Жабайы бұта жайылып кетті
Құрметті редакция! Осы хатымды Атырау қаласы, Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап селосының бір топ тұрғыны атынан жолдап отырмын.
Біздер біраздан бері аталған елді мекеннің А.Ысмағұлов көшесі, №27, 28 және 29 үйлерінде іргелес, көрші тұрамыз. Сол себепті, көтерер мәселеміз де бір. Кезінде, көгалдандыру жұмыстары жүргізілгенде, көшеміздің бойына біраз талшыбық отырғызылған-ды. Бүгінде олардың дені өсіп-жетіліп, үлкен терекке, алып бәтерекке айналды, бұталары жан-жаққа жайылып кеткен. Көшемізге тартылған инженерлік-коммуникациялық жүйелер (электр, газ, телефон байланысы желілері) сол ағаштардың арасында қалып қойған.
Соған байланысты, қауіптенер жайымыз да жоқ емес. Әсіресе, жабайыланып өскен ағаш бұталары қорқыныш туғызып тұр. Өйткені, олар қатты да күшті желдің әсерінен сынып, үйіміздің шатырына құлап, электр желісінің үстіне түссе, өрттің шығуына, адамдардың басқалай да зардап шегуіне себепші болуы ықтимал. Сондықтан да оларды кесіп, ретке келтіру керек. Алайда, ол біздің қолымыздан келмейді.
Жағдайымызды айтып, бірталай құзырлы мекеме-ұйымның табылдырығын тоздырдық. Қолұшын созып, көмектесулерін, мәселені шешіп берулерін өтіндім. Бәрінің де берер жауабы мен айтар уәжі: «…Жеке тұрғын үйлердің ауласы мен маңайындағы өсіп кеткен ағаш бұталарын ретке келтіруге бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Және оған міндетті де емеспіз. Сондықтан да, бұл шаруаны қолында күш-мүмкіндігі бар мекемелермен немесе кәсіпкерлермен келісе отырып, өздеріңіздің атқаруларыңызға тура келеді».
Әрине, бір қарағанда, мұнысы да дұрыс шығар. Әйтсе де, «жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, жанайқайымызға жоғары жақтағылар құлақ асып, жанашырлық танытып, төтенше жағдайдың алдын алмаса, бір сәтте орны толмас өкінішке тап болмасымызға кім кепіл?
Төлеуғали ҚАЛИМОВ,
зейнеткер,
Жаңаталап ауылы.