АУЫЛДАН ШЫҚҚАН АКАДЕМИК

Өмірзақ Қажымғалиевті осы уақытқа дейін атыраулықтар белгілі ауыл шаруашылығы маманы, білікті шаруашылық басшысы ретінде жақсы танитын болса, соңғы жылдары ол жазушылық, зерттеу саласындағы ізденістерімен оқырмандарға жақсы әсер қалдырып отыр. Ол бұрын бірнеше естелік кітаптар, ғұмырнамалық роман жазып қаламына қабілет дарыған жан ретінде бағаланды.

Өмекең шаруадан сәл қолы босағанда Атыраудың, көрші Астраханның мұрағаттарында талай күндер сарғайып отырып, халқымыздың арасынан шыққан біртуар тұлғалар, өлкеміздің белгісіз қалған шежіресі туралы деректер жинақтады. Және оны аудандық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жариялап, қалың жұртшылыққа қызықты ой тастап жүрді. Бұл тарихшы ғалымдардың, өнер зерттеушілерінің,әдебиетшілердің назарынан тыс қалмады. Сөйтіп, жақында Өмірзақ Қажымғалиев Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылым академиясы Академияның толық мүшесі етіп қабылданып, оған академик атағы берілді. Бұл ауылда тұрып, ауыл шаруашылығы саласы мен гуманитарлық ғылымды, көркем әдебиетті қатар меңгерген жерлесімізге көрсетілген зор құрмет екені сөзсіз.
Біз де газетімізге әрқашан жанашыр болып жүретін жайсаң жүректі ағамызға өмірде де, ғылымда да, әдебиетте де әрқашан сәттілік тілейміз.

Нұрлан ҚАБЫЛОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз