Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша жаңа өкілі тағайындалды

Жаңалықтар

Atr.kz/18 қазан, 2019 жыл. Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығын жұма намазы алдында ҚМДБ-ның Діни білім жəне кадр даярлау бөлімінің басшысы Бейбіт Мырзагелдиев таныстырды.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысының Бас имамы қызметін атқарып келген Батыржан Мансұров  енді мүфтияттың «Насихат және қоғаммен байланыс» бөліміне басшылық етеді. Ал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы лауазымына «Нұр – Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі, магистр Алтынбек Ұтысханұлы тағайындалды.

Жамағатқа Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың сәлемін жеткізген ҚМДБ-ның Діни білім жəне кадр даярлау бөлімінің басшысы Бейбіт Мырзагелдиев мұнайлы астананың азаматтары жаңа имамды кең пейілмен қарсы алып, қолдайтынына сенім білдірді.

Мұнайлы өлкеде алты жылға жуық бас имамдық қызметті атқарған ұстаз Батыржан Мансұров осынау уақыт ішінде атқарылған игі істердің бастауында жергілікті жамағат, Атыраудың халқы тұрғанын атап өтіп, жұртшылыққа ризашылығын жеткізді.

Мешіт ақсақалдары атынан сөз алған  белгілі меценат Төкен Танаұлы ұстаз Батыржан Мансұровтың жергілікті діни мамандар дайындау, мешіттерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету және мешіт салу ісінде ерекше еңбек сіңіргендігін атап өтті. Бұдан соң ұстаз Батыржан Мансұровқа ақ жол тілеп, бата берді.

Атырау облысының Бас имамдығына тағайындалған Алтынбек Ұтысханұлы Моңғолия мемлекетінің Баян Өлгии аймағында дүниеге келген. 1993-1996 жылдар аралығында Ақмола облысы, Сілеті ауданындағы мешіттің жанынан ашылған медреседе діни сауат ашу курсында дәріс алған.

1996-2001 жылдар аралығында Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Искра елді мекеніндегі мешітте имамдық қызмет атқарған. 2001-2005 жылдар аралығында Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2005-2009 жылдар аралығында Мысыр мемлекетіндегі «Араб тілі орталығында» және «Мағһад али лиддирасатил исламииә» деп аталатын оқу орнында магистрлік бойынша дәріс алған. 2013 жылы Алматы қаласындағы «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» мамандығы бойынша магистрлік диссертация қорғаған.

2009 жылы елге оралып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Уағыз-насихат бөлімінің маманы болып жұмыс істеген. 2017 жылдың қазан айынан бастап «Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің» меңгерушісі қызметін атқарды.

«Atr-Ақпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз