Баспана беретін «Асар жолы» – Атырауда! (+ФОТО)
Мұқтаж жандарды баспанамен жарылқап жүрген республикалық «Асар жолы» қайырымдылық қорының өкілдері бүгін Атырауға ат басын тіреді.
Оларды облыс әкімі Серік Шәпкеновтің атынан оның орынбасары Жасұлан Бисембиев салтанатпен күтіп алды. Бейбарыс Сұлтан атындағы орталық алаңда қонақтарға арнап этноауыл тігіліп, театрландырылған көрініс қойылды. Атыраудан шыққан қазақ батырлары Исатай мен Махамбетті сомдаған актерлар ортаға ат үстінде шығып, шара көркін қыздыра түсті. Олар қазақ халқында атадан балаға жалғасып келе жатқан «асар» салтының мән-маңызын түсіндіріп өтті. Бұл – көнеден келе жатқан ізгілік шарасы. Яғни, қиын кезде қамкөңіл жандарға қол ұшын беру – жағдайы бар жандарға борыш саналған. Міне, осындай игі дәстүрді енді «Асар жолы» қорының өкілдері жалғастырып келеді.
Айта кетейік, аталған қор қызмет көрсетіп келе жатқан үш жыл ішінде 460 отбасының үйлі болуына атсалысқан екен. Қор Президенті Асхат Нұрмышевтің айтуынша, Атырауға дейін олар жеті өңірді аралап келген екен.
– Атырау – біз бас сұғып отырған сегізінші аймақ. Бір ай бұрын біз республикалық қайырымдылық турын бастаған едік. Бүгінде 3 мың шақырымнан астам жол жүріп өттік. Алдымызда әлі 17 мың шақырым жатыр. Біздің мақсат – бастарында баспанасы жоқ әлеуметтік осал топтарға қолдан келгенше көмек көрсету. Сондай-ақ,түрлі қиындықтарға тап болған отбасыларында тәрбиеленіп жатқан балаларды тиісті біліммен қамту, жұмыссыз азаматтарды қызметке орналастыру. Бір айдан аз уақыттың ішінде біз 170 миллион теңге жинап, 13 отбасына үй алып бердік, — дейді ол.
Білуімізше, қажетті қаражаттың бәрін қорға қазақстандықтар өз еркімен аударады екен. Біреуі 500, біреуі 1000 теңге, қысқасы, кім қанша бере алса, сонша аударады.
Айта кетейік, 16 тамыз күні Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында аталған қордың форумы өтеді. Ұйымдастырушылар қайырымдылыққа бейжай қарамайтын тұрғындарды сол форумға қатысуға шақырды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