Жарнама
Ауыл шаруашылығы

Атырауда 9700-ге жуық гектар жерге егін егу жоспарланған

Биыл Атырау облысында егістік алқаптары едәуір ұлғаймақ. Биыл өңір бойынша 240 шаруашылық құрылым мен жеке секторда жалпы аумағы 9653,7 гектар жерге егін егу жоспарланған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары – өткен жылы егістік көлемі 5260,7 гектарды құраған болатын,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бүгінде облыста 4000 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 2000 гектары мал азығына, 1350 га көкөніс дақылдарына, 300 га картопқа, ал 250 га бақша өнімдеріне тиесілі.

-Қазір егістік шаралары белсенді жүріп жатыр. Негізгі жұмыстар Махамбет, Индер аудандары мен Атырау қаласы аумағында жүргізілуде. Шаруа қожалықтары картоп, пияз, қияр және бақша дақылдарын отырғызып жатыр. Сонымен қатар шаруалардың көбі су үнемдеу технологияларын қолданып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Егістік науқаны маусым айының 10-15 аралығына дейін жалғасады,- деді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Азат Қапанов

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық толықтай аяқталды. Атап айтқанда, 9553,7 гектар жер жыртылды. Оған 780 ауыл шаруашылығы техникасы тартылды.

2025 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 148 тонна көлемінде жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, оны жеткізу жұмыстары басталды. Тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапты. Картоп, көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдарының тұқымдары еліміздің әр өңірі мен Ресей Федерациясынан сатып алынды.

Облыста тыңайтқыштарды қолдану көлемі де артып келеді. Бүгінгі таңда 918 тонна тыңайтқыш бойынша келісім-шарт жасалып, оның 67 тоннасы жеткізілді. Сонымен қатар егіс алқаптарында су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде: 9600 гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суару әдістерін қолдану жоспарланған.

Осы жылы ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 465,5 млн теңге субсидия қарастырылған. Қаражат су жеткізу шығындарын өтеу, тыңайтқыштар мен пестицидтер құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын дамыту және басым дақылдарды қолдауға бағытталады.

Фитосанитариялық іс-шаралар аясында 39 мың гектарға жуық алқапта саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Бұл жұмыстардың мердігері ретінде «Магтоксин» ЖШС анықталды. Сонымен қатар 65 мың гектар аумақта үйірлі шегірткелерге қарсы күрес шаралары басталмақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button