Атырауда 10 мың гектардан астам аумаққа егін егіледі
Биыл облыстағы шаруашылық құрылымдары мен жеке секторларды қоса есептегенде егін салынуы жоспарланған жердің көлемі 10 825 гектарды құрайды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Азат Қапановтың айтуынша, 2 150 гектарға картоп, 3 050 гектарға көкөніс, 1 400 гектарға бақша және 4 225 гектарға малазықтық дақылдар егіледі. Көктемгі су тасқынына байланысты облыста төтенше жағдайдың жариялануына орай жылдағыдан гөрі көктемгі дала жұмыстарының біраз кешігіңкіреп басталғаны да белгілі. Өңірде қазіргі уақытқа дейін 1 700 гектарға жуық алқапқа егін егіліп, тұқым себіліпті.
— Тұтастай алғанда, егістік жердің 10 620 гектары немесе 98%-ы жыртылған болса, қалған 205 гектарын 25 мамырға дейін толықтай игеру көзделген. Күздегі берекенің негізін қалайтын көктемгі дала жұмыстарына облыс бойынша қол күшінен бөлек, 780 ауыл шаруашылығы техникасы, атап айтқанда, 450 трактор және 330 ауыл шаруашылығы машинасы, сондай-ақ, бірнеше су айдайтын құрылғы жұмылдырылған, — дейді салалық басқарманың бөлім басшысы.
Сондай-ақ, 30-ға тарта шаруашылықтан 133 тонна жеңілдетілген дизель отынына сұраныс қабылданған. Шаруагерлерге қажетті жанармайды қолжетімді бағада (1 литріне 250 теңге) жеткізіп беруші оператор болып «Таңжаров М.И» жеке кәсіпкерлігі анықталыпты. Бұған қоса, керекті тұқым мен тыңайтқыш мәселесі де оң шешімін тапқан. Жыл санап облыста тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы қолданылатын егіс алқабының аумағы ұлғаюда.
Дәулетқали АРУЕВ