
Аграрлық ғылым мен инновацияның жемісі
Президент тапсырмасына сәйкес елімізде аграрлық ғылым мен инновацияны дамыту бағытында нақты, жүйелі қадамдар жасалып жатқаны қуантады. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы базасында агротехнологиялық хабтың құрылуы – бұл ғылым, білім және бизнестің өзара ықпалдастығын қамтамасыз ететін стратегиялық шешім. Бұл – шын мәнінде отандық ауыл шаруашылығының жаңа дәуірі.
Қаржыландыру көлемінің ұлғаюы, зертханалар мен халықаралық ғылыми орталықтардың ашылуы, «ақылды фермалар» мен жасанды интеллект жүйелерін енгізу – мұның бәрі АӨК-тің нақты технологиялық жаңғыру жолына түскенін көрсетеді. Әсіресе, органикалық өнімдерді сертификаттау мен биологиялық қауіпсіздік салаларындағы халықаралық стандарттарды енгізу — бұл экспортты арттырып, Қазақстан өнімінің әлемдік нарықтағы беделін көтеруге тікелей әсер етеді.
2024 жылы Ақтөбеде құрылған Жылқы шаруашылығы және жем өндіру институты – еліміздің дәстүрлі салаларын жаңаша ғылыми тұрғыда дамытуға жасалған маңызды қадам. Бұл тек ғылыми жетістік емес, ұлттық брендке айналуы тиіс бастама деп есептеймін.
«Agri Export» пен «Agri Future» сынды ауқымды бағдарламалардың қолға алынуы – Қазақстан АӨК-інің жаһандық ғылыми желілерге кірігуінің нақты дәлелі. Жас ғалымдарды тарту, фермерлерге арналған AR/VR оқыту құралдарын пайдалану – бұл білім мен тәжірибенің жаңа деңгейге көтерілуі.
Асқар САППАЕВ,
Атырау қалалық мәслихатының депутаты