Тұғыры берік жүз жыл
Ерте дәуірде тарихи оқиғаларды тіркеп, келешекке жеткізуші жылнамашылар болса, кейінгі баспасөз өмірге дендеп енген заманда бұл істі газет атқаруда. Немесе кәдуілгі ірілі-ұсақты оқиғаларды тарихқа айналдыру журналистердің төл міндетіне айналды. Осы ретте өзінің алғашқы саны жарық көргеніне жүз жыл толып отырған «Atyraý» газеті де осыншама уақыт өзіміз өскен, тұрып жатқан өңіріміздің қатпарлы тарихын жасауда. Қоғаммен бірге дамып, оның күнделікті саясатын насихаттаушы және адамдар тәрбиешісі болып отыр. Өзі тарайтын өңірдің экономикалық, саяси-әлеуметтік өсуіне ықпал етіп, рухани жетілуінің басты құралы болуда. Былайша айтқанда, адам тәрбиешісі.
Әріптестер туралы айтарымыз бар
Газет қашан да тірі организм. Өйткені, онда аз ба, көп пе, оқыған, уақыт тезінен өткен ең сапалы, зиялы, жазу қабілеті жоғары адамдар жұмыс істейді. Ондай өзгеге үлгі болатын, жазғаны жарқын, сөзі дуалы, дәлелді қызметкерлер біз сөз еткелі отырған газетте де аз болған жоқ. Олардың бәрін бірдей тізіп, санамалап, саралап, еңбектерін бағалау міндетімізге де кірмейді. Бірақ, өзіміз көрген, жұмыс істеген ұжым, оның басшылары мен қосшылары жайлы айту – парызымыз сияқты.
Мен аталған газетке өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында келдім. Ол кезде ұжымға сонау қырқыншы жылдардың ортасынан бері еңбек етіп келе жатқан ҚазМУ-дың журфагін, Мәскеудің жоғары партия мектебін бітірген қарымды қаламгер, ұйымдастыру қабілеті де, тәжірибесі де жоғары, республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Түсіп Бисекенов басшылық ететін. Ол өзімен жас жағынан қарайлас, шеберліктері жетілген, қаламдары төселген Әбуғали Ғабдуллин, Шөпенғали Дәуенов сынды орынбасарларымен бірге ұжымды ұдайы уыстарында ұстап, уақыт тынысына сай жұмыс істеді. Ол кезде газетте отыздан астам шығармашылық қызметкер үгіт-насихат, партия тұрмысы, совет құрылысы, мәдениет, өнеркәсіп және құрылыс, ауыл шаруашылығы, еңбекшілер хаттары (бұқарамен жұмыс) бөлімдері мен секретариатта жұмыс істесе, облыстың әр ауданында газеттің меншікті тілшілері болды. Оған қоса, жергілікті жерлерде штаттан тыс ауыл-село жұмысшы тілшілері бар-ды. Солар арқылы аймақтың қай бұрышының да тірлік-тынысы газет бетінде еркін жазылып тұрды.
Одан қалса, газеттің аппаратында еңбек ететін қызметкерлер ұдайы әр өңірде болып, нақты жайлармен танысып, көзбен көргендерін жариялайтын. Бұл қазіргідей телефон арқылы мәлімет жинағаннан анағұрлым нақты және шынайы еді. Соған сай ол кезде газет материалдарының жанрлық түрлері де көп-ті. Әсіресе, репортаж, суреттеме, корреспонденция, мақала, фельетон, мерекелік шалқымалар ұдайы беріліп тұратын. Ол кезде облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің аудандық газеттерде белгілі бір тақырыптарды жазуы туралы шолулар, «Соңғы почта» айдарымен ерекше жаңалықтар жазылатын.
Газет – қоғам барометрі
Газет қашан да уақыт талабына тәуелді, қоғам тынысын көрсетіп отыруы керек. Оған қоса әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Атырау аймағы қашаннан қырында құдық қазып, қыстау салып, төрт түлігін өсірсе, ойында су маржандарын теріп, балық аулаған. Соңғы жүз жылда жеті қат жер астынан мұнай сорып, газ шығарды. Әсіресе, алпысыншы жылдардан бастап, бұрынғы Қосшағыл мен Қаратон, Байшонас пен Қошқар, Доссор, Мақат ғана емес, Өзен мен Бозашы, Қарақия мен Мартыши, Қамысты, Забурын, тағы да ондаған кеніштерден «қара алтын» қорын тапты. Осы кезде Өзенге, одан Бейнеу–Қоңырат, Гурьев–Астрахан бағытында темір жол табандары төселді. Қаншама жаңа құрылыстар бой көтерді. Бұрыннан бауыры балшыққа малынған, мұржаларын мазут ысы тұмшалаған қала, ауыл-ауылға көгілдір отын келді. Зәулім-зәулім үйлер, ғимараттар тұрғызылды. Құлсары жаңарды, Гурьев көріктенді. Облыс орталығында темір жол вокзалы, әуежай алаңы, сауда орталығы, «Ақ Жайық» қонақ үйі, Махамбет атындағы драма театрының жаңа үйі, «Авангард», «Вокзал маңы» шағынаудандары дүниеге келді.
Жетпісінші жылдардың басында Қазақстанда «қой санын 50 миллионға жеткіземіз» деген ұран тасталып, барлық ауылда, өндірістерде комсомол-жастар бригадалары пайда болды. Бір қарағанда осы істердің қайсысының да басында бірінші болып иығына фотоаппараттарын асынған журналистер жүрді. Ол кезде телефон байланысы нашар, көлік қатынасы қиын. Бірақ, әуе, табиғат жағдайы, жол, көлік қатынасының қандайына да қайғырмай әр жаңалықты газеттің кезекті санынан қалдырмай беріп үлгеру сол кезгі әр журналистің абыройлы борышы болатын.
Ұйымшыл ұжымның ұтары көп
Әр ұжымның өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, сол кезгі «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Atyraý») газетінің редакциясы өз жұмыстарын жақсы білетін мамандар топтасқан барынша ұйымшыл, бірауызды ұжым болатын. Бас редактор (ол кезде редактор) жалпы басшылық жүргізсе, орынбасарлары – Әбуғали Ғабдуллин негізінен экономика, өндірістік мәселелерге жауап берді. Ол өмірде көрген-білгені көп, жазғанда төгіп-төгіп, еркін көсіледі. Қызметкерге тапсырманы езгілемей, қысқа, түсінікті етіп жеткізеді. Журналистердің жазу стиліне көп өзгеріс енгізбей, есесіне келіспейтін жерлерін кесіп лақтыра беретін. Кейде онысы бір-біріне қиыспай қалатын сәттері де жоқ емес-ті.
Ал, идеологиялық-әлеуметтік тақырыптарға жетекшілік ететін Шөпенғали Дәуенов – Шөкең болса, өзі қандай тақырыпта да еркін көсілетін, қызметкерлерге тапсырма бергенде басыңа құйып, тек фактілерін тапсаң, дайын мақаланы өзі құрып беретін білікті басшы еді. Бірақ, бір ерекшелігі – ол кісінің өзіндік жазу стилі бар. Ол өте ресми, эпистолярлық үлгі. Басы артық қызыл сөзге жоқ, соған сай желдіртіп жазылған мақалаларды ерінбей-жалықпай өз қолтаңбасында қайта жазып шығады. Осынысына бағып, кезінде Меңдекеш Сатыбалдиев ағамыз «Шөкең әр материалды қаламақы алатын кісіше, ернін тістелеп отырып өзінше өңдейді» деп әзілдейді екен. Марқұм өмірде өте сақ және өн бойында еш қулық, арамдығы жоқ, өзіндік ұстаным, пікірі бар аса тақуа, таза адам еді.
Бөлім меңгерушілері арасында кейін есімі елге танылған белгілі оқ мылтық журналист Нұриден Муфтахов өн бойы өзгеге ұқсамайтын бөлек қаламгер. Оның жазу блокнотын ешкім көрмейді. Өзгелермен сыр ашып, ақтарылмайды. Есесіне екі езуінде қысқа әзілдер балалап, үйіріліп отыратын. Көбіне жалғыз жүреді. Материалды жазарда көп толғанбайды. Бәрін де қапылыста, аяқ астынан машинкаға оқиды да, сол күнгі газет санына ұсынатын. Еш уақытта жол сапарын біреулерге айтып, жарнамаламайтын. Қайдан да өзінің ескі таныстарын тауып, ісін тез бітіретін.
Өнеркәсіп-транспорт, құры-лыс бөлімінің меңгерушісі Әміреш Жұмағалиев журналистикада тіс қаққан белгілі қаламгер. Орталықта үлкен орындарда жұмыс істейтін таныстары да көп. Бірақ, өзі көп жазбайды. Әйтсе де қарауындағы қызметкерлерді баулып, тәрбиелеудің шебері. Еш уақытта дауыс көтермейді. Бәрін де жаймен, ұғынықты түсіндіретін. Кейін Әбекең Алматыға жұмысқа ауысты да орнына Айтқали Нұрғалиев отырды. Қарауында Тасмағамбет Текеев, Ермек Биғалиев, Төлеген Берішбаев, Құралай Бисенбаева, Кеңес Тұрышев ілгері-кейінді жұмыс істеді. Әйтсе де олар жас та болса, аталған салалардың қайсысын да еркін меңгеріп, қаламдары төселді. Кейін облыс, республикаға белгілі журналистер атанды. Төлеген Балықшы, Теңіз аудандық газеттерінде бас редактор, облыстық телевидение мен «Атырау-Ақпарат» ЖШС-ін басқарды. Ермек «Atyraý» газеті Бас редакторының бірінші орынбасарлығына дейін көтерілді.
Ал, алғашқы күннен әдемі очерк, корреспонденция, салиқалы сын материалдарымен көрінген Айтқали Құмарғалиұлы бұрын жабылып қалған облыстық телевидениені қайта ашып, «Атырау-Ақпарат», кәсіподақтардың облыстық кеңесі басшыларының бірі болды. Ұйымдастыру қабілеті мол, іскер басшы атанды.
Сол бір жылдары облыстық газетте жұмыс істеп, көп құрметіне бөленген жүйрік журналистің бірі – Төлеубай Ысқақов болатын. Еңбек жолын осы газетте бастап, жылдар өте Қызылқоға мен Индерде редактор болған Төкең Махамбет атындағы драма театрының директорлығынан ««Atyraý»-ға мәдениет бөліміне меңгеруші болып келді. Қай тақырыпқа да төгіліп, еркін жазатын ол көбіне-көп мәдениет тақырыбына қамшы салдырмайтын. Ол кезде қай материал да әуелі қолмен жазылып, содан кейін ғана тасқа басылатын. Төлеубай аға ондайда күй талғамай, екінші біреулермен әңгімелесіп отырып-ақ темекісін тартқан күйі кезекті мақаласын қорытып, жаза беретін. Бүгін әлдебір аудандағы жиналыстарға қатысып, қалаға кештетіп қайтса да, ертесінде бастықтың алдында кезекті материалы жататын.
Бұлардан басқа сонау 1952 жылдан 90-ға дейін газетте еңбек еткен Тәжі Ақымов аса байыпты, салиқалы дүниелерімен есте қалса, бар шығармашылық шеберлігін осы басылымға арнап, қатардағы қарапайым журналистен бас редакторлық лауазымға дейін өскен Қилыбай Қуанышбаев, журналистиканың су төгілмес бозжарғасы Құмарғали Ғабдешев, сол кезгі облыстағы 46 кеңшардың барлық директоры мен бас мал маманы, бақташы, аға инспекторы, көмекшілерін түгел танитын, қыстау, құдығы, жайлауын да жатқа айтатын Құмар Кенжеғалиев те ауыл шаруашылығы саласы шежіресін тізбелеген әріптесіміз болатын. Кейін ол біраз уақыт газетті, облыстық полиграфия, кітап саудасы басқармасын басқарды. Өз ісіне аса ұқыптылықпен қарайтын басшы еді.
Ал, өз аудандарының шежіресін жасауда кезінде ұзақ жыл газеттің меншікті тілшілері болған Дініш Жолмұқанов, Мұстахи Бимағамбетов, Тұрар Құрманғалиев, Сәдуақас Байтауов, Мұхтасым Суханбердиев, Оразаухан Ізбасаров, Закария Ысмағұлов, Рахмет Иманғалиев, Бақытжан Бозданов, Төлеген Жаңабайұлының еңбектерін құрметпен еске алуымыз керек. Олардың қайсысы да түрлі тақыптарда бесаспап және жедеғабыл жазатындықтарымен ерекшеленетін. Сонымен бірге олар бір қолында қалам, екінші қолында фотоаппарат, суретшілікті де меңгерген сайма-сай журналистер болатын. Солардың сарқыты осы күні әлі де ортамызда жүрген Төкең (Төлеген Жаңабайұлы) қолынан қаламын түсірген жоқ. Ол газетте бөлім меңгерушісі (редакцияның алқа мүшесі), облыстық радио мен телевидениеде төрағаның орынбасары, салалық «Прокуратура жаршысы» газетінің бас редакторы болды. Х.Досмұхамедов атындағы университеттің Құрметті профессоры. Ендігі жолы 80-ге толатын әріптеске шығармашылық табыстар мен денсаулық тілейміз.
Тарих таразысындағы кезең
Бұл бүгінгі жүз жылдық газет ғұмырының өзіміз көріп, ортақтасқан жетпісінші жылдарғы 15-20 жылға созылған қас-қағым сәті. Одан бері де 40-50 жыл өтті. Кешегі Түсіп ағамыз басқарған газет қызметкерлерінің құрамы жылдар өтіп, жас қыз-жігіттермен толықты. Одан бері газетте Теңдік Жауыров, Құмар Кенжеғалиев, Қилыбай Қуанышбаев, Нұрлан Қабылов, Исатай Балмағамбетов, Назарбек Қосшиев сияқты заман үрдісіндегі ойлау қабілеті мен ұйымдастыру шеберліктері жетілген бас редакторлар келіп, бұрынғы 70-80 жыл бойы қалыптасқан ортаны жаңа шығармашыл жастармен байытты. Жылдармен бірге газеттің безендірілуі, басылуы, мазмұны жақсарды. Бұл арада әлемдік стандарттың үлесі мол екені сөзсіз.
Бұл өтпелі заман әкелген жаңалықтар. Заманмен бірге адамдардың өмір сүру дағдысы, ойлау жүйесі, тұрмысы, білім деңгейі өсті. Ендеше, соның бәрін халыққа түсіндіріп, әлемдік тәжірибеге әкелуде қоғамның, сондай-ақ онда өмір сүруші адамдардың үні һәм көзі, құлағы бола білген «Atyraý»-дың орны ерекше. Газет құрылымы тек қана қолына қалам мен блокнот ұстаған жазғыштардан тұрмайды. Сол бір жетпісінші жылдардың тілімен айтсақ, теруші, құрушы, суретші, фотожурналист, корректор, баспахана қызметкерлері сияқты түрлі құрам арқылы жарық көрді. Осылардың бәрінің басы құралғанда әр дәуірге сай үлкен тарихтың шежіресі жасалады. Ендеше, сол шежірені бірден-бір жасаушы – газет, ондағы қызметкерлер.
Ортақ мақсатқа – өзіндік үлес
Осындай абыройлы қызметте елу жылдық үлесімізді қосқан біз де, бізге дейінгі еңбек еткен апа-ағаларымыз бен кейінгі іні-қарындастарымыз да сүйікті «Atyraý»-ымыздың абыройын асырып, әр санын кідіріссіз өз оқырмандарымызға жеткізгенімізді мақтаныш етеміз. Осыншама жыл газетке материал ұсындық. Өңір тынысы, тарихын, жерлестеріміздің адал еңбегін, сонымен бірге кейбір қол байлаған келеңсіздіктерін де көрсетуге ұмтылдық. Біздің бүгінгі ізбасарларымыз жаңа Қазақстанның жасампаз істерін көрсетуге күш салуда. Қашан да уақыт өткен сайын адамдардың талабы мен таным деңгейі, арман-мақсаты да арта түседі. Сол жауапкершілікті түсініп, оларды дер уақытында билікке жеткізу, сол арқылы үдеден шығу – журналистер үшін үлкен міндет. Әйтпесе бұқара мен билік арасында алшақтық пайда болады. Бұл ұлттың әлсіреуіне әкеледі. Әлсіздік қоғамды шатқаяқтатады. Мәселен, қазақ мемлекетін өзіндік тілімізбен келісті Ақ орда десек, әдетте ақ тұғыры мығым кереге (халық), уық (билік), шаңырақтан (билік басы) тұрады.
Егер жоғарыда біз атаған әр құрылым дұрыс жұмыс істеп, жүйесін тапса, мемлекет те қуатты, бай, зайырлы, әлемдегі озық елдермен терезесі тең, керегесі кең дәрежеде өмір сүреді. Оның мығым қалпының болмысын бақылаушы баспасөзі әрдайым аса қырағы және шынайы болғаны дұрыс.
Ендеше, біз туған өңіріміздің жүз жылдық ғұмыры бар (бұйырса әлі талай жыл өмір сүретін) жылнамашысы атанған «Atyraý »-ымыздың әлі де өзінің дәстүрлі қадамынан жаңылмай жасай беретіні сөзсіз. Біз соған тілекшіміз. Шежірелі тарих жалғаса берсін.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Құрмет» орденінің иегері