Жарнама
Ауған соғысы: 35 жыл

Жүректегі жазылмайтын жара

Иә, сол бір бейбіт күндегі ұзаққа созылған мағынасыз соғыс еш нәтижесіз аяқталды. Бірақ, Ауған соғысының жауынгерлері антқа берік екендігін көрсетіп, ата-баба рухына дақ түсірмей елге абыроймен оралды. Сол уақытта олардың бір ғана мақсаты – Отан алдындағы борышын адал өтеу еді. Міне, сондай антына адалдық танытып, әскери қызметін Ауған соғысының қақ ортасында атқарғандардың қатарында Мұхаметжан Тоқманбетов те болды.

e18dc74e 3cd4 4485 b120 d6db58bdd43d

Осыдан қырық сегіз жыл бұрын Түркістан қаласындағы мектепті аяқтаған Мұхаметжан Әбуұлы 1977 жылдың мамырында әскер қатарына шақырылады. Әскери династиядан шыққан жас бозбала батыс Украинада борышын өтейді. Ал, бір жылдан соң Новосибирскінің жоғары әскери-саяси училищесінің курсанты атанды. Тағдыр жолымен 1986 жылдың ақпан айында басқа да қаруластарымен бірге рота командирінің орынбасары ретінде Ауғанстанға табан тірейді.

«Мен бұл елде екі жыл жарым қызмет еттім. Бізге берілген тапсырма – Пәкістаннан Кабулға қару-жарақ тасымалына тосқауыл қою. Көп жағдайда қару-жарақ тасыған керуендерді ұстау үшін барлау-іздестіру жұмыстарымен тауда апталап қалатын едік» деп еске алады Ауған соғысының ардагері.

Біздің кейіпкеріміз кезекті барлау барысындағы бір оқиғаны айтып берді.

– Бір сапарымызда 5 тонна қару-жарақты ұстадық. Тау шатқалында ұрыс басталып, дұшмандарға пәкістандық жалдамалы жауынгерлер көмекке келді. Біздің жақтан біраз адам шығыны болса да, жау шебінде қалған сарбаздар қасқайып тойтарыс берді. Осы ерліктері үшін кейін көптеген сарбаз бен офицерлер лайықты марапатқа ие болды. Әйтсе де соғыста жауынгерлердің оққа ұшқанын көру қандай ауыр еді… Әр шабуылға шыққанда «қайтып ораламыз ба, жоқ па?» деген ауыр ой еңсені басатын. Алайда, ұрыс басталғанда санада әскери тапсырманы орындаудан басқа ой болған емес. Соғыс ешқашан шығынсыз болмаған. Ал, ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді ұмытпау – кейінгі ұрпақтың парызы, — деп ауыр күрсінді Мұхаметжан Әбуұлы.

Сол ұрыста басынан ауыр жарақат алғанымен №154 арнаулы жасақтың (спецназ) қатарына қайта қосылады. Бұдан кейін де талай қанды қырғынның ортасынан аман шығады. Қаншама жазықсыз қан төгіледі… Алайда, кеңес әскерлері ұлтқа, дінге бөлінбей, қауіп-қатерге бел буып, майданда батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті.

Ардагер аға қаза болғандар мен жараланған қаруластары туралы еске алудың өзі қиын екенін айтады. Әйтсе де интернационалист жауынгерлердің есімдері мен ерліктерін кейінгі ұрпаққа айтуды парыз санайды.

–Тағы бір есімде қалғаны, майдан даласына қазақстандық әртістер келді. Джалалабадта белгілі әнші Нағима Есқалиевамен кездестік. Сонда олар арнаулы жасақтың құрамында қазақ офицерлерінің  бар екеніне таңданыс білдірген. Жауынгерлік рухты көтеру үшін келген әртістермен суретке түстік. Иә, жастық шағымызды оқ пен оттың ортасында өткізген сәттер жүрегіме жазылмастай жара болып мәңгіге қалары анық, — деп әңгімесін түйіндеді ардагер ағамыз.

Бүгінде Мұхаметжан Әбуұлы зайыбы Рысты Ерсейітқызымен ұрпақ қызығын көріп отырған үлгілі отбасының бірі.  «Балаларына адал еңбек етіп, бір-біріне қамқор болуды, туған елін құрметтеуді үнемі айтып отырады» дейді жан жары.

Кейіпкеріміз бірнеше жыл әскери салада адал қызмет етіп, әртүрлі дәрежедегі медальдардың иегері атанды. Күні кешеге дейін қаладағы №15 Абай атындағы орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беріп, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп келді.

Иә, биыл ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылғанына – 35 жыл. Жыл сайын атаулы күнге байланысты қаладағы білім беру мекемелері басшыларының ұсынысымен Мұхаметжан Әбуұлы «Ерлік сабағын» өткізуді дәстүрге айналдырған. Өмірінің жауқазын жастық шағының бір бөлігін оқ пен от арасында өткізген майдангер ағаның ұрыс даласындағы естеліктері мектеп оқушылары мен студенттерге әсерлі естіледі. Ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне үлес қосып жүрген ардагер «жастар бейбіт өмірдің қадірін түсінуі керек» дейді.

Кейіпкеріміздің әңгімесінен ұққанымыз, ауған еліне аттанған әрбір сарбаздың ойы да, мақсаты да – өзінің борышын адал атқару болды. Ендеше, интернационалист  жауынгерлердің ерлігін  мақтан етіп, құрмет тұту – кейінгі ұрпақтың парызы деп есептейміз.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button