ЖЕҢІЛІС ЖІГЕРДІ ЖАНЫСЫН!..

Футболдан ел чемпионатының VI туры аясында жергілікті «Атырау» футбол командасы өз алаңында қостанайлық «Тобылды» қабылдады. Негізінен алып қарағанда, ойынның соңына дейін алаң иелері басымдық танытты. «Тобыл» қақпасы маңында қауіпті сәттер, бұрыштамалар көп болды. Алайда, ойын қарсылас команда үлесіне 1:2 есебімен аяқталды.

Ойынның бірінші таймында «Атыраудың» бірнеше шабуылдары Александр Петухов қорғап тұрған қақпаға бірнеше соққы әкелсе де, еш нәтиже бермеді. Ал, ойынның 36-ыншы минутында қонақтар қарсы шабуылға шығып, Нұртас Кургулиннің ауттан лақтырған добын Уче Калу қақпаның оң бұрышына дәл беттеді. Алғашқы тайм 0:1 есебімен аяқталды.

Екінші таймда алаң иелерінің жеңіске деген жігері анық байқалды. Ойынның 70-минутында айып тепкісін тамаша орындаған Владимир Аржанов есепті теңестірді. Бірақ, алаң иелеренің қуанышы ұзаққа созылмай, «Тобылдың» қарсы шабуылы кезінде айып алаңында Уче Калу құлап, төреші пенальти белгіледі. Қостанайлық ойыншылар бұл мүмкіндікті пайдаланып, есепті еселеді – 1:2. Бұдан соң айып алаңында құлаған Майкл Одибеге төреші «қызыл қағаз» көрсетіп, «атыраулықтар» алаңда аз құраммен қалды. Бірақ, есеп өзгермеді.

 

Спорт топтамасын дайындаған: Айгүл Ертілеу.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз