Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

«Картада бір ауыл бар» конкурсының жүлдегерлері анықталды

Ауыл – аяулы ұғым. Алтын бесік. Әр тасына тарих тұнған осынау киелі мекен түлеп ұшқандар үшін де, тұрғындар үшін де қадірлі. Мемлекет басшысының бастамасымен іске қосылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында «Атырау» газеті қолға алған «Картада бір ауыл бар» конкурсының да көздеген мақсаты осы. Яғни, алыс ауылдардың тарихын терең зерттеп, беймәлім мәліметтерді жария ету. Көктемде бастау алған аталмыш конкурс жыл жабылар тұста өз мәресіне жетіп, арнайы құрылған тәуелсіз комиссия мүшелері жүлдегерлерді анықтады.

Screenshot_5

Алдымен, айта кетелік. Конкурстың арнайы шарты жарияланды. Редакция қоржынына келіп түскен 57 мақаланың 26-ы байқау шарттарына сәйкес келмегендіктен, комиссия назарына ұсынылмады. Олардың қатарында ауыл туралы емес, жеке адамдар жөнінде жазылған, баспасөзге жазылу туралы түбіртекті қоса жолдамағандар бар.

Мамыр айынан бергі уақытта газет бетінде конкурсқа ұсынылған материалдар ішінен 12 жазба жарыққа шықты. Шалғай ауылдарға қатысты тың мәліметтер, ауылдардың атауына байланысты танымдық мақалалар, тарихи деректер жиналған тұшымды жазбалар. Аталған сайыс арқылы редакция қоры осындай жазбаларға толықты.

Конкурсқа ұсынылғандардың қатарында  мазмұны ерек, мағлұматы мол туындылар көп  кездесті. Мәселен, индерлік тыл еңбеккері Есенияз Төремұратовтың, атыраулық Казалика Кабдрахманованың, құрманғазылық Асқар Ғұмаров және Жұмақай Ғұмаровтың, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Нәсіпқали Төлегеновтың, Томарлы ауылының тұрғыны, байырғы авторларымыздың бірі Жақсылық Ақбаловтың, қызылқоғалық еңбек ардагері Құмар Хасановтың, Махамбет ауданынан Мейрамгүл Лесқызының, тарихи атаулар сырын шерткен индерлік Сағынтай Керешовтың, Білім беру ісінің үздігі, еңбек ардагері Жұмағұл Олжабайдың, Сатыбай Ысқақұлының, Елтай ауылынан хат жолдаған Дина Қарабалинаның мақалаларын комиссия мүшелері ерекше ықыласпен атап өтті.

Тағы бір айта кетерлігі, жалпы жолданған мақалалардың басым бөлігі – Құрманғазы ауданына тиесілі. Соның ішінде, Сүйіндік орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары да жоғары белсенділік танытты.

Сонымен, ауыл туралы айтары бар авторлардың еңбегі екшеліп, жеңімпаздар анықталды. Бас жүлде иегері – «Қасиетті мекеннің қадірі» мақаласының авторы (Атырау» газеті, №84, 16 қазан) Есмұхан Жанизин. Өзі туып, өскен дала құпиясынан сыр шерткен Қошалақ ауылының кітапханашысының жазбасы танымдық, тағылымдық деп танылды.

Екінші орын Таңдай ауылының тарихын тізбелеген триптих («Атырау» газеті, №69, 28 тамыз) авторы Самал Бержановаға берілді. Өйткені, Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің мұғалімі мақаласында аядай ауылдың былайғы жұртқа беймәлім тұстарын көркем сөзбен кестелеген.

Нарын құмының қатпарлы қойнауындағы тарихи тың деректерді жазбасына арқау еткен Нұр-Мұхаммед Есенәліұлының мақаласы үшінші орынға лайық деп танылды («Атырау» газеті, №61, 31 шілде).

Сайыс болған соң, жеңу шарт. Сол себепті де,өзге қатысушыларға алғыс айтамыз. Бізбен байланысты үзбегейсіздер. Атакүлдігіңіз туралы толғанып, тың деректерді табуыңызға түрткі болғанымызға бек қуаныштымыз! Ауыл туралы айтарымыз таусылмасын, ағайын!

Редакциядан: Жарыс жеңімпаздарын ресми марапаттау қаңтар айында өтеді. Жүлде иелерінің 45-84-30 байланыс нөміріне хабарласуларын сұраймыз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button