ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАН ЕДІ

Атыраудың ардақтылары

Рәзия Құрманова 1945 жылғы 16 қазанда Мақат ауданында дүниеге келді. Сол себепті, оның мұнайшы мамандығын таңдауы заңдылық сияқты көрінетін. Айта кетерлігі, жас қыз өзінің еңбек жолын 1961 жылы 16 жасында-ақ бастаған болатын. «Мақатмұнай» кен орнында мұнай ұңғымаларын зерттеу жөніндегі оператор болып жұмыс атқара жүріп ол өндірістен қол үзбестен Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженер-геологі мамандығы бойынша тәмамдады. Сөйтіп, әрі қарай мұнай саласының геологиялық бағытына мамандана түсті. Рәзия Әділбайқызы жиырма жылдан астам уақыт «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінде түрлі лауазымда қызмет атқарды: Балықшы барлау бұрғылау басқармасының геология бөлімінің геологі, тақырыптық геологиялық барлау партиясы жобасының жетекшісі, тақырыптық геологиялық барлау партиясының бас геологі. Оның бойындағы басты қасиеттердің бірі – адамдармен тіл табыса білуі, оларға қамқорлық жасап, проблемаларымен бөлісе білетіндігі еді. Сондықтан да, оның Балықшы барлау бұрғылау басқармасы кәсіподақ комитетінің төрайымы болып сайлануы кездейсоқтық болған жоқ. Басқарма қызметкерлері содан бері өздерінің сенімді қорғаушысы мен өз араларында атайтындай, қамқор аналары барын біліп, арқа сүйеуші еді.
Рәзия Әділбайқызының жан-жағындағылармен тіл табысып, үйіріп әкететіндігі 1993 жылы ол «Қазақстанкаспийшельф» АҚ-на қоғаммен байланыс жөніндегі бөлімнің үйлестірушісі қызметіне шақырылуына ықпал етсе керек. Ол бұл жұмыстың маңыздылығы мен пайдалылығын аталған кәсіптің қыр-сырына жете қанық емес жерлестеріне жеткізуге тырысты. Оның жұмысты ұйымдастыруы да өзгеше қызық еді: ол қандай да топты болмасын, жас шамасы, мүддесі, дайындық деңгейі бойынша іріктей білетін. Әрі оны ешкімнің көңіліне келмейтіндей етіп шебер, ойлылықпен жасайтын. Мен, мәселен, онымен іскер әйелдер ассоциациясы өкілдерімен бірге, депутаттар құрамында кездесіп тұрдым. Сегізінші наурыз күніне қарсы әйелдермен, Жеңіс күнінде ардагерлермен дәстүрлі кездесулер ұйымдастырылатын. Олардың әрқайсысының өз «тілі» мен жұмыс істеу тәсілі бар-тын. Бізді алғаш рет бұл жобамен тамаша маман Пол Джеффри таныстырды, оның болуының өзі ә дегеннен жобаның сенімді екенін аңғартқан: Рәзия Құрманова күмәнді мекемелерді жолатпайтын да. Уақыт өте келе мекеме атаулары да, жоба операторы да өзгерді, ал ол қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім басшысының деңгейіне дейін көтеріліп, ОКИОК халықаралық консорциумының, одан кейін Аджип ҚКО компаниясының тұрақты өкілі болып қала берді. Аджип ҚКО атқарушы директоры Умберто Каррара Рәзия Әділбайқызының жергілікті және республикалық деңгейдегі шараларды, соның ішінде, жыл сайынғы мұнай саласының жоғары лауазымды тұлғалары қатысатын «Мұнай және газ» халықаралық және жергілікті көрмелерін жоғары деңгейде ұйымдастыра білетіндігін жылылықпен еске алды. Ол өндірістік тапсырмалардың орындалуына үлкен жауапкершілікпен қарайтын талантты және білікті маман болатын. Сонымен бірге, Солтүстік Каспий жобасының өкілі мен ардагері болып, еңбектегі жетістіктері үшін түрлі Алғыс хаттармен, мақтау грамоталарымен марапатталды. 2008 жыл қорытындысы бойынша компанияның үздік қызметкері атанды. Рәзия Әділбайқызы демеушілік және қайырымдылық көмек мәселелерімен барлық ынтасымен, шын жүрегімен айналысты. «Фронтовичка» клубының жетекшісі, Атырау қаласының Құрметті азаматы Анна Александровна Захарова қаралы жиында Рәзияның алтын жүректі адам екеніне кезекті мәрте тоқталды. Ол бейне қайырымдылық істері үшін жаралғандай еді, ғұмыр бойына игі істермен айналысты. Шынымен де, соғыс ардагерлері бөлімнің ерекше назарына алынып, компанияның тұрақты материалдық қолдауына ие болып отырды. Рәзия Әділбайқызы қызметкерлермен бірге олармен «Дөңгелек үстел» өткізіп, ардагерлердің өнегелі жолы жөнінде баяндайтын кітапты шығаруға демеушілік көмек көрсетті. Соғыс ардагерлері хоры үшін костюмдер, аяқ киімдер сатып алынып, Мақат ауданында концерттер ұйымдастырды, ұжым Астанаға да барып келді. Компания, сонымен қатар, балалар фестиваліне, сал ауруымен ауыратын балаларға да жәрдем беріп, көмекке зәру бүлдіршіндердің ата-аналарымен тығыз байланысып тұрды. Қайырымдылық Орденінің жетекшісі Надежда Кирпичникова Рәзияның әбден қиналған балаларға егер Тула қаласындағы мамандарға баруды қамтамасыз етсе, көмектесуге болатынын естігенде қуанып, жанын сала кіріскенін айтады. Аджип ҚКО компаниясы ол жақтан профессорлардың бірнеше рет келіп, балаларға ем көрсетуін қамтамасыз етті. Қазірде жүзге тарта бала өз аяқтарымен тұру, тіпті жүру мүмкіндігіне ие болды. Әрине, қайырымдылықты ештеңемен өлшеуге болмайды. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре аламыз.
Рәзия Құрманова өндірісте керемет ұйымдастырушы болды, арасында туған-туыстарына қарауға да уақыт табатын. Отыз алты жасқа толғанда қайтыс болған жалғыз ұлын шексіз жақсы көретін. Өзінің де мезгілінен бұрын өмірден өтуіне осы бір қайғылы жай әсер етсе керек.
Оның бақилық болуы – біз үшін орны толмас қайғы. Ол алтын жүректі, бірсөзді, кейде ер адамдардай тік мінезді, бірақ өне бойы шынайы, нағыз қайырымдылыққа толы жан еді. Оның көзі тірісінде жасаған жақсылығын жарқын бейнесін жадымызда сақтау арқылы қайтара аламыз.
Ал, мақаттықтар осындай жарқын тұлғаны есте қалдыру мақсатында іс-шаралар қолға алса керек. «Мақат ауданының Құрметті азаматы» атағын ол кісі лайықты алып өтті.
Біз сені есімізде сақтаймыз, Рәзия!

Любовь МОНАСТЫРСКАЯ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған