ТАСҚА БАСЫЛҒАН ТАРИХ

Газет дегеннің не екенін біздер Қазақ үкіметінің жарлығымен арабшадан латынша қаріпке көшкен қыста «Pijәner» (қазіргі «Ұлан») газетінің тұңғыш нөмірін оқып барып білдік қой деймін. Ол кезде газет деген қазіргідей көп шықпайды, аудандық газет те жоқ. Ал «Социалистік құрылыспен» 1933 жылы Жылыой кентінде алғаш ашылған жеті жылдық мектептің 5 сыныбына барған кезімде таныстым.

Облыстық газет бетінде сайлау жөнінде алғаш мақалам 1938 жылы жарыққа шыққан-ды. Міне, содан 77 жыл бойы мен «Атыраудан» қол үзбей келеді екенмін.
Отызыншы жылдардың аяғында газетті шығару өте қиын болғанын жас болсақ та білетінбіз. Цензураның сөз мағынасының астарына «үңілетіні» өз алдына, әр әріпті қалт жібермей қадағалап отыратын кезі. Қолмен терілетін голдонин, петит, древний деген шрифтердің біреуі түсіп қалса, баспахана мен редакция қызметкерлеріне үлкен сын. Бірде «көтерді» сөзі «кетірді» болып теріліп, басылып кеткені де бар. Мұндай қателер жиі кетіп тұратын, себебі, әріптердің сапасы өте төмен. Оның үстіне «қ-ң-к», «ө-е-с», «ұ-ү» «т-г» әріптері басыла-басыла мүжіліп немесе арасындағы қуыстарына баспаханалық бояу толып, терген кезде айыруы қиын болатын. Мамандардың да аз кезі. Редактордың өзі обком бюросынан сөгіс алады және онысы газетке шығады.
Отызыншы жылдардың аяғы. Облыс орталығы. Жайық жағасы. Бұқар беті. Доссор көшесінде аласа үй де облыстық газеттің редакциясы.Үлкен бір бөлменің кең қабырғасында Төлебаев Сағат (редактор), Сауырғалиев Сүлеймен – жауапты хатшы, Тілеков Жәрдем (Жәкен) – Қазақстан Жазушылар Одағының уәкілі, бәрі қағазға үңіліп, шұқшия жазып отырады. Ал, Орынбасар Аманғалиев басқалармен бірге өзге кіші бөлмелерде. Халел Тәренов, Жолдас Аймұратов, Жолдас Жексенғалиев, Бағыт Қайыров дербес отыратын, оңаша жүретін. Саламат Хайдаров өз алдына. Қолынан газет түспейтін Қыдырбай Сасықов пен Сапағали Шәкімов ағалар жиі қозғалады.
Бәрі де мақала жазуға құмар. Бірақ біреуінің кітабы көрінген емес. Тек Сабыр Шариповтың «Заң зәбірі», «Рузи Иран», «Бекболат», т.б. кітаптары ғана жарыққа шықты. Тай-құлындай тебіскен сыныптастарым Бекқали Қарабалиннің «Амангелді» («1916 жыл» кітабы), Далабай Жазықбаевтың «Жамал» өлеңдері, Жәрдем Тілековтің «Сырым батыр» дастаны орыс тілінде («Песни народных акынов»), Сәттіғұл Жаңғабыловтың «Киров» өлеңі болмаса, басқа ештеңе көзге түсе қоймады. Дегенмен, «Социалистік құрылыс» газетінен Хамит Ерғалиевтің «Ақырап», Далабайдың «Партизан қызы», Қабжан Мәмбетовтің «Шаттық серуені», т.б. дастандары жарияланды. Мен де сол жылдары біраз өлеңдерімді жариялап үлгердім (маған сол кезде «жабысқан» «ақын» атым әлі қалған жоқ. Жеңгелерім осылай атап келді). Менен басқа аталғандар шетінен «жалаңтөстер» еді. Баспасөзде істегендердің бәрі аудандық, облыстық партия комитеттерінде басшы жұмыстарға кетті. Соғыстан аман оралғандары республикалық баспасөздерде еңбек етті.
