Егістегі әр күн — жылға азық
Биыл облыстағы егістік алқаптың ауданы 10 825 гектарды құрайды. Осының тең жартысынан астамына суды үнемдеу технологияларын пайдалану жоспарланған. Бұдан басқа Атырау өңірінде көктемгі дала жұмыстары бойынша қандай жаңашылдық қолға алынады?
Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Азат Қапановтан білдік.
Оның сөзінше, осынша алқаптың 3 420 гектарында тамшылатып, қалғанында жаңбырлатып суару тәсілі қолданылады. Өткен күзде 10 180 гектар егістік жердің сүдігері көтеріліп, жыртылып қойылған. Мұның өзі көктемгі дала жұмыстарын мезгілінде бастап, уақытылы аяқтауға мүмкіндік береді. Қалған 645 гектар жер мамыр айына дейін толықтай жыртылады.
-Шаруашылық құрылымдарының сұраныстарына сәйкес, биыл шетелдік азаматтарды науқандық жұмыстарға тартуға 800 квота бөлінді. Бұл алдыңғы жылдардағымен салыстырғанда айтарлықтай көп. Мәселен, 2022 жылы бұл көрсеткіш 585 адамды құраса, былтыр 700-ге артты. Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына 353 ауыл шаруашылығы құрылымы, 780 бірлік техника (оның ішінде 450 трактор және 330 ауыл шаруашылығы машиналары мен су насостары) қатынасады деп есептелуде. Күні бүгінге 28 шаруашылық субъектісінен 133 тонна жеңілдетілген дизель отынына сұраныс берілді, -дейді ол.
Салалық басқарма өкілінің айтуынша, шаруа қожалықтары егістік науқанына 1200 тонна тыңайтқышты жеңілдетілген бағамен сатып алуды жоспарлады. Нақтылай кетсек, қазір 57 шаруа қожалығы «ҚазАзот» АҚ-ымен 703 тоннадан астам аммиак селитрасы тыңайтқышын сатып алуға келісім-шартқа отырған. Шаруагерлердің сұранысы темір жол арқылы айтылған уақытында жеткізіледі.
— Егістікке су жеткізетін 14 суару-суландыру жүйелері де маңызды науқанға алдын ала дайындалып, каналдарға су айдау жұмыстары 25 наурызда басталып кетті. Екі апта уақытта барлық арналар да суға толатын болады, — дейді А.Қапанов.
Дәулетқали АРУЕВ