Тәлімгер Теңдік тағылымы
1987 жылы облыстық газеттің редакторы Құмар Кенжеғалиев «Полиграфия» өндірістік басқармасына бас директор болып ауысты да, оның орнына бұған дейін облыстық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған Теңдік Жауырұлы келді. Бұдан бұрын да облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде редактор болған оның қолынан 1978 жылы ҚАЗМУ-ге оқуға аттанарда жолдама алғанмын, содан танимын. Оның үстіне газеттерге ой-пікірлерін, өзі түсірген фотосуреттерін жолдап тұратын әкем Құндызбай да «сендердің жаңа бастықтарың менің құрдасым» деп бөлекше бір мақтанышпен сырттай тағы да бір таныстырып қойды. Түр-келбетінен аса бір зиялы адамның кейпі көрінген тәкеңнің өзі де маған әп деген-ақ ерекше әсер қалдырған.
Түйсігім алдамапты. Ешкімге дауыс көтеріп сөйлемек тұрсын, әр сөзін екшеп, салмақтап, тіпті, бипаздап айтатын ол шын мәнінде зиялы жан болып шықты. Өмірде «күнә» деген іс-әрекеттерден жаны да, тәні де ада, көңілі таңғы шықтай таза екі адам болса, соның бірі, ал, бір адам болса, соның тап өзі Теңдік Жауырұлы деп білемін. Оны осыншама адал етіп қалыптастырған өзінің ортасы, қоғамы – кеңестік жүйе (сол бір кезеңнің де тәрбие ісінде жақсы жақтары болғанын ешкім жоққа шығармас – И.Б.) болатын. Партиялық орган – газеттің редакторлығы да, обкомдағы бөлім меңгерушілігі де оны қоғам мүддесіне шынайы берілген мейлінше таза қызметкер (шын мәніндегі талаптың өзі сондай еді ғой – И.Б.) етіп шыңдаған. Турасын айту керек, біз білетін Тәкең осы бір «періште» қалпынан өмірден өткенге дейін де еш өзгерген емес.
Теңдік Жауырұлы редактор болып келерден бір жылдай бұрын редакцияда кадр тапшылығы сезіліп, газетке хабарошар жолдап тұратын өзге саланың екі-үш маманы қызметке алынған еді. Солардың бірі – сенім үдесінен шыға білген Меңдібай Сүмесінов бұрынғы электрик. Ол өндіріс саласынан қаламы жорға кәнігі журналист атанды, қазір зейнет демалысында. Ал, өзгелері жаңа редактордың қатаң талабына төтеп бере алмай, бас-аяғы үш-төрт айдың ішінде редакциядағы орындарын босатты. Мұны көріп, «бастық жәй кісі ғой, мінезі де жұмсақ» деп сырттай тон пішіп жүрген жас қызметкерлердің көпшілігі іштерін жиып қалып еді. Сөйтсек, қатал болу дегеніңіз – аузынан ақ көбігі атқылап айқай салу емес, айтарын қабағымен ұқтырар берік ұстанымда жатыр екен ғой. Тәкең газет мақалаларына да өзіндік принциппен аса қатал қарады.
Бір күні өзім қызмет жасайтын ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Төлеген Жаңабайұлы:
– Исатай, Нарын құмынан жазған циклың жақсы екен, маған ұнады. Редакторға бердім, — деп жымия қарады. Бастығымнан мақтау естіген соң, көңілім көкке көтеріліп, қанаттанып қалдым. Сол екпінмен: – Аға, мен тағы да командировкаға шығып келейінші, — деп сұрадым.
Ол кісі де:
– Жарайсың, Қызылқоға ауданына кімді жіберемін деп отыр едім, — деп орнынан ұшып тұрды да, кабинеттен шыға жөнелді. Бес минуттай өтер-өтпесте қайта оралған Төкең «редактормен келістім, ертеңнен бастап іссапарға жөнеле бер» деп тапсырмасын тиянақтады. Сөйтіп, жігерімді жани түскен мен бір аптадан кейін жексенбі күні іссапардан келдім. Келдім де, бірден соңғы поштаны ақтардым. Газеттен өзімнің бөлім меңгерушісі мақтаған Нарыннан жазған циклымды іздеймін келіп. Жоқ, жарияланбапты. Неге? Ертеңіне редакцияға келген соң, Төкеңе сәлемдескеннен кейін бірден:
– Менің материалым шықпапты ғой, аға, онысы несі? — деген ренішке толы сауалымды қойып қалдым.
– Редактордан шықпай жатыр ғой, Тәкең мұқият қарайды, шыдау керек, шығады ғой, — деп Төлеген Жаңабайұлы тағы да бір жымиып қойды. Мен жымиюдың сырын сонда ғана түсіндім. Теңдік Жауырұлының алдына барған мақаланы бүге-шүгесіне дейін талдап оқып, соның өзінде де екі шұқып, бір қарап отыратын аса сақ редактор екеніне көп ұзамай-ақ өзімнің де көзім жете бастады.
Ол кезде газеттерде «бас мақала» аталатын, бүкіл нөмірдің бетке ұстары делінетін салмағы ауыр материал болды. Оны редактордан бастап бөлім меңгерушілері, яғни, редакциялық алқа мүшелері ғана жазатын. Бірде Теңдік Жауырұлының өзінің бас мақаласын машинистка Ақлима апайдың алдынан көріп қалып, таң-тамаша қалғаным бар. Тәкең өз қолжазбасының да сау-тамтығын қалдырмай сызғылап тастапты. Өзін-өзі қайтадан сын көзімен оқып, бейне өзге біреудің дүниесіндей қайтадан шимайлаған. Соны көрген мен «бұл кісі тіпті өзіне-өзі мынадай қатты қарағанда, бізді қалай бір оқып жібере салсын…» деп тәубеге келгем. Бір қызығы, тек редактор ғана емес, оның орынбасары Шөпенғали Дәуенов те тілшілердің материалына қырғидай тиіп, сілікпесін шығаратын. Редакция ішінде «Шөкең мақаламызды осының қаламақысын өзі алатындай қарайды» деген сөздің де шығуы тектен-тек емес еді. Сөйтсек, соның бәрі жауапкершілік деген салмағы зор міндетке деген шынайы адалдық екен ғой. Сол еңбекқор да, өз кәсібіне мейлінше адал жандардың тәлімін көріп, тағылымын көкейге тоқығандықтан шығар, бүгінде өзім де мүмкіндігінше кімнің жазбасын оқысам да, олпы-солпы сөйлем көрсем, түзеп жібергім келіп отырады. Әрине, газет жұмысы үздіксіз алға жөңкілген конвейер ғой, кейде олқы тұстар да көзден қағыс кетіп жататынын жоққа шығаруға болмас.
Қазақта «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген де ғибратты нақыл бар. Бұл «шешімді асықпай ойланып-толғанып қабылдайтын жандардан үлгі ал» дегенге үндейді. Теңдік Жауырұлынан осы тұрғыдан да үйренгеніміз мол болды. Бірақ, турасын айту керек, кезінде жастықтың буымен оны бірден түсіне де қоймаған сәттер аз емес-ті. Бір күні кабинетімде алаңсыз хат қорытып отырған (сол шақта оқырман хаттарымен жұмыс жасауға, оларды мүмкіндігінше газет бетінде көптеп жариялауға баса көңіл бөлінетін – И.Б.) мені редактор шақыртты.
– Ә-ә, Исатай, кел, отыр, — деп Тәкең әдеттегіше сыпайы қалыпта қарсы алды. – Қалай, хал-жағдайың жақсы ма? – Шүкір…
– Ә-ә, дұрыс… Саған айтайын дегенім…
– Теңдік Жауырұлы асықпайтын дағдысымен алдындағы әлдебір хатты алақанымен бір сипап қойды. Сосын ойланғандай үнсіз қалды. «Не айтар екен?» деп дегбірім кетіп отырмын.
– Мынау бір арыз хат. Бір топ оқырмандар жолдапты. Авторларының аты-жөндері анық жазылған, ендеше, оларға сенім артып, газетке жариялап жіберуге болады…
– Жақсылап дайындап берейін, жариялаған дұрыс шығар, — дедім мен де.
– Жақсы, ол бір варианты дейік, тағы да ойланып көрейікші, — деген Тәкең хаттың кейбір жерлерінен үзінді оқыды.