Соғыс кезінде де, кейінгі жылдары да газет қызметкерлері аттарына сын келтірмей еңбек етті. Жоғары оқу орындарын бітіріп, жас журналистер келе бастады. Қай жағынан да газеттің өңі кірді. Олай дейтінім, «Ойықов 100 сом ақшаны артық алды», «Өтепқали әйелін сабайды», «Мәдібаевтар карта ойнайды», «Лотерея билеттері таратылмай қалды» сынды мақалалар енді көрінбейтін болды. Газетке ажарлы сөздер, поэзия енді. Таралымы көбейді. Ленин орденіне ие болған – мұғалім Қамидолла Нәубетов (1939), колхозшы Смағұл Қосыбаев (1940) сынды үздіктердің жетістіктері, майдан мен тылда ерен ерліктің үлгісін көрсеткен ер мен әйел, сондай-ақ халқымыздың басынан кешкен қиындықтары мен қажырлылығы баспасөздің бетін көркейтті. Ол кезде баспасөз беделді еді. Газет сөзін үкімет пен партия мүлтіксіз орындайтын.
Елу жыл мектепте мұғалім болған мен облыстық газетке үзбей мақалалар жариялап жүрдім. Баспасөз бетінде,сонымен бірге, шәкірттерім Ермек, Жәрдем, Жүсіпқали, Сәнгерей, Қаржаубай, Нұрдәулеттердің, т.б. тартымды, ұтымды материалдары мен Меңдекеш Сатыбалдиев, Амангелді Бердіғалиевтердің тамаша өлеңдерін оқырман сүйсініп оқитын.
Осылайша, жоғары білімді журналистермен толығып, «Коммунистік еңбек» үлкен келелі орынға айналды. Талай жүлделі байрақтарға да ие болды. Бүкілодақтық сыйлықтар алды.
Газет редакторлары С.Төлебаев, А.Құрманаев, М.Байтұрсынов, Ә.Кенжебаевтар облыстық партия комитетінің хатшылары дәрежесіне дейін жоғарылатылды.
Газет қызметкерлері, облыс журналистері өздерінің мамандығынан сырт тарихи, зерттеу, публицистикалық, ғылыми біраз еңбек жариялағандарына сүйсініп отыратынбыз. Әбуғали Ғабдуллиннің, Қабижан Сағиевтің шығармашылық жолдары қуантатын. Ал, Қазихан Қабдел, Төлеубай Ысқақов, Сабыр Өтепбергеновтер қашанда республиканың мәдени өмірімен тығыз байланыста болды.
Торқалы тоқсан жасқа толған газетіміздің алыстан араласқан өмірімізде көп көңілімізді қалдырған жері болған жоқ. Оның аздап аяңға түскен де, өркендеу, өрлеу жолдары да болды. Бір санына екі мақаламыз, екі айқара бетіне толғауымыздың түгел басылған кездері де болды.
Далабай туралы жырларым осы газет арқылы халыққа тараса, «Көзеевті кім біледі?» деген мақалам резонанс туғызып, көпшілік талқысына түсті. Бұл – қатардағы ауыл мұғалімі үшін үлкен қуаныш еді.
Газетте «Естен кетпес есімдер», «Ғасырлар қойнауындағы асыл қазына», «Қарттар сөзі», «Бата», «Өнер иелері», сонымен қатар құлашы кең Құрманғазы, ілгері басқан Индер, қақпақты қара қазан Қызылқоға, ырысты Исатай, мамыражай Махамбет, мұнайлы мекен Мақат, келешегі кемел Кең Жылыой, алыстарды армандайтын Атырау туралы жазыла берсе, жазыла түссе кім қуанбас! Осыны тілеймін.

Жанаш НҰРМАХАНҰЛЫ.
Жылыой ауданы,
Шоқпартоғай ауылы.
PS. Газетіміздің белсенді авторы һәм тілшісі болған филолог, ақын, шежіреші, әрі газеттің құрдасы Жанаш Нұрмаханұлы осы мақаласын көзі тірісінде жазып кетіпті. Өмірден өткеніне көп бола қоймаған оның бұл мақаласын қызы Жанат Нұрмаханова бізге жеткізді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз