Атырауда шегіртке қаптай ма?
Әлеуметтік желілерде «биыл Атырау облысында шегіртке үш есе көбейеді. «Қанатты жаудың» түрі 20 мамырдан бастап қаптайды» деген ақпараттар таралуда. Біз мәселенің мәнісін жедел түрде анықтап, жауапты мекеме өкілдеріне хабарластық.
Республика Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының баспасөз қызметінен білгеніміздей, алдыңғы жылдарға қарағанда, биыл химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетін жердің көлемі бірнеше есеге көбейіп, 86 200 гектарды қамтығалы отыр. Оның үштен бір бөлігін қамысты алқаптарда көбірек кездесетін азиялық шегіртке, қалғанын қырлық алқаптарды мекендейтін итальяндық прусты қамтиды деп болжамдалған. Бұған қажетті қаражат республикалық бюджеттен қаралған.
Мамандардың түсіндіруінше, бұған қоса, биыл облыста саяқ шегірткелердің де бұрынғы жылдардағыдан көбірек бас көтеру қаупі бар деген болжам жасалуда. Сол себепті, мұнда да химиялық өңдеумен қамтылатын алқаптың көлемі 10 мың гектардан асады. Бұл жұмыстардың басым бөлігі жергілікті бюджеттен қаралған қаржымен, қалғаны жергілікті шаруашылық құрылымдарының қаражаты есебінен іске асырылмақшы.
Тәжірибе көрсеткеніндей, шегірткелердің шамадан тыс көбеюімен байланысты химиялық өңдеуге жататын алқаптың аумағы ұлғайып отырады және мұндай ерекше құбылыс 11-12 жылда бір қайталанады. Осы жолы үйірлі шегірткелердің көбейіп, қауіп тудыруы 2024-2025 жылдарға сәйкес келіп тұрған көрінеді. Нақтылай кетсек, бұл шегірткелердің бас көтеруінің шарықтау шегі болып есептеледі екен.
–Өңделетін алқап көлемінің ұлғаюы шегірткенің де шамадан тыс көбейіп кететінін білдірмейді. Сондықтан да соңғы сәттерде әлеуметтік желілерде желдей есіп, тарап кеткен «2024 жылы Атырауда зиянкестердің ошағы үш есеге көбейген. Шегірткелердің түрі 20 мамырдан бастап қаптайды» деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдегім келеді. Алдын-ала жасалған болжамға сәйкес, көрсетілген күннен өңірімізде үйірлі шегірткелердің табиғи ошақтарын залалсыздандыру мақсатында жоспарланған хиимялық өңдеу шаралары басталады, — деді облыстық аумақтық инспекциясы өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы Әбила Қазиева.
Дәулетқали АРУЕВ