Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Талғамы биік талант

(Жазушы – журналист Рахмет Иманғалиұлы 90 жаста)

Рахмет ағаны мектепте оқып жүрген кезімнен газетке жарияланған туындылары мен өлеңдері арқылы аты-жөнін жаттап өстік. Оның үстіне мектебіміздің директоры, қара сөздің шешені, әдебиетті жанындай сүйетін, беделімен аудан жұртшылығын аузына қаратқан, ибалы да айбынды Бақтығұл Құспанұлы: «Рахмет – біздің шәкіртіміз, оқып жүрген кезінде сөз өнеріне деген қабілетімен танылған еді. Енді міне, елге есімі әйгіленіп отыр, бұл ұстаздары үшін абырой.

Сендер де осындай дарындардан үлгі алуларың керек», — деп,

сабақ сайын ақыл-кеңесін айтатын. Шындығына келсек,

осы мектептен Рахаңның жолын қуған біраз

журналист-жазушылар, ақындар шықты.

Иә, Рахмет Иманғалиұлы тек жазушы әрі журналист емес, шежіреші, өлкетанушы әрі тарихшы, жылнамашы, айтыскер ақын, талмас талант, рухани жағынан бай, қоғам қайраткері, айтулы ұстаз, ұлағаттылық пен азаматтықтың биік тұлғасы еді. Оның көңілінің кеңдігі, кең даладай байсалды мінезі, қиянат жасауды білмейтін жан тазалығы, әділдіктің өзі, шындықтың көзі, бәріне «болсын, бәрі де оңсын-толсын» дейтін қамқор, көпшіл, әзиз жүректі азамат. Олай дейтінім, 1974 жылы тамыз айына дейін ауыл тілшісі болып жүрген мен аудандық газетке жұмысқа шақырылдым. Содан бастап, сол жылдарда облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Аtyraý») газетінің Құрманғазы, Исатай аудандарындағы меншікті тілшісі Рахмет ағамен үнемі кездесіп, ақылдасып отырудың сәті түсті.

– Жазу бағытың жаман емес, іздену керек, әлі жаттығып кетесің, — деп жай ғана қоңыр үнімен мені жігерлендіріп тастайтын қайран Рақаң.

Ағамыздың есте сақтау қабілетіне таң қалатынбыз. Батыс өңірінің, соның ішінде ауданның ежелгі тарихын жетік білетін және дәлелді дәйектермен өрнектейтін. Сол кезеңдегі әдет – партия мен үкіметтің қаулы-қарарларын материалдар дайындағанда жиі пайдалануға тура келеді. Көбін ұмытып қалып, газет тігінділерін қопаруға ерініп, Рақаңа телефон соғушы едік. Сонда ағамыз еш ренішсіз «бәлен жылдың мына айын қарашы» дейтін, онысы дәл болатын. Рақаңның ой жүйріктігі, сөз маржанын теріп, бал тамғандай етіп жазылған көркем шығармалары, мейірімді де мерейлі жылы жүзі, инабаттылығы, кісіні ұйытар дәмді де әсерлі әңгімесі оның пәк көңілді қасиетін байқатып тұратын.

Рақаң 40 жыл бойына үзіліссіз Атырау мен Астрахан, Волгоград облыстарының қыры мен ойын, Еділ мен Жайық бойын аралап, табаны тимеген жері жоқ сірә. Осы өңірлердің тарихи шежіресін, жақсы мен жайсаңдарын жыр мен сыр етіп төгіп, қаламынан қаншама туындылар жарық көрмеді десеңші. Ұмытылып қалған деректерді тапты. Осылайша, талайларды халқымен қауыштырып, қуанышқа бөледі. Жаңарып, жасарған елдің жетістіктері мен толымды табыстарын саралады. Оның сын садағына іліккен жайлар да аз емес-ті. Түйіні шешілмеген келелі мәселелерді қозғап, көпшіліктің мүддесіне сай жолын ашқан сәттер де көп болды. Сол кездегі партияның қатал тәртібіне қарамастан кемшілікке төзбеді, қаламын әрқашан үкілеп, өткірлігімен түйреді. Рақаңның шынайы сөзі мен дәйекті дәлелін ешкім бұза алмады.

Сондықтан, қай жерде де оған айтарлықтай құрмет көрсетілді, сыйлайтындар да, сүйенетіндер де көбейді. Әлдіге әл бермейтін туралықтың төресі атанған Рахмет Иманғалиұлы әрқашанда шындықтың шынар биігінде тұрақтаған азамат. Оның қарапайымдылығы соншалықты орнымен үлкейе де, кішірейе де білетін байыптылығы, алғырлығымен сөзін өткізе алатын, жөнсіздікке, пендешілікке салынбайтын, алмастай туралығымен төре атанған ізгілікті жан.

Айдарынан өнері ескен, қаламынан бал тамған сөз зергері Рахмет Иманғалиұлы артында өшпес ізін қалдырғаны ақиқат. Ол үлкен жолдағы шығармашылығының табал-дырығын аттауды ең алдымен өлең жазумен сынап көрді. Автордың ақындық лабораториясында сақтаулы қағаздары, сарғыш тарта бастаған жыр жазбалары өлең өнерінің беташар белгісіндей бұдан 60 жыл бұрын талпынғанын көз алдыңызға әкеледі. 1955 жылы оның «Балықшы жігіт тартуы», «Звеношы қызға» деген алғашқы екі өлеңі облыстық газетке жарияланды. Бұл Рақаңның баспасөз бетінде тұңғыш рет жарық  көруі еді.

Үнемі ізденіс пен толғаныстың үстінде жүретін, алдын болжап, болашағын барлайтын дарын иесі ұстаздыққа қоса, қазақтың сол кездегі Киров атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, жоғары бағамен журналистика мамандығын алып шықты. Біржола баспасөздің қыры мен сырын терең меңгеруге бет бұрып, бар күш-қуатын осы салаға арнаған Рахмет өз мамандығының шын мәнінде шебері, тіл байлығы құнарлы, қаламы қарымды, ойдан ой қозғап өнімді жазатын Атырау аймағының республикаға танылған журналисі дәрежесіне көтерілді. Біз Рақаңның соңғы жылдары өз үйіндегі жазу және демалыс бөлмесінде болып, көптеген материалдары, сурет шежірелерімен танысып, әңгімелескен едік. Сондағы оның ұқыптылығына ерекше таңқалғанымыз әлі есімде. Онда анау бала кезінен жазған өлеңдері, бірнеше мың шағын хабарлары әдейі хатталып, тігіліпті. Ал, бес мыңға жуық түрлі басылымдарда жарияланған шығармалары да мұнтаздай, бір шеті мұқалмай жинақталыпты.

Рахмет Иманғалиұлы – көркем очерк жазудың айтулы шебері. Оның 100-ге тарта очеркі облыстық, республикалық газеттер мен журналдарда жарияланды. 1980 жылы Қазақстан баспаханасын «Мың тарау» атты жинағы жеке кітап болып, басылып шықты. Бұл автордың көркем очерк саласында қол жеткізген еңбегінің жемісі.

Рахмет Иманғалиұлы жазушы ретінде артына мол мұрасын, өзіндік шежірелі қолтаңбасын қалдырған өзіндік беталысты дара жолы бар бірегей талант. 1968 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген республиканың жас жазушыларының «Бәйшешек» әңгімелер жинағына Рахметтің «Құмбел хикаясы», «Ананың әңгімесі» туындылары енгізілді. Автордың бұл шығармалары айшықты бояуымен оқушысын толғандыратын терең ойға құрылған сыршылдығымен көрініс тапқан, құнды еңбек екені кезінде орынды бағаланды. Ал, «Жалын» баспасынан шыққан «Атырау айдыны» атты жинаққа енген «Қарашаның суығы» деп аталатын әңгімесі, сондай-ақ «Жайық жоғалмайды» деген әңгімелер жинағын уақытында оқырман жылы қабылдап, мазмұн-маңызы аталып өтілді. Ал, «Іздер» повесі Рахметтің проза жанрындағы көлемді туындысы болып есептеледі. Шытырман оқиға желісінде баяндалатын бұл шығарманың жазылу  шеберлігі кемел жазушылардың туындысындай әдемі шыққан. Автор ішкі істер қызметкерлерінің бейнесін жасауда өз талантының жаңа қырынан көрінген. Сол үшін «Іздер» повесі кезінде Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды да.

Қадірлі ағамыз жарты жылда 100-ге тарта өлеңдерін мерзімді баспасөзге жариялапты. Ол көбіне өлеңді лирика тақырыбына жазады. Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін жырға қосады. Оның «Қолтаңба» атты жыр кітабы жарық көрді.

Рахмет – айтулы айтыс ақыны. Талай мүшәйралардың жүлдесін бермеген жеңімпаз. Сан жылдар ауданымызда төре ақын болып, көш бастағаны көпшіліктің мәңгі есінде сақталған. Шаруашылықтардың жетістіктері мен кемшілігін сәнді жырымен жырлап, шындықты шымырлатып, семсерін қадаған өткір сөздері, ақындық алымдылығы оны жұртшылықтың сүйіктісіне айналдырып, бүгінде ақынның орнын жоқтап жүргендігінің куәсіміз.

Рахмет Иманғалиұлы мектеп оқушылары мен жастар өмірі жайлы да біраз құнды шығармалар жазды. Көптеген әңгімелері Одақ кезіндегі «Қазақстан пионері» газетіне басылды. Осы газеттің 1965 жылғы ұйымдастырған Республикалық байқауында Рахметтің «Суық хабар» деген әңгімесі үшінші бәйгеге ие болды.

Рақаң сан түрлі тақырыпта кең көсіліп, қиналмай қалам тербеген сөз зергері. Оның «Аруақ қолдасын әлеумет» атты тарихи-танымдық шежірелі кітабын бұрын-соңды ешкімнің тісі батып қозғамаған қазақтың аруақ ұстаған ғаламат құдірет иелерін аса бір шеберлік, шынайылық пен терең ойлы толғаумен, тамаша зерттеулер арқылы көпшіліктің көңілінен шығатындай шұрайлы тілмен жазып, ұсынды. Бұл шығармасында жазушы бірден-ақ әлеуметке арнау жолдап, аруақты қастерлеу, олардың рухын көтеру жөнінде көңілге қонымды ұрпаққа өнеге-өсиетті, көрегендік ой қозғайды. Ар тазалығы мен адамгершілік асыл қасиеттер, әділдік жайлы көп айтылады. Дәйексіз даңқ пен дақпырттың, мәнсіз мадақтаудың, мазмұнсыз марапаттаудың зияны туралы сөз етеді. Аруақ өте әділ әрі шыншыл, әрбір пенденің ізгі ниеті, көңілі мен тазалығы болуын ұғындырады.

Кітапта өңіріміздің атақты әулиелері атанған, Қарлығаш, Қазбек, Қаби, Серікбай бабалардың бойындағы аруақ қуаттылығы, ел мен халқына жасаған жақсылықтары, адамгершілік биік қасиеттері, ақыл-парасаттары, бауырмал-қарапайымдықтары ерекше айшықталып, суретеледі. Жалпы Рақаңның бұл туындысының тағылымы мол, тәрбиелік маңызы зор шығарма екендігі сөзсіз.

Рақаңның қара шаңырағының рухы биік, киесі зор. Өйткені, құдай қосқан қосағы, алтын құрсақты, әзиз Ана Күлсекен екеуі он бір перзентін дүниеге әкеліп, аман-есен өсіріп, бәріне де мамандықтарын алып беріп, жеке-жеке отау құрғызып, рулы елдермен құдандалы болып, қазақ елінің оңтүстік, шығыс аймақтарынан туыс-бауыр тауып, өрістері кеңіді. Бері келе шаттығы шалқыған шаңырақтың бір ұлы, бір қызы ертерек бақилық болды. Осы бір сәтте Рақаңның еңкейіп барып, қайрат-жігерін жанып, бой түзегені ақыл-парасатының арқасы болса керек.

Рахмет Иманғалиұлы 83 жасына дейін көзәйнек киіп немесе  аурухана төсегіне таңылған жан емес. Үнемі тік жүріп, аяғын шалыс баспаған адам. Бұл да ары да, жаны да таза Ағамызға Алла тағаланың берген құдірет сыйы сияқты. Ардақты азаматтың Арынғазы, Әділқазы, Байқазы, Балағазы сияқты ұлдары, жеті қызы Рақаң мен Күлсекен анаға 14 немере, 18 жиен, 44 жиеншар, 1 шөбере сыйлады. Оларды да тәрбиелеп, оқытып, қызығына қанып, сайран салған кездері де болды. Бүгінде ұл-қыздары ғана емес, немере-жиендері де ел еленген азаматтар қатарында Әке-Ата шаңырағын көркейтуде. Ал, сүйікті жары Күлсекен әже жасы тоқсанға жақындаса да сергек сезімі, ұрпақ қуанышы мен сәнді өмір сүруде.

Құрманғазы, Исатай аудандарының Құрметті азаматы, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атақтары берілді. 15-ке жуық медальдар, әртүрлі дәрежедегі Құрмет грамоталары, Алғыс хаттармен марапатталды. Қазақстан Журналистер одағының лауреаты. Өз өмірінде 5 рет республикалық, 6 дүркін облыстық конкурстарда жүлделі орындарға ие болды.

Уақыт елеусіз зымырайды, өмір белестері адамдарды биіктерге өрлетеді. Осы шыңда тірі болса 90 жасқа толар Рахмет Иманғалиұлы тұрары сөзсіз. Ол кісі жөнінде айтылар әңгіме де, естеліктер де көп. Туған елінен бір сәтке ажырамай, суреткерлік, ұстаздық, жазушылық, ақындық, бекзаттық өнегесін көрсетіп, халқының сүйіктісі атанған төл перзенттерімізге қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді.

Жұмақай ҒҰМАРОВ,

әріптес інісі

Құрманғазы ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button