
Ауыл шаруашылығының болашағы талқыланды
Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы, ұзақ жылдар бойы облысты басқарған Оңайбай Көшековтің туғанына 100 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай, оның есімін еншілеген Атырау аграрлық-өнеркәсіптік колледжінде “AGROFORUM-2024” іс-шарасы өтті.

Форумның пленарлық отырысын осы оқу орнының басшысы Ислам Жанұзақов кіріспе сөзбен ашты. Бұдан кейін облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Света Аманшиева, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламат, сондай-ақ “Ауыл” ХДПП өңірлік филиалы төрағасының міндетін атқарушы Сырым Рысқалиев сөз сөйлеп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетерлік жайт, жиын барысында ауыл шаруашылығын цифрландыру, экологиялық егіншілік, жаңа технологиялар туралы хабардарлықты арттыру, тәжірибе алмасу және инвестициялар тарту мәселелері жан-жақты қарастырылып, талқыланды.
Форум аясында аграрлық маркетинг әдістері бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, “Агротуризм” атты роуд-шоу өткізілді. Сонымен қатар жаңа технологиялар, жабдықтар мен әдістемелер таныстырылып, Мансап орталығының ашылуы өтті. Форум жұмысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне ұласты.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттер автордыкі