– Ауылда жалғыз клуб бар дейді, алайда, ол құлыптаулы тұратын көрінеді… Ал, бұл хаттың көшірмесін тексеруге салып жіберсек қайтеді?
– Сөйтсек, сөйтейік, жауап келеді ғой…
– Мен «ең оңай жолы осы ғой, осыған тоқталса екен…» деп тілеп-ақ отырмын.
– Ал, сүйкей салды, шығарыпсалма жауап келсе ше? – деп сәл үнсіз қалған редакторым ойына тағы да бір тың идея келгендей шапшаң тіл қатты.
– Мұны арнайы барып тексеріп келуге де болады… – Болады ғой… – Әлде… Жарайды, мына хатты саған берейін, оқып, мұқият танысып шық. Сосын қалай істейміз, сол жағын ойланып шықшы, — деген редактордың кабинетінен кәдімгідей ойланып шықтым.
«Сонда мұны не істейтін болдым, қызық екен, бастықтың өзі де кесіп ештеңе айтпады…» деп әрі-сәрі күйге түскен мен хатты оқымастан тартпаға салып тастадым. Өзімше тапсырмасын нақтылап бермеген бастыққа деген өкпем де жоқ емес…
Сөйтсем, бұл да басшының жас қызметкерге берген тағы да бір өзіндік тәлімі екен ғой. «Тек шайнап бергенді жұтуға үйренбесін, өзі де ойланып-толғанып шешім жасай білуге жетілсін» дегенді сол шақта қайдан түсінейік? Кейін республикалық, облыстық газеттерде бас редактор болғанымда Тәкеңнің сол әдісін есіме түсіріп, өз қарамағымдағы жас тілшілерге еркіндік те беріп жүрдім. Ілешала «бір кездегі өзім сияқты бұлар да түсінбей жүре ме?» деген күдік те көңіл терезесін тырналағанын жасырмаймын. Десек те, шығармашылық жолдағы адамға қыспақ емес, мейлінше еркіндік берілуін өз басым құптаймын. Бірде қателесер, бірде нысанасын дөп табар. Ізденіс дегеніңіздің өзі де осы ғой.
Теңдік Жауырұлының облыстық газетке екінші мәрте (обкомға қызметке барғанға дейін де осында редактор болғанын жоғарыда айттық – И.Б.) редакторлық еткен кезеңі ел өміріндегі қайта құру, жаңару жылдарымен тұспа-тұс келді. Мемлекеттік тіл мәселесі дабыл қаға көтерілді, тарихи атауларымызды қайтару дүрбелеңі басталды. Тап осы ұлт үшін ең өзекті саналатын проблемаларды көтеруде облыстық газет тарихи маңызды міндетті абыроймен атқарғанын айрықша атап айту керек. Нөмір сайын дерлік жұртшылықтың ой-пікір, ұсыныстарын газет бетіне жариялап, өзіміз сандаған пікірталастар ұйымдастырдық. Тіпті, жұмыстан шыға салысымен қаладағы балабақшаларды табанымыздан тоза аралап, қазақша топтарды көбірек ашуға үндедік. Сол кездегі «жалаңтөс баhадүрлер» қатарында ғалымдар Қадыр Жүсіп, марқұм Құсекен Шәукенов, журналист Айтқали Нұрғалиев, инженер Мәлік Оңғалиев, облыстық білім беру басқармасының қызметкері Жәмила Садықова, дәрігер Халел Сағын, заңгер Сабыр Ұзақбаев, ақын Гүлнар Шәмшиева және басқа да (ішінде өзім де бармын) патриот қыз-жігіттер жүрді.
Ал, олардың бәрінің бас қосатын бас штабы редакция болатын. Өзім де қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы тиіс екендігі жөнінде жиі жаздым. Сонда бір байқағаным – Теңдік Жауырұлының тап осы мәселеге бүйрегі ерекше бұрғандығы. Баяғыша апталап оқу былай қалып, бұл материалдарды Тәкең аса шұғыл қарап, нөмірге кідіртпей жіберіп отырды. Тап сол тіл мәртебесін бекіттіруде, қала мен облыстың «Атырау» атауын иеленуінде қазақ тіліндегі облыстық газеттің атқарған ролі зор десем, бұған ешкім дау айта алмас. Өйткені, сол дүбірлі доданың ен ортасында жүрген бізден артық айтар жан табыла да қояр ма екен?!
