АТЫРАУ ТАЗА ҚАЛАҒА АЙНАЛА МА? (+фото)
Сәуірдің 23-індегі сенбіде еліміздің өзге өңірлеріндегідей Атырауда да «Таза табиғат» ұлттық жобасы аясындағы шаралар жалғасын тапты. Бұл күні қаланың «Самал» шағынауданында «КаспийДорМостСтрой» ЖШС ұжымы 500 түп тал екті. Шаһардың басқа жерлері мен ауылдық округ аумақтарында саниатарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Аталған шаралардың өзі «Орманым – жасыл мекенім» және «Бірге: Таза Қазақстан» ұранымен өтті.
Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған ерікті еңбек мерекесіне облыстық, қалалық басқарма-бөлімдер, кәсіпорын-мекемелер мен жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерін қосқанда барлығы мың жарымнан астам адам қатысты. Осы жолы «Аламан» базарының айналасында тазалықты ретке келтіруге көбірек көңіл бөлініп, негізгі күш сол учаскеге шоғырландырылды. Жалпы алғанда, қала бойынша сенбілікке 13 бірлік самосвал, 5 жүк тиегіш, 3 су тасығыш көлік пен 2 манипулятор тартылды.
«Арнаулы көлік базасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алмас Ізтелеуовтің баяндауынша, бір күнде 80,3 тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық пен жабайы қоқыс үйіндісі шығарылды. Бірлескен жұмыс пен белсенділік тағы бір мәрте «Жұмыла көтерген жүктің жеңіл» боларын көрсетті.
Дәулетқали АРУЕВ