ЖЕҢІСКЕ ЖІГЕРЛЕНДІРГЕН СЕМСЕР СӨЗ

немесе, олар «Атыраудан» майданға аттанды 

Газет соғыс жағдайында да шықты

Біздің қолымызда соғыс жылдарында жарық көрген «Социалистік құрылыс» (бүгінгі «Атырау») газетінің бірнеше нөмірі жатыр. Ең қанқұйлы, ең сұмдық деген атаумен әлем тарихына енген екінші дүниежүзілік соғыс жылдарының шерлі шежіресі сарғайған газет беттерінде қатталып қалыпты...

Еңсесі езілген жұрттың рухын көтеруде газеттердің жетекші рөл атқарғандығын атап өту парыз. Тіпті, оқ пен оттың ортасында жүріп, Махамбет батырдың өлеңдерін жастана оқып, қуат алған қазақ жауынгерлері туралы жыр болып жеткен әңгімелердің өзі семсер сөздің қуатын паш етіп тұр емес пе?

1945 жыл. 27 ақпан. «Социалистік Құрылыс» газетінің сейсенбілік нөмірі жарық көрген күн. Сол нөмірде «Майданнан хат» айдарымен «Гурьев, Жамбыл атындағы орта мектеп оқушыларына хат» атты мақала басылыпты. Ұрыс даласынан жеткен хатта «… Біздер, майдандағы жауынгерлер, сіздерге өзіміздің сәлемімізді жолдаймыз. Біздер Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін неміс-фашист басқыншыларымен күресіп, оларды өз үңгірінде  талқандап жатырмыз» деген жолдар бар.

Сол нөмірдің бірінші бетінде Сталиннің халыққа үндеуі де басылыпты. Онда «Немістерді толық жеңетін күн енді жақын. Бірақ, жеңіс ешуақытта өздігінен келмейді, – оған ауыр ұрыстарда және қажырлы еңбек арқылы жетеді… Сондықтан, жеңіс неғұрлым жақындаған сайын, қырағылығымыз солғұрлым күшейіп, жауға соққымыз солғұрлым күшті болуға тиіс екенін естен шығармау керек» деп жазылған.

Отты жылдардың өзінде үзіліссіз жарық көріп тұрған газет процесі жөнінде ардагер журналист Шөпенғали Дәуенов былай деп еске алады.

«Соғыс жылдарында жағдай қиын еді. Газеттер үлкен бейнетпен басылатын. 1942 жылдан 1948 жылға дейін мен Манаш ауылдық кеңесінде хатшы болып істедім. Редакцияға 1952 жылы ғана келдім. Бірақ, редакцияға қызмет бабымен жиі барып тұратындықтан, ондағы штаттың тым шағын екендігін, газеттің өте ауыр жағдайда шығып жататынын көзбен көретінбіз. Редакцияда журналистер аз болды, себебі қаламгерлердің көбі қару асынып, майданға кетті. Қыдырғали Сасықов деген аудармашы азамат болды. Өте сауатты жазатын. Сол кісінің ерекше мұқияттылығы жадымда жатталып қалыпты. Сол жылдары Берік Қорқытов ағамыз да редакцияда жұмыс істеді. Бастапқыда әдеби қызметкер, кейін жауапты хатшы болды. Шарафиден Сабырқұлов облыстық «Социалистік құрылыс» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің Махамбет (бұрынғы Бақсай) ауданындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Шет елдік хабарларды журналистер радиоқабылдағыш арқылы жазып алатын. Ал, аудандардан хабарларды тілшілер телефон арқылы жеткізетін. Көлемді материалдарды сиямен жазып, тасымалдаушылардан көлік арқылы беріп жіберіп отырды», – дейді ол. 

Майданда – қарумен,тылда қаламмен

Жаһан халқының сексен пайызы қатысқан екінші дүниежүзілік соғысқа елімізден 1 миллион 366 мың сарбаз аттанып, соның 683 мыңы ғана аман оралды. Бір ғана  Атырау жерінен майдан шебіне аттанған 42 мың 508 адамның ішінде кезіндегі «Социалистік құрылыс», бүгінгі «Атырау»  газетінің қызметкерлерінің де болғандығын ерекше атап айтқымыз келеді.

Қолда бар деректер жеті қаламгердің ұрыс даласынан оралмағанын айтады.  Мәселен, Секер Айтжанов – Жылыойдан келіп, әуелі әдеби қызметкер, кейін мәдениет-өнер бөлімінің меңгерушісі, Ақантай Сарқұлов – әдеби қызметкер, совет-сауда, ауылшаруашылық бөлімдерінің меңгерушісі, Ғайса Ізтілеуов – корректор, әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Мұстах Шайхимов – насихат бөлімінің меңгерушісі, Сабыр Батырбаев пен Сибат Ғабдуллин – партия тұрмысы, ауылшаруашылық бөлімдерінде аға тілші, Мұқан Қанатов – газет шығарушысы болып еңбек етіп, ел басына күн туған сол бір қасіретті жылдары жауға қарсы ұрыс салып, майдан даласында опат болған.

Газет «Коммунистік еңбек» аталып тұрған кезде 1975 жылдың 9-шы мамырында майдангер журналистерге арнап ескерткіш тақта орнатты. Бүгінде облыстық «Атырау» газеті редакциясының төрінде ілініп тұрған сол бір жәдігер – журналистер қауымының жеңісті жақындатуда қосқан үлесін паш етіп тұр…

 

Тарихи жаңалық жазылған күн

Жеңіс күні жарық көрген «Социалистік құрылыс» газетінің 92-ші саны да ерлік шежіресінің естелігіндей сақтаулы. «Бүгін – 9 мамыр Герман империализмін толық жеңген күн!» деген сүйінші хабармен жарық көрген газеттегі «Гитлершіл Германияны сұрапыл ұрыстарда толық талқандап, жауға тізе бүктіріп тарихи жеңістерге ие болған Қызыл Армия мен қаһарман совет халқы жасасын! Даңқты Қызыл Армияның айбынды офицерлері мен командирлері, Советтер Одағының батырлары және маршалдары мен адмиралдары жасасын!» деп келетін жүрекжарды жолдардың өзі тарихи Жеңістің мән-маңызын айрықша даралап тұр…

Газеттің сол бір тарихи нөмірінде Германияның қарулы күштерінің сөзсіз тізе бүгуі туралы акт жарық көріпті.

Осындай тарихи жеңіс жаңалығын әріп теруші Биғайша Ізтілеуова өз қолымен терген еді. 82 жасында ақтық сапарға аттанған әріптесіміз үшін Жеңіс хабарын теру үлкен мәртебе болғанын ұрпақтары жыр қылып айтып жүр. Журналист Бауыржан Сисеновтің деректі жазбаларында әріптесіміздің үлкен ағасы Мусаның 1939 жылы Фин соғысына, кейін екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандығы, майдандағы ерлігі үшін І, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен наградталғаны айтылады. Тоқсан жылдық тарихы бар «Атырау» газетінде жауапты хатшы болып қызмет еткен екінші ағасы  Ғайса Сталинград түбіндегі қанды шайқастардың бірінде опат болды.

Арада қанша жылдар өтіп, қанша ұрпақ алмасса да миллиондардың қанымен келген ТАРИХИ ЖЕҢІС өз мәнін еш жоймауы тиіс. Өйткені, Жеңіс туының желбіреуіне оқ пен оттың ортасында жүрген сарбаздарымыз, уақытпен санаспай күні-түні еңбек еткен тыл жұмысшылары, елдің берекесі, жердің киесі кетпеуіне тілекші болған қазына қариялар мен періште жүрек сәбилер де үлес қосты. Төрт жыл бойына дүние жүзін дүрбелеңге салып, тұтас әлемді үрей мен қорқыныш үстінде ұстаған қасіретті соғыс жылдарында елдің рухын көтеріп, еңсесін тіктеген, тіпті, ең азапты, ең сұрапыл, қантөгіске тоймаған нәубет кезеңнің өзінде де жақсылықтан үміт үзбей, алға ұмтылуға күш берген құдіретті сөз иесі – «Социалистік Құрылыс» сынды газеттердің тарихи рөлі, маңызы тіптен бөлек…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз