Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Қазақ тіліндегі тоғыз әріп оның тағдыры қалай шешілді?

Технологияның дамыған заманында компьютердің құдіреті шексіз. Қажетті ақпарат ана тілінде лезде табылады. Қазақ газеттерін шығару процесі де біраз жеңілдеді. Ал, бұрын қазақ әліпбиіндегі тоғыз әріп мерзімді басылымды шығаруда біраз қиындық туғызатын еді. Редакция ұжымы зардап шеккен бұл мәселенің осыдан 23 жыл бұрын оңтайлы шешілуі «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің тікелей бастамасымен жүзеге асқанын екінің бірі біле бермес.

Сонау жылдары осы проблеманы өз ұсынысымен қолға алған – газеттің байырғы компьютер инженері Асланбек Мәукенов. Басылымның ғасырлық мерейтойы аясында бұл жаңашылдықтың қалай жүзеге асқаны туралы маманның өзімен тілдестік.

– Асланбек Қалиханұлы, елдегі қазақ басылымдарының ішінде компьютерлік нұсқаға көшірілген тұңғыш газет – «Аtyraý». Оның бастауында технология тілін меңгерудегі сіздің шеберлігіңізді айтпау мүмкін емес…

– Еңбек жолымды 1993 жылы Атырау облыстық телерадиокомпаниясында электромеханик болып бастадым. Кейін мұндағы IT маманы Ақтауға қызмет ауыстырды. Оның жұмысы маған жүктеліп,  мен осы қызметті үш-ақ күнде меңгеріп алған едім. Бұл – он тоғыздан енді ғана асқан кезім, жаңашылдыққа ұмтылып, жан-жақты болғанды қалап тұрдым. Полиграфияға қызығушылығым артып, жұмыстан бос уақытта «Ақ Жайық» газетіндегі әріптесім Айбар Хамиевтен газет бетін құруды үйреніп алдым да, 1996 жылы «Аtyraý» газетінің редакциясына ауысқанда газет компьютерге енді ғана көше бастаған еді.

Бас редактор Қилыбай Қуанышбайұлы да жаңашылдыққа жаны құмар, тың идеяларды әркез қолдап отыратын. Дереу жасақталған компьютер цехында әріптесім Нұрлан Хамзин екеуміз компьютерлерді дайындап, қызметкерлерді техника тіліне үйрете бастадық. Бастапқыда газеттің «Атамекен» қосымшасы ақ-қара түсті болып шықты. Кейін оны түрлі түсті етіп шығаруға болатынын Қилекеңе айттым. Жаңашыл редактор бұл пікірімді қолдай кетті. Сөйтіп, 1996 жылдың аяғында «Атамекен» қосымшасының №10 саны республика бойынша тұңғыш рет редакцияның өз цехында теріліп, беттеліп, сосын пленкаға көшіріліп төрт түспен (қара, қызыл, сары, көк) басылған күйі оқырманға жол тартты.

1997 жылдың қарашасынан бастап күн сайынғы «Аtyraý» газеті де редакцияның компьютер цехында дайындалып, жарыққа шыға бастады. Сол жылдары «Егемен Қазақстанның» өзінде мақалалар баспаханадағы компьютерде терілетін…

– Естуімізше, редакцияға жазу машинкасының келуі отызыншы жылдары зор жетістік болғанымен, қазақша әріптерді теруде біраз қиындық болған екен. Орыс алфавитінде жоқ қазақтың 9 әрпі металға құйылған. Жазу кезінде оны машинкаға дәнекерлеп орнатқан ғой. Компьютерлендіру процесі кезінде осы қиындықтар тағы қайталаныпты…

– Дұрыс айтасыз. Редакция цифрландыруға көшкенде бұл мәселе шешімін табудың орнына жұмысты одан әрі қиындатты. Терілген мақаланы бетке құрғанда арнайы бағдарламалар әлгі тоғыз әріпті оқымай әлекке салды. Оны корректорлар түзетіп, қағаз беті қып-қызыл болды. Оны бет құру бағдарламасында жеке-жеке түзетіп қиналдық. Осылайша, үш жылдан аса тоғыз әріппен «шайқастық».

Республикада компьютерлендіруге көшерде, қазақ әліпбиін пайдалану тәсіліне ешкім мән бермеген. Соның салдарынан 9 әріптің «жыры» редакция қызметкерлерін әбден қажытты. Кейін әр компания қазақша драйверін жасап шығарып жатты. Бұл да мәселені түбегейлі шешкен жоқ. Қазақ әріптерін қайта теріп, түзетумен біраз уақыт өтетін. Ақыры, басқа мекемелерде қазақ тіліндегі құжаттар қалай жүзеге асып жатқанын зерделей бастадым. Бірде облыс әкімдігіне барсам, олар да біздің кебімізді киіп отыр екен. Мәселені зерттеп, Алматыдағы республикалық басылымдарға да бардым. Тіпті, «ҚазАқпарат» агенттігінің өзі 9 әріпті қайта түзетумен күн өткізіп жүр. «Өз елімізде тұрып, компьютердегі қазақ әріптерінің мәселесі неге шешілмейді?» деген сауал мазалады. Өйткені, компьютер бағдарламасына ТМД мемлекеттерінің тілдері енгізілген. Бірақ, тәуелсіздік алғанына 10 жылдан асса да, бұл тізімде Қазақстанның мемлекеттік тілі жоқ. Бұл мені қатты қынжылтты.

Проблема шешілмеген соң, оны Парламентте көтеріп, Microsoft компаниясына қазақ тілін бағдарламаға қосуды төтесінен қою жөнінде редакторға ұсыныс айттым. Басшым бұл пікірді бірден қолдай кетті. Редакцияда бір ай көлемінде арнайы хат дайындалып, оны Парламентке ұсынды. Республикалық басылымдар да «Atyraý» редакциясы ұсынған хатқа қолдау білдіріп, бірауыздан қол қойды. Кейін сол кездегі халық қалаулысы Әбіш Кекілбаев мәселені жоғары мінберде көтеріп, бұл оңтайлы шешілді. Жаңалықты телеарнадан естіген бойда Қилыбай Қуанышбайұлына лезде қоңырау шалдым. Басты мәселеміздің шешіліп жатқанына мәзбін. Әр нәрсені қалт жібермейтін бас редакторым өзі де телеарнадан мұны естіп, көріп жатса керек, оның да қуанышында шек жоқ!..

Осылайша, 2000 жылы Microsoft компаниясы Windows-XP бағдарламасын шығарып, оған Қазақстанды және Unicode-на қазақ әліпбиіне тән 9 әріпті енгізді. Сол кезде арқамыздан үлкен жүк түскендей болды. Себебі, бұл тек редакцияның емес, республикадағы қазақ тілді компьютер пайдаланушының ортақ жетістігі еді.

– Біраз жыл жауыр болған проблеманың шешімі – «Аtyraý»-дың бастамасының, соның ішінде Сіздің озық ойыңыз бен шеберлігіңіздің нәтижесі. Бұл еңбегіңіз уақытында қалай бағаланды?

– Шынымды айтсам, менде «осы еңбегім бұлайша бағалансын» деген ой мүлдем болған жоқ. Басты мақсатым – қазақ редакцияларын 9 әріптің «қорлығынан» құтқару. Ана тіліміздің компьютер бағдарламасындағы ТМД мемлекеттері тұрған тізімде болмауы намысқа тиді. Біріншіден, патриоттық сезіммен, екіншіден редакция жұмысын оңтайландыру басты бағыт еді.

– «Атырау-Ақпарат» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылып, баспаханасы жасақталғанда да түрлі техникаларды іске қосуға Сіздің шеберлігіңіз қажет болыпты…

– Иә, кейін мекеме базасында дербес баспаханасы ашылды. Сапалы газет шығару үшін озық технологиялар әкелінді. Бірақ оның тілін білетін бірде-бір маман жоқ. Редакцияда жүрген мені сол кездегі КМК төрағасы Ерген Дошаев «компьютер құлағын ұстаған маман өзің ғой» деп, баспаханадағы жұмысқа ауыстырды. Бұл жерде де бұрын-соңды болмаған заманауи құрылғыларды жүйелі іске қосуға үлесім тиді.

– Редакцияда қызмет еткен жылдарыңыз несімен ерекшеленеді?

– «Atyraý» редакциясында сегіз жыл қызмет еттім. Бұл уақыт – өмірімнің ең басты белестері. Қарашаңырақта қара сөзден қаймақ алған майталмандардың арасында қоян-қолтық қызмет еткенім үлкен мәртебе. Бас редактор Қилыбай Қуанышбайұлы – өмірімдегі бір мектеп. Нұрлан Қабылов, Ермек Биғалиев, Жаңбырбай Сұлтанғалиев, Құбайдолла Жексеновтер – нағыз ұстаздарым.

Бір қызығы, мектептен бастап орысша оқыған мен редакцияға жұмысқа келгенде қазақ тілін тіпті білмейтінмін. Орысша ойлап, орыс тілінде ғана сөйлеуші едім. Редакция санамды қазақылап, қайта өмірге әкелді. Бұл үшін өзіммен бірге еңбек еткен аға буын өкілдерін ерекше құрметтеймін. Ғасырлық тарихы бар бұл шаңырақты қазір сағынамын.

– Осы ыстық ұяңызда есте қалған ерекше оқиғаңызбен бөлісесіз бе?

– Күн сайын 9 әріптің қорлығымен «шайқаса» жүріп, редакцияда бірнеше қызды терушілікке, бет құруға үйреттім. Сол кездегі шәкіртім Майра Оразғалиева (бүгінде газеттің аға тілшісі) – қазір өмірлік жұбайым.

Бірде Майраның туған күні болды. Жұмыстан кейін туған күніне үйіне жиналдық. Мен бір шоқ гүлімді алып, дәл сол күні көңілімді білдірдім. Кейін ортақ тіл табыстық. 1998 жылы қыркүйекте отау құрдық. Қазір дәм-тұзымыз жарасқан отбасымыз.

– Жас кезіңізден креативті екеніңізді аңғардық. Байқасам, қазір де біраз жаңашыл жастардан кем түспейсіз. Мұның сыры неде? Жас буынға

айтар кеңесіңіз қандай?

– Мен табиғатымнан білмегенімді үйренуге құмармын. ІТ саласында өзімді қамшылап, біраз дүние жасадым. Әркез өзімді жаңа бағытта сынап көргенді ұнатамын. Қазіргі жастарда мұндай қабілет көп-ақ. Айта кетейін, өзім білгенімді үйреткен газеттің қазіргі жауапты хатшысы Дәурен Мұхамбеталиевті көрсем, өзімнің тура жас кезім есіме түседі. Дәурен – өте алғыр, креативті, жаңалыққа жаны жақын жан. Ізімізден ерген осындай жастар барда ІТ саласындағы келеңсіздіктер шешіледі деп сенемін.

Елдегі цифрландыру саласына кейде көңілім құлазитыны бар. Бізде халықтың тиімділігіне қызмет етуден гөрі коммерциялық жағы басым. Негізінде осы салада әлі біраз дүниелерді іске асыруға болады. Соған қажетті бағдарламалардың құны өте қымбат болғандықтан, жұмыс жүзеге аспай жатыр. Мәселен, кибералаяқтықтың көбеюінің өзі оған қарсы тұсау болатын жұмыстардың жүйелі жүргізілмегенін көрсетеді.

– Әсерлі әңгімеңіз үшін бек рахмет!

Сұхбаттасқан: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button