Өмірде жөн-жосықсыз кекеп-мұқап, жөн ісіңнің өзінен инедей болса да кінәрат іздеп отыратын, мына опасыз жалғаннан бәрін өзінің қара басына ғана жиып, басқаға болғанын көпе-көрнеу қызғанатын жандарды көріп, еріксіз қынжыласың. Бір жаманы ондай қараулық қазіргі компьютердің вирусы секілді кейінгілердің де бойына жұқпалы келеді. Мұны өз басым, әсіресе, шығармашылық ортадан көбірек көргендіктен айтып отырмын. Ал, керісінше, үнемі ізгі ниеті мен қамқор көзқарасынан айнымайтын, титтей жетістігіңе өзіңдей қуанып, онысын жеткізгенше асығатын да адамдар болады. Өкінішке орай, олар аса көп емес. Бәлкім, «өмір – күрес» деген сөз мына жалғанда жақсылардың жамандардан аз болатындығынан да шыққан шығар. Теңдік Жауырұлының бекзат болмысына үңілгенде өзім осылай толғанамын. Өйткені, оған қызғаныш атаулы атымен жат, әділін айтып қарап отыратын, жазатайым біреуге біреудің қиянат жасағанын естісе, «апырау, бұл қалай болғаны, өйтпеуі керек еді ғой, бұлай болуы мүмкін бе өзі?..» деп таусылып отыратын еді, жарықтық…
1990 жылдың мамырынан бастап мені республикалық «Лениншіл жас» газетінің басшылығы республикамыздың батыс аймағы бойынша меншікті тілшісі етіп қызметке шақырды. Бұған шет облыста жүріп-ақ орталық басылымдарда жиі көрініп жүргендігім себеп болса керек. Барғым келеді, бұл бұрын атақты ақын Фариза апамыздың атқарған қызметі! Бұл өзімнің сыйлас ағам – белгілі журналист Төлеген Берішбайдың атқарған қызметі! «Ат тұяғын тай басар» дегендей, енді жеделдес әріптесім Самат Ибрайымовтан эстафетаны мен алсам, несі айып? Алайда, бұл жаңалықты редакторым Теңдік Жауырұлына айта алар емеспін. Өйткені, соның алдында ғана редакцияішілік еңбек жарысы қорытындыланып, маған «Коммунистік еңбектің» үздік журналисі» куәлігі мен 100 сом ақшалай сыйлығы, бір апталық еркін іссапарға жолдама берілген болатын. Азды-көпті еңбегім еленіп, осылайша зор сенім артылып отырғанда «кетем» деу «өзіңнің су ішкен құдығыңа түкіргенмен» бірдей болмай ма екен? – Осылай әрі-сәрі ойда жүргенімде Тәкеңнің өзі шақырып алды. Жанында редакцияның жауапты хатшысы Қабижан Сағиев отыр.
– Ә-ә, Исатай, кел, сенде осы бір жаңалық бар дейді ғой, — деп көзәйнегінің астынан сынай қарады Тәкең. Мен аузымды ашып үлгергенімше, сөзін жалғап та кетті. – «Лениншіл жастан» Уәлихан ініміз телефон соғып жатыр, сені бізге бер дейді…
– Иә, аға, ұсыныс өздерінен… – деп күмілжідім. Ұшқан ұямыздағы тәрбиеден болар, үлкеннің алдында суырылып сөйлеп, қақшаңдап көсемдік жасау бойымда мүлдем жоқ еді, бұл жолы да сөлбірейіп отырмын. – Жоқ, сен қысылма, республикалық беделді басылымның («Лениншіл жастың» атақ-даңқы дүрілдеп тұрғанын, республикадағы таралымы ең көп, әрі сүйіп оқылатын тартымды басылым екенін сол кездегі көзі қарақты оқырман жақсы біледі – И.Б.) қалауы саған түсіп жатса, оған өзің де, біз де тек қана қуануымыз керек. Әрине, бізге де жақсы қызметкер қажет. Дегенмен де, өзіңнің ойың қалай?
– Барсам деймін…
– Дұрыс, жолыңа бөгет болмаймыз, солай емес пе, Қабижан, ә?
– Алдында екеуара әңгіме болған болуы керек, Қабекең де жедел басын шұлғыды.
– Сәт сапар, айналайын… Oсылайша, Тәкең батасын әп-сәтте берді
Қабижан аға (өте талантты ақын, еңбекқор журналист, қабілетті жастарға ерекше қамқор, аяулы жан болатын, өмірден тым ертерек кетті – И.Б.) кабинетіне ертіп келіп, менің еңбек кітапшамды аса бір ыждағатпен толтырды, тіпті, редакция басшылығынан, комсомолдан әркез де алған марапаттарымды да тәптіштеп жазуды ұмытпады. Бүгінде еңбек кітапшамды қарап отырсам, марапат бетшелеріне содан кейін ешкімнің қолы тимепті. Әрине, жоқ болғасын жазбаса, бір сәрі, өзіңнің барыңды өзіңнен көп көретін пендешілікке не дерсіз. Сондайда өзгенікін өздерінің дүниесіндей көріп, бар жан-тәнімен қамқор болатын осындай ағаларды еріксіз аңсайсың…
Республикалық ақпарат айдынына ақ тілекпен шығарып салған Тәкең де, Қабекең де енді «Лениншіл жастың» бетіндегі материалдарым туралы күнделікті ой-пікірлерін білдіріп отырудан еш жалыққан емес. Бұрынғыдан да бетер шығармашылық тығыз байланыс орнады. Арагідік облыстық газетке де мақала, көркем әңгімелер жариялап жүрдім. Бір жылдан кейін экология тақырыбындағы жарияланымдар сериясы үшін Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атанғанымды телетайптан алғашқы болып оқыған осы Теңдік, Қабижан ағалар үйге телефон шалып, өзімнен бетер қуана құттықтаған. Өзгенің қуанышын өзінікіндей сезінген кәусар көңілдерден шашылған шұғыла-шуаққа шомылған сол бір сәттер-ай!..
Журналистер де ақынжазушылар ауылымен қоңсы қонатындықтан шығар, көбіне салсерілікке, еркін жүріп, еркін тұруға бейім ғой. Үлкенді-кішілі әріптестеріміз хақында анекдотқа пара-пар әзіл-оспақтар да аз емес. Бірақ, журналистердің ішінде ғұмыр бойына жұмыстан басқаға мойын бұрыңқырамаған, қақ-соқпен ісі жоқ Теңдік Жауырұлы кезінде жұмысшы-село тілшілері үшін арнайы кітапша жазған болса, өмірінің соңғы кездерінде өзінің мол тәжірибесінен университет студенттеріне дәріс оқыды. Оған журналистика саласындағы мол тәжірибесі ескеріліп, академиялық доцент атағы берілді. Шәкірттері үшін ғұмыр бойына тәлімгерлік қалпын сақтап қалған Теңдік Жауырұлы «Атырау» газеті редакциясына да апта аралатып телефон соғып, кейде аяқтай келіп, ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтуды өмірінің соңына дейін ұмытпаған еді. Кезінде ҚазМУ-дегі тау тұлға ұстазымыз Тауман Амандосовтың төбесі көрінсе-ақ, көк базардың қасындағы тоғыз қабатты редакция ғимаратындағы қаптаған шәкірттері жапа-тармағай сәлем беруге жүгіретінін көзіміз көрген. Атырауда да сол үрдіс қайталанушы еді, Теңдік Жауырұлы редакцияға кіріп келе жатқанда қолын алып, тілдесуге асығып тұратынбыз…
Бүгінде ол туралы естеліктер жазу, сол арқылы бітім-болмысын кейінгі буынға ұлығылаудың өзі біз үшін басты парыздың бірі болып қалды. Осы мақсатта 2021 жылы «Атырау журналистикасының абызы» атты естеліктер кітабын құрастырып шығарғанымды тәлімгер аға рухы алдындағы бір борыштың өтелгендігі дер едім. Әрине, әлі де талай естеліктер жазылар, есімі түрлі деңгейде ұлығыланар. Бүгін өзі ұзақ жылдар тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық ескерткіш тақта орнатылуы – осы құрметтің басы…
Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ
«Атырау-Ақпарат» медиахолдингі Бас директорының орынбасары,
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі