұған дейін арнайы министрліктер неге су мәселесін реттемеді?» деп мәселе көтергенде, бұл сұраққа жауап берер бір адам табылмады. Міне, біздің қазіргі жағдайымыз!..

Ал, Атырау өңіріндегі су мәселесіне қатысты Жайық өзенінің бойынан жасанды су қоймасын жасауды ұсынар едім. Батыс Қазақстан облысының Жаңақала және Атырау облысының Индер аудандарының аралығында Жайық өзенінің ескі арнасы бар. 1993 жылы су тасқынында соған су шыққан. Осы арнаның жанында үлкен бассейн жасайтын алқап бар. Бұл алқапты зерттеу жөнінде бұрын ұсыныстар айтылды. Біз «Ресей су жібермей жатыр» деп ренжиміз. Бірақ олар «жіберген суды сақтайтын бірде-бір бассейндерің жоқ, тікелей ағып барып Каспийге құяды да, ащы суға айналады» дейді. Расында да, бұл пікірдің жаны бар. Басын Мұғалжардан алатын Ойыл өзені де көлденең ағады.

Бізде мәселе тұнып тұр. Ал, ғылыми дәлелденген негіздер уақыт өте келе құндылығын жойып барады. Шыны керек, ғалымдар мен нағыз білікті мамандардың пікіріне ешкім құлақ аспайды. Ойыл өзенінің Атырау облысына қатысты бөлігінде суды қабылдау, реттейтін Ералы су реттегіші бар. Ел аузында мұны «Бесесік» деп те атайды. Бұл республика бойынша 28 қондырғының қатарында болғанмен, Атырау облысындағы бір ғана нысан. Бұған күрделі жөндеу керек. Бұл қондырғы суды үш бағытқа – Тайсойған, Бүйрек құмы және Ойылдың негізгі арнасына қарай жібереді. Соңғы үш жыл бойы көктемде Ойылдың суы тасып келеді. Бірақ біз оны реттей алмай қалдық. Басты себеп – тағы да арнайы маманның жоқтығынан. Келген су бағытымен ағып кетті.

Біз, Бисен Отарұлы айтқандай, өзендерге келген суды реттеп отыратын тәжірибесі мол арнайы мамандардың қатысуымен жүйе жасақтауымыз керек. Бізде жүйесіз басқарылған жұмыстың нәтижесі түрлі проблемалардың туындауына душар етіп отыр. Менің бала күнімде Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылының іргесінде Шілмағамбет, Қаракөл ауылының қасында Бекмырза деген бөгеттер бар еді. Сол жерлерде үлкен көлдер болатын. Әкем мені сол көлден балық аулауға ертіп апаратын. Міне, биыл «Ойылға су көп келді, ауылды басып кетеді» деп, жергілікті халық кеңес өкіметіне дейін салынған осы бөгеттерді бұзып жіберді. Бұған «ол дұрыс емес» деп басалқы айтатын бір адам табылған жоқ.

Соның кесірінен келген су Индер мен Қарабаудың ортасындағы Дөңгелексор, Доссордың Қарасорына құйылып, үлкен айдындар пайда болды. Бұл жол салып жатқан жұмысшыларға кедергі келтіріп жатыр. Жүйесіз басқарылған жұмыстың кемшін тұсы, мінекей! Егер сол бөгеттерді бұзбаса, су Ойылдың бойында тұрып, халыққа пайдасы тиер еді.

Бүгінде Қызылқоға ауданында суды реттей алмаудың салдарынан құм көшкіні орын алып жатыр. Қарабау, Тасшағыл, Жасқайрат ауылдарын құм басу проблемасы туындап жатқаны рас.

Бүгінде «Ойыл жанашырлары» қоғамдық бірлестігінің құрамындағы белсенділер шапқылап жүр. Бірақ одан бұл айтылған проблемалар түбегейлі шешіле қалмайды. Өйткені, бұл азаматтардың қолында еш билік жоқ. Облыс басшылары мәселеге араласып, суды реттеуді қазірден бастап қолға алған жөн. Келген суды су қоймасында ұстап, халық санына қарай мөлшермен жіберіп отыру қажет.

Кеңес заманында жұмыс ғылыми негіздемелерге ғана сүйеніп жасалды. Қазір мұндай зерттеулер мүлдем жоқ. Бүгінде бәрі «білгіш», жұрттың барлығы блогер. Ал, блогерлер қара сөзді сапырғанымен, ғылыми зерттеулер жасап, соған сүйеніп іс қылып жатқан ешкім жоқ. Мұндай боссөзділік келешек ұрпақты шатастырады. Сондықтан, әр адам білім дәрежесіне, өмірлік тәжірибесіне, саланың қыртыстарын егжей-тегжейлі білгеннен кейін ғана ұтымды әрі пайдалы сөйлеуі керек.

Н.Қосшиев:

– Сөз басында айтқанымдай, облыстық газетте 2020 жылдан бастап, «Ойыл-Қиыл-Жем-Сағыз» деген экологиялық жоба ашып, облыстағы шағын өзендерге қатысты мәселе көтердік. Тіпті, 2022 жылы алқалы жиындарының бірінде Атырау облысындағы шағын өзендердің проблемасы негізінде республика бойынша шағын өзендерді реттеудің стратегиялық бағдарламасын жасақтауға Президент Үкіметке тапсырма да берді. Бұл әлі күнге дейін орындалмаса да, біз мәселені көтеруден кенде емеспіз.

Әлбетте, бұл проблема бір ғана газеттің немесе бір ғана құрылымның қимыл-әрекетімен шешілмейді. Сондықтан, осы жерде күш біріктірген жөн. Бүгінгі су тапшылығы мәселесінің «AMANAT» партиясымен бірлесе ұйымдастыруымыздың өзі де осының айғағы.

Сенімді ақпарат көздерінің мәліметтері бойынша, соңғы 40 жылда оңтүстік өңірде Алатаудан ағатын 20-дан астам тау өзенінің мүлдем кеуіп қалғанын ескерсек, қазіргі ұстаным-көзқарасымызды өзгертпейінше су тапшылығы алдағы 5 жылда Атырау тәрізді ірі индустриялық аймақтың ең басты проблемасына айналатынына сөз жоқ. Су мұнай мен газдан бұрын алдыңғы кезекке шығатыны рас.

Ж.Рахметқалиев:

– Әрине, жер басып жүрген пенде үшін су мен ауадан артық қандай байлық бар?! Ал, оны сақтау басты міндет екені ес білгелі құлағымызға құйылса да, бүгінде халіміздің мүшкілденіп жатқаны өкінішті.

Атырау – республиканың донор аймағы екені рас. Басқа өңірге бара қалсақ, бізді «байлар келе жатыр» деп қарсы алады. Бұл Атыраудың мұнайлы аймақ екенін меңзеп айтылғаны ғой. Бірақ өңірдегі осындай әлеуметтік мәселелердің өзектілігі бізді «бай» адамдардың кейпіне енгізе алмасы анық.

А.Жұмағазиев:

– Өзендердің мәселесі туралы сөз қозғалғанда, халықаралық дипломатиялық тұрғыда шешілетін тұстардың да барын ескеру керек.

Жалпы, су мәселесін айтқанда техникалық суды қайта пайдалану туралы шетелдік тәжірибелерді Қазақстанға енгізудің маңызын айрықша атап көрсеткен жөн. Иран университетінің ғалымдары біздің университетке келгенде, кәріз суын техникалық бағытта қолдануды енгізіп беру жөнінде ұсыныстарын айтқан еді. Бірақ бізде су сақтайтын бассейннің жоқтығынан бұл жұмыс қолға алынған жоқ.

aaa

Қазақстанда су инженерлерін даярлайтын алты оқу орны бар. Соның бірі Атырау университетінде еді, сұраныстың жоқтығынан мамандықты жабуға тура келді. Жуырда құрылған министрліктің негізгі қолға алатын міндетінің бірі де осы су мамандарын даярлайтын оқу орындарын көбейту болуы тиіс.

Өзендердің режимі бірнеше жылдан бері зерттелген жоқ. Каспий теңізінің су деңгейі соңғы рет 1977 жылы ғана зерттелген. Сол кезде су деңгейі қазіргіден әлдеқайда берірек болған. Қазір мүлдем төмен түсіп кетті.

Меніңше, Жайық өзенінің түбін тереңдеткеннен еш пайда жоқ. Бұл қаржыны босқа ысырап ету. Өйткені, Жанкелді Нұржанұлы айтқандай, жоғарыдан келген Жайық суы бірден теңізге құйып кетеді. Одан бізге келіп жатқан тиімділік жоқ.

К.Қосыбаев:

– Өте дұрыс айтасыз. Жайыққа жаным өте қатты ашиды. Сондықтан, өзенге мораторий жариялауды ұсынамын. Бұл осыдан он жыл бұрын да айтылып еді. Біздің бала кезімізде елде осындай тәртіп енгізілген болатын. Он жылға Жайықты жауып, жағадағы барлық қайықты шығарды. Осы тәртіпті қазір де шұғыл қолдану керек.

Тобықтай түйін

Су тапшылығы мәселесінің алдын алуда су ресурстарын кешенді басқару, рұқсатсыз су пайдаланушыларды мезгілінде анықтау, тиісті заңдылықтардың қатаң сақталуына бақылау жасау, жалпы гидрологиялық режимге мониторинг жүргізу жұмыстары жүйелі атқарылуы керек. Қазірден бастап суды үнемдеу жұмыстарына бір кісідей кіріспесе болмайды. Әуелі бау-бақша, тал-теректі тамшылатып суару секілді технологияларды өндіріске енгізген жөн. Өйткені, қазіргі ахуал бір тамшы суды бағалап, қолда барды сақтауды баршаның ең басты міндетіне айналдыруға жетелеп тұр.

Ал, көтерілген мәселе осы алаңда ғана қалып қоймас үшін тақырыпты облыс деңгейінде ұйымдастырылатын конференциямен жалғастырған ләзім. «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңында көтерілген мәселенің негізгі түйіні де осы болды.

Дәулетқали АРУЕВ,

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз