Тарих тағылымына толы басылым
Өткен аптада облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің ғасырлық тойына арналған негізгі шаралар шоғыры өтті. Әуелі көнекөз қариялардың ұлағатын ұлықтап, «Еріктен» басталған тарихтың тағылымын кеңінен таратуды мақсат тұтқан газет ұжымы салтанатты шаралар басталмас бұрын дүниеден өткен жандарға дұға бағыштап, қасиетті сүренің сауабынан үміт етті.
Мұражай – жылдардың жаңғырығы
Жұма күні түске дейін «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің жаңартудан өткен мұражайы ашылды. Республиканың көптеген өңірінен келген қонақтар, ардагер журналистер, БАҚ өкілдері мен тілеулес жандардың басын қосқан тұсаукесер салтанатқа жиналғандардың қатары көп болды.
Медиахолдингтің Бас директоры Жасын Біркенов сөз алып, басылымның мерейтойына арналған шаралардың былтырдан бастау алғанын атап өтті.
– Бұл күн ортамызда жүрген ардақты ардагерлердің жарқын мерекесі, солардың ерен еңбегінің арқасы деп білемін. Сонымен қатар, ұжымның тындырымды тірлігі мен жұмсалған уақытының жемісі деуге толық негіз бар. Сондықтан, бүгінгі «Atyraý» газетінің мерейлі күні баршаңызға құтты болсын! — деді Жасын Ерсінұлы.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов өмір жолында төл басылыммен тығыз қарым-қатынаста болып, бас редакторларымен етене жақын жұмыс істегенін айтты.
– Бүгінгі мереке барлығымыздың айшықты күніміз десек артық етпейді. Себебі, басылыммен өмір, адамзат, табиғат танымын біліп, еліміздің өркендеу жолын ұғып өстік. Ортамыздағы ардагер журналистер, ел ағаларының тырнақалды туындылары жарық көрген «Atyraý» газетінің ғұмыры ұзақ болсын. Менің басымда осы басылыммен байланысты сырлы естеліктер бар. Мереке құтты болсын! — деп Мұрат Сақтайұлы газет ұжымына ардагерлер кеңесінің шешімімен қабылданған «Атырау облысы алдындағы еңбегі үшін» медалін табыстады.
Содан соң медиахолдингтегі мұражайдың салтанатты ашылу рәсімі ардагер журналист, белгілі өлкетанушы Өтепберген Әлімгерейұлы мен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовке ұсынылды.
Медиахолдингтің қызметкері Жаңылсын Дәулетова жиналғандарды мұражайдағы жеке деректер, құжаттар, жәдігерлер, ескірмес естеліктер, фотокөрмелер, бас редакторлар клубы мен «Атырау-Ақпарат» футбол құрамасының жетістіктері, серіктестіктің өнімдері, ардагерлер бұрышы мен тарихтан үн қататын үнпарақтар туралы түсіндіріп, таныстырды. Сондай-ақ, жылдар жаңғырығындай жылы естелік суреттер, өмірден озған ардагерлердің әр жылдары пайдаланған құралдары мен қаламгерлердің қолтаңбалары қойылған.
Кітапта сақталған тарих
Медиахолдингтің баспасөз клубында облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған белгілі қаламгер, көзінің тірісінде «абыз» атанған белгілі қаламгер Шөпенғали Дәуенұлы жинақтап, жазушы-публицист Өтепберген Әлімгерейұлы жаңа естеліктермен толықтырып құрастырған тарихи-шежірелі «Қалам ұшындағы ғасыр» атты жинақ пен тарихшы-ғалым Аққали Ахметтің «Атырау» – баспасөз айнасы» атты жаңа кітаптарының тұсаукесеріне ұласты.
Кітаптың тұсауын кесу құрметіне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Төлеген Жаңабай мен «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі Бас директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов ие болды. Кітаптың авторлары кезекпен-кезек сөз алып, кітаптың мазмұны туралы қысқаша тоқталып, жылы лебіздерін жолдады.
– Жүз жыл халықпен бірге болу деген ғажайып нәрсе, өңірдің жүз жылдық тарихын жасау. Ал, ғасыр бойы оқырманның көз алдында, сол өңірдің бүтін тарихын жасау газеттің ғана маңдайына жазылған. Өйткені, журналист жазады, газетке шығады. Ал, ол он жыл, әлде жиырма жылдан соң тарихқа айналады. Газетте жұмыс істеу деген сөз халықтың алдындағы ең озық, зиялы адам деп есептеу керек. Өйткені, қай журналист те өзінің жазғанын өзгелердің оқитынын біледі. Осы тұрғыдан қарағанда газеттің ғасыр тарихында еңбек еткен адамдар, олардың көтерген тақырыптары, қоғамға байланысты қандай мәселелер жазылды, жетістіктері бар, солардың бәрін газетте көрсету, кітап етіп басып шығару – үлкен мәселе. Газет тарихындағы алғашқы жетістік десе де болатындай. Жазарларыңыз көп болсын, — деді Өтепберген Әлімгерейұлы жылы лебізін білдіріп.
– Баспасөз – елдің айнасы. Газет бүгінгі күнге дейін бізге соншалықты жақын. Бұл кітапта «төте жазу» қарпімен басылған «Ерік» газетінің алғашқы номерлері, алғашқы редактор Төлепкерей Өтеулиевтен бастап, күні бүгінге дейінгі басшылық құрам және жүздеген қызметкерлердің ұжымдық жұмысы көрсетілген. Былайша айтқанда, бұл кітап – тарихтың сөзі. Ал, тарих газет арқылы жазылады, — деді Аққали Қабижанұлы.
Облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев да осы шаралардың өтуіне облыс әкімдігінің қолдауымен «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі ұжымының ұйымдастырып отырғанын атап көрсетіп, газет ұжымы мен ардагерлері атынан ризашылығын білдірді.
Мерейтой аясындағы негізгі жұмыс – газет ардагерлері, бүгінде марқұм болған Берік Қорқытов, Теңдік Жауыров, Құмар Кенжеғалиев, Әбуғали Ғабдуллин, Шөпенғали Дәуенов, Нұриден Муфтах, Бақытжан Боздановтардың есімдері қаладағы «Самал», «Жұлдыз» шағынаудандары мен Жаңаталап ауылы, сондай-ақ Құлсары қаласындағы көшелерге берілуі. Кейбір ардагерлердің есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында тұрған үйлеріне мемориалдық тақталар орнатылды.
Шара соңында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Ерболат Қаменов, «Алатау Ақпарат» ЖШС директоры Ержан Төлек, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, «Айқын-Литер» ЖШС директоры Ысқақ Егембердиев, «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Гүлмира Әбішевалар «Atyraý» газеті редакциясымен танысты.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