Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!СарапTime

Газет соғыс кезінде де шықты!

«ГАЗЕТ – ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗІ, ҚҰЛАҒЫ ҺӘМ ТІЛІ». РАСЫНДА ДА СОЛАЙ. АЛДАҒЫ ЖЫЛЫ ӨЗІНІҢ ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙЫН АТАМАҚШЫ ОБЛЫС АЙНАСЫ – «АТЫРАУ» ДА ОСЫНША УАҚЫТТАН БЕРІ ӨЗ ОҚЫРМАНДАРЫНЫҢ АСЫҒЫП КҮТЕТІН БАСЫЛЫМЫНА АЙНАЛДЫ. БІЗ ГАЗЕТТІҢ ҚАЛА МЕН ОБЛЫС АРХИВТЕРІНДЕ САҚТАЛҒАН САРҒАЙҒАН НӨМІРЛЕРІН, БАСҚА ДА ҚҰЖАТТАРЫН ҚАРАУ БАРЫСЫНДА СОЛ КЕЗДЕ КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ ӘЛІ ДЕ ӨМІРШЕҢДІГІНЕ КӨЗ ЖЕТКІЗГЕНДЕЙ БОЛДЫҚ.

«Газетіміз келмейді…»

Отызыншы жылдардың соңы мен қырқыншы жылдардың басындағы газет тігінділерін қарап отырып, оқырмандар хатының топтамасына көзіміз түсті. Қолына қалам ұстап, өзінің ойымен бөлісетін көпшілік газетке жазылғанын, бірақ түрлі себеп-сылтаумен мерзімдік басылымның қолдарына жетпей жататынына қамығады. Ақыры газет редакциясына хат жазып, осы мəселені шешіп беруді өтінеді. Бұдан бөлек, редакцияға қызметкерлер алу жөнінде хабарландырулар беріліп, жарияланбаған хаттардың дерегі де басылып отырған. Бұл да газет пен оқырман байланысының шынайы үлгісі болса керек.

Әр дәуірдің өз көсемі бар

Өкінішке қарай, жергілікті архивтерде газеттің «Ерік» атауымен шыққан бір нөмірі де сақталмапты. Амал не, барға қанағат етуге тура келді. Олардағы ең көне газет 1937-1938 жылдардан басталады. Оның өзі де түгел емес. Көңілге кірбің ұялатары сол, əр кездері газет тігіндісін қараған адамдар өздеріне қажетті деген мақаланы қиып алып, орнын үңірейтіп кетіпті. Негізінен сол кездері шыққан газет беттерінде комсомол, партия, кəсіподақ жұмысы жайлы кеңінен жазылып, КСРО-ның басшылары, солардың суреттері мен сөздері үздіксіз жарияланып отырған. Ал, ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары мерзімдік баспасөзде көріне бастаған жергілікті ақынжазушылар, мəселен, Хамит Ерғалиевтың «Lenin» атты өлеңі сол кездің «Күн-көсеміне» арналыпты. Қолдарына қалам ұстаған басқа ақындар да коммунизм мен кеңестік құрылысты жырлайды. Ал, «Жаңа алфавитті үйренудің барысы» деген ортақ тақырыппен тілшілер мен оқырмандардың тілек-ұсыныстары жарық көріп тұрған екен.

Газет соғыс кезінде де шықты

Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ел басына қаралы күн туғанда да облыстық басылым оқырманнан қол үзбепті. Елдегі қиын жағдайға байланысты газет шығаратын қағаздың уақытында жеткізілмей қалған кездері де болған. Оны біз редакция мен баспахана басшылығының қағаз тапшылығын айтып, жоғары жақтан көмек сұраған хаттарынан анық көреміз. «Социалистік құрылыстың» 1941 жылғы 29 маусымындағы санында халықты жігерлендіретін мақалалар мен өлеңдер, «Əскери қызметкерлердің семьяларына пособия беру» деген ТАСС хабары жарияланған екен. Демек көңілі құлазыған халықты үміттендіріп, ертеңге деген сенімін барынша баянды етуге бастайтын мұндай мақалалар газетте нөмір сайын беріліп тұрған.

Көп балалы аналарды қолдау

Ел ертеңі – жас ұрпақ. Бұл – қай кезден күн тəртібінен түспейтін өзекті мəселе. Соғыс кезінде де, одан кейінгі жылдарда да көп балалы аналарға көмек қолын созу, олардың мұқтажын өтеу, барынша қолдау көрсету іспен дəлелденді. Газет осы мəселеге белсене араласып, жауапты мекемелерге хат жолдап отырған. Осылайша, олардан нақты жауап тосқанын архив тігінділері растайды. Облыс айнасынан жолданған хаттарға мекеме, ұйым басшылары зор жауапкершілікпен қарады. Олар газет көтерген мәселені қалт жібермей, ішкі басқосулар мен жиналыстарда талқылап, редакцияға жолданып отырған жауаптардан адам тағдырына деген ерекше алаңдаушылықты аңғаруға болады.

Архив материалдары бойынша дайындаған: Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button