ІЗГІЛІК ИІРІМДЕРІ

Өн бойына өнердің бірнеше түрін топтастырған, ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, өнегеге толы өмір жолымен өзгелерге үлгі болған жайсаң жандар арамызда аз емес. «Халықтың сегіз қырлы, бір сырлы» ұғымына сай келетіндердің бірі Индер ауданының қазіргі Ынтымақ ауылында дүниеге келген Есболай Нығметов еді.

 

Еңбек жолын кітапханашылықтан бастап, кейін физика-математика мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдап, Доссордағы Абай атындағы мектепте екі жыл ұстаздық қызмет етті. 1966-1970 жылдары «Дендер» газетінің хат бөлімінің меңгерушісі болып, бұқарамен етене байланыста табысты еңбек еткені де ел есінде. Бұл ретте Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ерсайын Көшекұлының: «Есболай Тұқпатұлымен аудандық газетте қызметтес болдық. Есеп-қисаптың мамандығын алып шыққанына қарамастан, мазмұнды мақала, очерк, кейде фельетон жазатын өнеріне тәнті болатынбыз» деген естеліктері осындайда ойға оралып отырғаны.
Бұдан кейінгі жылдардағы Есболай Тұқпатұлының аудандық білім бөліміндегі мектеп инспекторы болып жұмыс жасаған кезіндегі саланың жетістіктері жайлы замандас-тұстастары аса бір жылылық сезімімен еске алады. Өз ісіне деген адалдықтың арқасында ол «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталып, «Индер ауданының құрметті азаматы» атағын иеленді.
Есболай Тұқпатұлын білетін адамдардың барлығы да оның талап қойғыш, ұйымдастыру қабілетінің жоғары, сөзге шешен, өнерді сүйетін ізгі жан екендігін айтудан жалықпайды. Ұлттық өнерге деген ерекше қасиетіне сай, аудан мектептеріндегі домбыра оркестрлерінің құрылуына мұрындық болып, осы топтарда өнер көрсеткен. Үлкен сахналарда шебер күй орындаушы ретінде танымал болуымен қатар, өзі де «Фонтан», «Есболайдың желдірмесі» атты күйлерінің авторы атанды.
Бұл күнде өмірден мезгілсіз өткен Есболай Тұқпатұлының жапырағы жайылып, балалары әр салада табысты еңбек етсе, отанасы Шолпан – алғыс арқалаған ақ халатты дәрігер, денсаулық саласының үздігі. Елі сыйлаған Есболайдың жарқын бейнесі мәңгі жадымызда.

Алпамыс ШӘРІПОВ,
еңбек ардагері,
Индер ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз