Құрманғазылықтар ауған соғысы ардагерлерімен кездесті

augan Қоғам

Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауған жерінен шығарылғанына 30  жыл толуына орай,  Құрманғазы ауданындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектепте кездесу кеші өтті.

    Интернационалдық борышты орындау қажет деп санаға сіңірген соғысқа қатысқан 22 мың қазақстандықтың арасында құрманғазылық 89 жас болған-ды. Осы мектептің бес түлегі сол бір қанды қырғынды бастан кешірді. Ауған жеріндегі жарияланбаған соғыстан Берік Құбаев оралмай, із-түзсіз кетті. Ал, Сәрсенбай Нысанов, Тұрғанбай Исаев, Василий Сухарев, Сабыржан Бимұрзаев сынды сарбаздар әскери борышын өтеп елге аман оралды.

 Шара алдында шақырылған қонақтар мектептің робототехника сыныбында болып, балалардың өнертапқыштық туындыларымен танысты.  Шара сазды-әдеби композициямен бастау алып, Ауған соғысы, оған қатысқан ауылдастары жайлы деректер назарға берілді. Мектептің әскери дайындық пәнінің мұғалімі Нартай Оразжанов жетекшілік ететін «Арлан» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері автоматты уақытқа бұзып-жинау, химиялық қару қолдану кезіндегі қарсы іс-қимыл және алғашқы дәрігерлік көмек көрсету әрекеттерін көрсетті.

augan

фото – alashainasy.kz

Қаһарман жауынгер Берік Құбаевтың қарындасы Гүлфара Өтемісқызы ағасының бала кезінен ұқыпты, өз ісіне жауапты, өте бауырмал болған қасиеттерін сөз етті. Белгілі қаламгер Таңатар Дәрелов кеңестік кезеңде бұл соғыстың жариялылығы аз, құпиясы мол болғанын, тәуелсіздік жылдарында ғана осы тақырыпқа көбірек көңіл бөлінгенін айтты. Ардагер ұстаз Амангелді Карсаков Беріктің спорттың қай түрін де жақсы көргеніне, жан-жақтылығымен ерекшеленгеніне тоқталды.

«Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Василий Сухарев соғыс даласында жүріп Құндыз бен Фаизабад провинциялары арасында жүк тасымалдайтын автоколоннаның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен ерлік істері туралы әңгімелеп берді.

Айбек НӘЖІМОВ, Құрманғазы ауданы.


Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз