ОЛ «АТЫРАУДЫҢ» АҚ ЖЕЛКЕНІ БОЛАТЫН

Бүгінде 90-ға толғалы отырған «Атыраудың» біздің өңірдегі жұртшылықтың сүйікті газеті болуына оның Жылыой ауданындағы 40 жылға жуық меншікті тілшісі болған марқұм Бозданұлы Бақытжан ағамыздың да айтарлықтай еңбегі бар-ды. Ол дүниеден озғанда «Атыраудың ақпарат теңізіндегі бір ақ желкені жығылды-ау?!» деп қиналғаным рас.

Бәкеңнің өсіп, тәрбиеленген отбасы оның мұндай айтулы қаламгер болуына негіз салды. Әкесі Боздан Жадырабайұлы ақсақал бүкіл Атырау жұртына шешендігімен, қуақылығымен, әзілкештігімен белгілі болған азамат. Оны өз тақілеттес құрдастарымен қосып, ел-жұрт «Жылыойдың жеті қуы» дейтін.
Еңбек жолын мұнайшылықпен бастаған ол кейін аудандық газетке жұмысқа шақырылады. Осылайша оның журналистік ғұмыры басталған болатын. Бәкеңді аудан мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер, өнерпаз және «Социалистік Қазақстанның» жақсы ауыл тілшісі болған менің көкем Сабыржан Ырысжанұлы мықты маман, табанды журналист ретінде үнемі мақтап отыратын. Аудандық «Ембі» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары бола жүріп, Бәкең қаламының жүйріктігін және сыни мақалаларының темірдей арқаулы, негізді және бұлтартпас шындыққа құрылғандығын таныта білді. Қаламының желі кейбір кінәлі жанды үргелек қылатын. Сондықтан да, баспасөз күшінің қуаттылығы кезінде онымен біраз кісіні санасуға мәжбүр етті.
Ол оқырмандардың талап-тілегін орындауға мұқият көңіл бөлетін. Ұмытпасам, 1968 жылы ғой деймін, бір мақаласында Бәкең сонау 30-шы жылдардан бастап бауырларын іздеп, зарыққан жанды қуантқан мақаласын жариялады. Ырысжан атамыздың бір апасын ашаршылық жылдары отбасымен бірге құмаршық қағуға барған күні ұрылар тонап, «өлтірдік» деп құдыққа көміп кетулі. Күйеуі, үш баласы қазалы болғанмен мойнына түскен арқан мен мойнының арасында бір қолы қалғандықтан апамыз тірі қалады. Одан туған жиен апамыз 60-шы жылдары сұрау салып, «Ембі» газетіне жазған екен. Сөйтіп, Бәкең уақыт ажыратқандарды қосып еді.
Бертінде Бақытжан ағаны «Атырау» газеті Жылыой ауданы (кейіннен – Мақат ауданын да қосты) бойынша меншікті тілшісі етіп тағайындады. Оның өткір мақалаларынан сескенген аупарткомның бір хатшысы 80-ші жылдары онымен ағайындығымызды біліп алып, менен Бәкеңнен сыни мақалалардың тегеурінін төмендетуді сұрауды өтінді. Аупарткомның қызметкері ретінде тапсырма алғандықтан да мен мұны ағамызға түсіндірдім. Бәкең күлді де, маған: «Сен олардан қорықпа және қысылма. Ал, мақалалар заман талабына орай жазыла беретін болады», – деді. Мен бұған күмәнданған жоқпын да, ол біздің идеологиялық жұмысымызды мақтаған мақаланы сирек, сараң жазатын. Бұл – оның туралығы, әділдігі болатын.
Шынында да, Бәкең «бетің бар, жүзің бар» демей, шындықты ғана жазатын, ойлы пікірлерін, тиянақты тұжырымдарын жариялайтын. Солардың бір тобы сонау 80-ші жылдары Теңіз кенішін бүкіл Одақ болып меңгермекші болып асыққан жылдары жазылды, кемшіліктер аяусыз айтылды, оларды жою батыл талап етілді. Мұндай шыншыл да өткір мақалалар Бәкеңнің ғана емес, «Атырау» газетінің де беделін жоғарылатты. Оның бұл еңбектерін оқып, шынайы түйсінген және сүйсінген көптеген басқа аудандардағы оқырмандардың өз аудандарына Б.Бозданов сияқты қарымды журналист меншікті тілші етіп қоюды сұрағандарына куә де болғанбыз.
Бақытжан ағаның мұндай абзал еңбегі кезінде лайықты аталып отырды: ол Қазақстан Журналистер Одағының сыйлығын алды, ауданның Құрметті азаматы атанды, «Теңізді тұңғыш игеруші» төсбелгісімен марапатталды. Еңбектері «Теңіз осылай түледі», «Біздің заманның бір әулеттегі кейіпкерлері», «Теңіз және экология» атты өзінің кітаптарында жарияланды.
Облыстың аға газетіне 90 жыл толған кезде оны құрметпен еске алу да – сүйікті газетімізге және оның қызметкерлеріне деген құрметтің бірі болмақшы.

Аманғали
ӘМІРЖАНҰЛЫ,
өлкетанушы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз