"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Бір ғасырлық белес

Құрметті қаламгерлер, редакция ұжымы!

Сіздерді «Аtyraý» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын!

Еліміздің батыс өңіріндегі ұлттық руханияттың қайнар көзі болған «Аtyraý» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдық мерейлі мерекесі облыс жұртшылығына ғана емес, барша оқырман қауымға ортақ. Өткен ғасырдың басында «Еріктен» бастау алған ата басылым тарихы халқымыздың тұтас бір дәуірінің шежіресі мен асыл қазынасын бойына бүккен абыздық белеске көтеріліп, бүгінде еркін ой мен елдіктің биік мінберіне айналды. Бұл орайда, қара шаңырақта қаламының іздері қалған ұлт қайраткерлерінің, ондаған буын қазақ журналистерінің, өз ісіне шынайы берілген Сіздердей кәсіби ұжымның еңбегі көл-көсір. Әр жылдары Төлепкерей Өтеулиев, Асқар Тоқмағамбетов, Абдолла Құрманаев, Құмар Кенжеғалиев сынды халқымыздың көптеген біртуар тұлғалары еңбек еткен басылым ұдайы ел мүддесін мұңдап, әлеуметтік-экономикалық өмірімізге, төл тарихымызға, елдік шежіремізге, мәдени мұраларымызға қатысты өзекті мәселелерді үзбей көтеріп келеді.   

Алдағы уақытта да қоғамдық өмірдегі тың жаңалықтарды жұртшылыққа кеңінен насихаттап, шынайы жеткізуде «Аtyraý» газетінің отандық медиа-кеңістіктегі орны қашан да көш ілгері болатынына сенімдімін.

Ғасырлық тойларыңыз құтты болсын! Оқырмандарыңыз еселей өсіп, еңбектеріңіз жана берсін. Ұжымға зор денсаулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс тілеймін!

Ізгі ниетпен,

Әлихан Смайылов,

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                               

Астана, Үкімет Үйі, 2023 жыл

***

Құрметті «Аtyraý» газетінің ұжымы!

Сіздерді «Аtyraý» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – халқымыздың шежіресін қағазға басқан іргелі басылымның бірі де, бірегейі.

Бір ғасыр бұрын «Ерік» атауымен жарыққа шығып, тарихтың талай белесін ұлтымызбен бірге өткерді.

Бүгінде егемен еліміздің жетістіктерін насихаттап, отандық ақпарат саласын дамытуға өлшеусіз үлес қосып келеді.

Әсіресе мұнайлы өлке Атырау облысының айбарын аспандатып отырған газетті оқырман қауым ерекше ықыласпен оқиды.

Сіздер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді одан әрі дамыту жолындағы бастамаларын халыққа жеткізіп, ел игілігі жолында абыройлы қызмет етіп жүрсіздер.

Бұл ұжымның кәсіби шеберлігі мен мол тәжірибесінің айқын көрсеткіші деп білемін.  Алдағы уақытта да мерейлеріңіз үстем болып, қаламдарыңыз мұқалмасын!

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін!

Құрметпен,

Ерлан Қошанов, 

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің Төрағасы

***

Құрметті әріптестер!

Өткен ғасырдың басында отандық журналистика тарихына алғашқы басылымдардың бірі болып енген, ұлт руханиятының жадында атауын алтын әріптермен  қашап жазған «Аtyraý»  газетінің ғасырлық мерейтойы құтты болсын!

Ел өмірінің елеулі кезеңдері мен күнделікті тыныс-тіршілігі парақтарынан көрініс тапқан бұл басылым аймақтың шынайы айнасы екенін алғашқы нөмірінен-ақ айқындап берген болатын. «Аtyraý» газеті ел тілегі мен халықтың қалауын атқарушы билікке нақты жеткізген, екі ортадағы шынайы алтын көпірге айнала білген газет. Сонымен қатар бұл халқымыздың маңдайалды майталмандары еңбек жолын бастаған, болашақ бағдары анықталған ұстахана.

Жаңа жүзжылдықтың бетін ел игілігіне бағыттаған ізгілікті істерімен таңбалайтын, әріптестер, сіздерге шығармашылық шабыт, баянды бақ-береке тілеймін!

Құрметпен,

Ерлан КАРИН,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі

Астана, Ақорда

2023 жыл қыркүйек

***

Құрметті  газет ұжымы!

Сіздерді Атырау облысы бас басылымының ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Отандық медиа саласында өзіндік орны бар газет ұжымы ретінде Сіздер қалың бұқараны ақпаратпен сусындатып, төл руханиятымызды ұлықтау ісіне үлкен үлес қосып жүрсіздер.

1923 жылы алғаш рет «Ерік» атауымен шыққан шежірелі басылым бетінде өңірлік мәселелер ғана емес, елдік деңгейдегі өзекті тақырыптар да тұрақты түрде көтеріліп, мемлекеттік бастамалар насихатталып отырады.

Бір кездері газеттің өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Қабдолов, Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжімеденов, Әбіш Кекілбаев сияқты ұлт зиялыларының қызметі бүгінде өздеріңіз арқылы жалғасып отыруы өте маңызды.

Алдағы уақытта да басылым уақыт талабы мен қоғам сұранысына сай дамып, отандық үздік ақпарат құралдарының қатарынан көріне береді деп сенемін.

Баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін!

Ізгі тілекпен,

Руслан ЖЕЛДІБАЙ,

Қазақстан Республикасы Президентінің

ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі

***

Ғасыр тойың құтты болсын, «Аtyraý»!

Қасиетті Атырау өңірінің жарқын жылнамашысы, облысымыздағы отандық журналистиканың ордалы қарашаңырағы, ғасырлық тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Шіркін-ай, жарқ етіп жарық көрген күннен бастап бетке шіркеу түсірмей, дәуірдің дауысы, өлкенің шежірешісі, жаңалық атаулының дауылпазы, оқырман қанжығасын майлаған мол олжасы болудан артық арман бола ма екен?!

«Жақсы туған жігітті жаным десе жарасар, Жақсы туған жігітке бүкіл елі таласар» дегендей, жүз жылдықта бағытынан жаңылмай, жалынды сөз тұрғай, жақ ашуға зар болған небір кезеңде тіл, тарих және ұлт мәселесін терең қаузап, ел мәдениеті мен руханиятының ұдайы жоқшысы болудан жазбаған «Atyrаý» газетін Абыз десе жарасар.

Тарих толқынындағы тар жол, тайғақ кешу тұстардың өзінде қазақ баспасөзі арасынан өзіндік орнын ойып тұрып алып, шеберлік пен шыңдалу мектебін қалыптастырған басылым бүгінде қандай құрметке де лайық.

Иә, оқырман қауымның ақпарат тасқыны орасан дәсмия дүниеде көп нәрсеге терең үңіле бермейтіні рас. Әйтпесе, В.Маяковскийдің «Газет шығатын күн» деген өлеңіне көз салған адам баспасөз айналасындағы ауқымды тірлікті аңғарар еді. Тіпті, қағазға түсер оймақтай ойдан бастап, шаруаның бәрін компьютер шашып-төгіп жасап жатыр деген күннің өзінде, сол заманнан бері қарай журналистің қат-қабат тірлігінде көп ешнәрсенің өзгере қоймағанын түсінеді.

Міне, осындай даму эволюциясында өзінің даңғыл жолын салып келе жатқан, айнымас дәстүрі бар облыстың Бас газеті қазір Тәуелсіз Қазақстанның нағыз жанашыры, қажымас қайраткеріне айналса, ол бір күннің ісі емес. Еңбегін еш, тұзын сор қылмай, ұрпақ сабақтастығына айналдыра білген бірнеше буынның ортақ жетістігі.

Газет ұжымы заманның ауанын күнбағыс секілді күзетпей, қажет жерінде ағысқа қарсы жүзіп, ылғи да облыс тұрғындарының мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғады, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтере білді. Осы қам-қарекеттің арқасында құлай сенген оқырманы азаймады.

Бір сөзбен айтқанда, қай кезеңде де уақыт талабына сай өңірдің толымды өзгерісін паш етіп, өлкенің тарихын жазуға сүбелі үлес қосып, ғасыр үнін сол күйінде жеткізу арқылы қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленген басылым дәрежесіне көтерілді.

Әрдайым мемлекеттің саясатын қызу қолдап, ұлттық құндылықтар мен төл өнерімізді дәріптеп, ұлтын сүйген ұрпақ қалыптастыру жолында ұлағатты іс атқарып келеді.

Осы айтқандардың бәрінің ақиқаттығына көз жеткізу үшін газеттің сарғайған парақтарына үңілу жетіп жатыр. Сөйлеп кетеді. Үні алысқа жетеді!

Серік Шәпкенов,

Атырау облысының әкімі

***

 «Еріктен» бастау алып, бүгінге дейін өсу-өркендеу кезеңдерінен өткен өңір үнпарағының ғасырлық мерейтойы құтты болсын!

Еліміздің ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасы мен дара жолы бар «Аtyraý» газеті бүгінде облыстың тыныс-тіршілігін ғана емес, жалпы халықтың жағдайын, елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуын, мәдениеті мен руханиятын қаузайтын салмақты басылымға айналып отыр.  Бүгінге дейін елге танымал талай талантты журналистердің қалыптасуына негіз қалаған мамандар ұстаханасы ретінде де облыстың бас басылымының алар орны ерекше.

Сіздердің жазған әрбір мақалаларыңыз бен көтерген мәселелеріңіз халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін, ой-пікірін кеңінен қамтып, қоғам дамуына елеулі үлес қоса береді деп сенеміз!

Ұжымға шығармашылық табыс, редакция қызметкерлеріне шалқар шабыт, бақ-береке тілейміз!

Құрметпен,

Олжас Сыдықбек,

«ELORDA AQPARAT» медиахолдингінің директоры

Құрметті әріптестер! Сыйлас достар!

«20 мың шақырымдық жол да бірінші қадамнан басталады» дейді халық. Иә, осыдан 100 жыл бұрын «Аtyraý» газетінің бірінші саны жарық көріпті. Бір ғасыр, ол көп әлде аз уақыт па? Тарих өлшемінде қас-қағым сәт қана, ал адам үшін қуаныш пен шаттыққа, қайғы мен қасіретке толы ұзақ өмір.

 Ал газет үшін одан да зор еңбек пен шығармашылыққа толы жол, өйткені осы жылдар бойы басылымның беттерінде жүздеген, мыңдаған адамның тағдырлары тоғысқан, өмірдің ащысы мен тұщысы, елдің салтанаты мен күйзелісі орын тапқан. Әрине, жазылған әр жолдың артында оның авторының, корректор мен дизайнердің, жауапты хатшы мен редактордың еңбегі жатады. Бір сөзбен айтсақ, мақала – бүкіл бір ұйымның қатысуымен жарық көретін дүние. Ұйым ішінде ауызбірлік бар деген сөз – басылым көпшіліктің ойынан шығады деген сөз.

Сондықтан, газеттің тілшілеріне өткір қалам, отты сөз, шындыққа құштарлық берсін! Әр қызметкер өз орнынан табылып, бір-біріне қол ұшын беріп, басылымды тек алға бастырсын дегіміз келеді. Тауман Амандосов, Фариза Оңғарсынова сынды таудай тұлғалар еңбек жолдарын бастаған, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Рахымжан Отарбаевтай қазақ әдебиетінің тарландары өз ойларымен бөліскен «Аtyraý» беттері уақыттан сарғайса да, оқырмандардың ойында қалсын, ұмытылмасын. Талғампаз оқырмандарың көбейе берсін! 100 жыл бұрын дүниеге келген басылымның тарихы жалғаса берсін, жалғаса берсін…  Мерейлі жастарыңыз құтты болсын!

Тілек білдіруші: құстың қос қанатындай

бола білген «Прикаспийская коммуна»

Атырау облыстық қоғамдық-саяси газетінің ұжымы

***

Құрметті әріптестер!

Алдағы жылы өзінің 100 жылдығын атап өтетін біздің «Ақтөбе» газеті де  Атырау өңірінің басты басылымымен тағдырлас, сан қилы кезеңдерден қатар өтіп келеді.

Алғашқы саны «Ерік» болып шыққан басылымның заман ағымына қарай өңір бірнеше рет өзгеріп, бүгiнгi «Аtyraý» атауына дейiнгi жолдары шежіресімен сабақтас.

Тарихы терең газетте Тауман Амандосов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Марат Ысқақов, Берік Қорқытов, Нұриден Мұфтах сынды талантты қаламгерлер еңбек жолын бастағанын білеміз. Олардан кейін де көптеген журналистер осы басылымда танылып, қалам қайраттарын жаныды. Газеттiң 50 жылдығы мерекесі тұсында «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуы басылымның жарты ғасырлық жемісті қызметінің жоғары бағалануы деп білеміз.

Менiң өзiм 2002-2007 жылдары «Атырау-Ақпарат» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны баспаханасының директоры болып қызмет атқарған жылдарымда облыстық «Аtyraý» газетi ұжымымен тығыз байланыста еңбек еткенiмдi бүгiнгi күнi жылы сезiммен еске алып отырамын. Осы жылдарда облыстық газеттiң өсу-өркендеу, даму кезеңдерi орын алды деп білемін, баспа-полиграфиялық көркемделуi де жоғары деңгейге көтерiлдi, таралымдары да көбейді.

Сол тұста елiмiздегi теңдесi жоқ жаңа Баспасөз үйінің құрылысы бой көтерiп, озық технологиялар iске қосылған жаңалықты кезеңнің бастауында, нақ ортасында ел азаматтарымен бірге жүрген кездерiмiз де айрықша есте қалды.

Қилыбай Қуанышбаев, Өтеген Нәукиев, Нұрлан Қабылов, Светлана Муньянова, Назарбек Қосшиев секiлдi тәжiрибелi журналистермен бірлесе еңбек еткен сол жылдар ендi ерекше естелiк iспетті.

Бүгінгі мереке күні Қазақстан баспасөзінде өзіндік орны бар «Аtyraý» газетінің ұжымына шығармашылық жетістіктер, биiк өрлеу, iргелi iзденiстер мен жан-жақты даму тiлеймiн!

Дендерiңiз сау, еңбектерiңiз өнiмдi, қаламдарыңыз қарымды, жүректерiңiз жалынды бола берсін!

Құрметпен,

Раукен Отыншин,

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры,

Қазақстан Журналистер одағы

Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы 

***

Құрметті әріптестер!

«Атырау-Ақпарат» медиахолдингіне қарасты «Аtyraý» облыстық қоғамдық-саяси газетінің ұжымын 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Ғасырлық кезеңде газетте ұлттың тарихы, елдің түйінді мәселелері, ғаламат тұлғалардың өнегелі өмірі жарияланды. Қаламгерлердің бірнеше буыны маңдай терін төгіп, еңбек етті.

Елдің, өңірдің дамуына зор үлес қосып отырған сіздің басылым заман тынысына байланысты ерекше қарқынмен өрістеп келе жатқанына біз куә болып отырмыз.

Қазіргі таңда еліміздің идеологиялық мақсат-мұраты, ұлттық асыл қазыналарды сақтап қалу секілді ең басты міндеттердің ауыр жүгін журналистер қауымы арқалап келеді және солай болып қала бермек те.

Мерейлі мереке қарсаңында басылымның барлық қызметкерлеріне кәсіби және шығармашылық табыс тілеймін.

Игі тілекпен,

Жомарт ӘМІРХАНОВ,

«Ақ Жайық» ЖШС директоры      

***

Атырау айнасы

Тәнге азыққа таза ауа мен ас қажет,

Жүгіреміз  дүние-мүлік, басқа деп.

Ал, жанға азық сенен де алып өстік біз,

«Аtyraý»-ым облыста бас газет!

Мен білгенде, «Коммунистік еңбегім»,

Көп танымдық түсінікті сен бердің.

Сыртқы әлемнің сырын жаяр өзіңді,

Потанинше  «терезеге» теңгердім.

Баянғұмыр бастау алып «Еріктен»,

Басылымға айнала алдың көрікті ең.

Шаттанамын оқырманың болғанға,

Мақтанамын сендей доспен, серікпен!

Тарихың бай, мол көргенің, бергенің,

Қандай қоғам, заман болсын – ерледің!

Еселі еңбек жемісінің еншісі –

Марапатың көп. Бәйгенің алдын бермедің.

Өлкеміздің кеше, бүгін, ертеңін,

Әмбеге аян сыр қып, жыр қып шертерің.

Саған қарап бой түзесе жас өркен,

Қариялар таразылар өткенін.

Мұнайшы ма, балықшы ма, малшы ма,

Мұғалім де, дәрігер де бар шығар .

Бәрі-бәрі дән риза өзіңдей,

Халық ойы, көз, құлағы-жаршыға.

Тәуелсіздік тұсы «Аtyraý» атандың,

Айнасысың облыстың, шаһардың.

Құлашыңды кеңнен сермеп келесің,

Республика бар БАҚ-тары қатарлы!

Сен халқыңмен тілдескелі бір ғасыр,

Қоса білдің жырға жыр һәм сырға сыр.

Жүз жылдығың құтты болсын, «Аtyraý!»

Нық қадам бас келешекке нұрлы, асыл!

Аты да әсем, заты да әсем «Аtyraý»,

Атақ-даңқың аспандап-ақ жатыр-ау!

Аймағыңның айнасы боп әмәнда,

Мәңгі жаса, тән боп жайнау, жарқырау!

  Жайғали  ӨТЕУҒАЛИ,

зейнеткер ұстаз

Қызылқоға ауданы,

Қоныстану ауылы

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button