Адал еңбекке – лайықты баға
Астана қаласында өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саланың бір топ озат қызметкерін жоғары өкіметтік наградалармен салтанатты жағдайда марапаттады. Олардың қатарында Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің түйешісі Берік Салауов та бар. Тәжірибелі малбегі ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне ие болды.
1959 жылдың қарашасында Құрманғазы ауданы Дыңғызыл ауылдық кеңесіне қарасты Жыланды ауылында дүниеге келген Берік Салауов жастайынан малсақ болып өсті. Бозбала шағынан ата-анасы мен алдындағы апа-ағаларынан көргенін істеп жетілді.
«Талаптыға нұр жауар» демекші, оның шаруаға мығым, тапсырылған іске икемділігін байқаған шаруашылық басшылары еңбек жолын қатардағы көмекші, бақташылықтан бастаған жас жігітке зор сенім білдіріп, оны аға түйеші етіп тағайындады. Содан бері де қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгінде жасы алпысты орталап, құрметті еңбек демалысына шыққанына қарамастан, кәнігі кәсібін жалғастыруда. Ұжымдастарының ғана емес, барша әріптестерінің мақтанышы, жастардың ақылшысы, тәжірибесімен бөлісіп, білмегенін үйретер тәлімгері. Төрт түліктің төресі – Ойсылқара тұқымын аман сақтап, өз төлі есебінен көбейтуге, өнімін молайтуға қомақты үлесін қосып келеді. Сөзімізге айқын дәлел – майталман малбегі хақында әріптестері айтқан жылы лебіз, пікірлер.
«Саналы ғұмырын атакәсіпке арнаған Берік ағамыздың өмірі мен еңбек жолы барша әріптестеріне, қала берді кейінгі жас буынға үлгі-өнеге. Ал, мына марапат оның адал да абыройлы қызметіне берілген лайықты баға, қарапайым еңбек адамына көрсетілген шынайы құрметтің белгісі деп есептейміз. Шынында да Берік ағамыз еңбекпен есейіп, шынығып өскен, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан атакәсіпті жалғастырған, кәсібінен нәсібін тауып, онысын елдің игілігіне жаратқан жан. Сол себепті де барша жерлестері атынан марапат иесін осынау жоғары мемлекеттік наградасымен шын жүректен құттықтаймыз. Деніне саулық, отбасына амандық, еңбегіне толайым табыс тілейміз. Бұл – адал да абыройлы еңбекке орай көрсетілген лайықты құрмет», — деп түйіндеді өндіріс озаты, үздік малбегі туралы ойын «Құрманғазы» өндірістік кооперативі кәсіподақ ұйымының жетекшісі Алтын Абуева.
Дәулетқали АРУЕВ
Құрманғазы ауданы