Боз даланың Боздановы
Есімі елінің есінде жүретін ағалардың бірі облыстық газеттің Жылыой және Мақат аудандарындағы меншікті тілшісі болған Бақытжан Бозданов еді. Қасиет қонған киелі мекен кең Жылыой өңірі, Ақтоғай ауылының тумасы, Қазақстан Журналистер Одағының лауреаты, Жылыой ауданының Құрметті азаматы, «Теңіз кенішін тұңғыш ашушы» төсбелгісінің иегері Бақытжан Бозданұлы журналистика саласындағы шығармашылық қызметін өткен ғасырдың 60-жылдарының басында сол кездегі аудандық «Ембі» («Кең Жылой») газетінен бастаған еді.
Қатардағы тілшіліктен бастау алған сара соқпақ бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасарлығына дейін жалғасты. Жоғары партия мектебін бітіріп келгеннен кейін Бәкең 1973 жылдан бастап өмірінің соңына дейін облыстық «Коммунистік еңбек» (бүгінде 100 жасқа толып отырған «Аtyraý ») газетінің Ембі (Жылыой), Мақат аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарды.
Маған бұл кісімен 1996 жылы осы басылымға жұмысқа келгеннен кейін қызметтес болу бақыты бұйырды. Бірден айтарым, Бәкеңнің редакцияға жолдаған әрбір материалы белгілі бір мәселені көтеріп, өзекті тақырыпты қозғайтын, көбінесе, сыни-сараптамалық тұрғыда болып келетін. Мақалаларына арқау болған жайттар жергілікті биліктің назарына ілігіп, бақылауына алынатын. Соған байланысты әкімдік пен басқа да жауапты құрылымдар басшыларынан айтылған мәселенің шешімін қалай тауып жатқандығы жөнінде жауаптар да келетін. Бақытжан ағамыз ойындағысын шымбайға батардай етіп жазса, сөйлескен кезде де айтарын бүкпесіз жеткізетін. Сонысымен де біріне жағып, біріне жақпайтын. Қызмет бабын пайдаланып, жеке мәселесін шешіп алуды еш ойламайтын.
Ағамыздың журналистік шеберлігіне, ширақтығы мен жеделділігіне ешқандай күмән келтірмесек те, басшылықтың тапсырмасы бойынша оның редакция поштасына келіп түскен материалдарын бір қарап шығуға тура келетін. Өзі де телефон арқылы хабарласып, қай мақаласында қандай мәселе көтерілгенін түсіндіріп, мүмкіндігінше қысқартпауын сұрайтын. Осылайша, тығыз байланыста жұмыс жасап, тәжірибесі мол әріптесімізден өзімізге беймәлім біраз нәрсені үйренетінбіз. Кейде сол кісіге ұқсауға ұмтылатынбыз.
Мұнайлы өңір болғандықтан, оның өзіне тән проблемалары мен мұқтаждары болатыны сөзсіз. Соның бәрі де біздің Бәкеңе таныс көрінетін. Өйткені, ол жазбақшы болған әрбір мәселені жете зерттеп, зерделеп, қыр-сырына үңіліп, жілігін шағып, майын тамызатын. Күнделікті хабарлары мен іс басынан, оқиға ортасынан жазылған репортаждарынан бөлек, қаламынан туындаған сырлы суреттемелері мен ойлы очерктері, ел аузынан жинақтаған шағын әңгімелері, оқта-текте болса да өткірлігімен оқшауланып тұратын фельетондары көкірегі ояу, көзіқарақты оқырманды бейжай қалдырмайтын. Үлкенді-кішілі туындыларының әрқайсысы туған табиғатпен үндестік тауып, бейнебір боз далада еркін өскен бозғылт жусан иісі аңқып тұратындай көрінетін.
«Орны бар оңалар» демекші, өзі өмірден өтсе де, соңында ошағының отын өшірмей, шаңырағының шамшырағы болып отырған құдай қосқан қосағы Баян апамыз, ғұмырын жалғастырып келе жатқан ұл-қыздары мен олардан өрбіген ұлағатты ұрпақтары бар. Айрықшалап айтарымыз, Бәкеңдей ел азаматына адал жар, өміріне сенімді серік бола білген Баян Қуанғалиқызы ағамыздың артында қалған мұрасын қастерлеп, көзінің қарашығындай сақтап, жарыққа шығарды. Осыдан төрт жыл бұрын, қаламдас ағамыздың 80 жасқа толуы қарсаңында отбасының ұйытқы болуымен «Қалам ұшындағы қасиет» тақырыбындғы еске алу кеші ұйымдастырылды. Шараның шымылдығы қаламгердің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ғибратты ғұмыр» атты деректі фильммен ашылды. Сол тұста Бақытжан ағаның бұрынырақта жарық көрген «Теңіз қалай түледі?» атты еңбегі жаңартылып, екінші мәрте басылып шықса, көп кешікпей «Қалам ұшындағы қасиет» кітабының оқырманымен қауышқаны да күні кешегідей жадымызда.
Бұған қоса, өзімізбен бір ұжымда қызмет істеген, бүгінде аудандық «Кең Жылыой» газетінің бас редакторы Ербол Қошақанов әріптесміз де кезінде университеттегі диплом жұмысын «Журналист Бақытжан Бозданұлының шығармашылығы» тақырыбында қорғаған екен. Оның мұндай таңдау жасауына екі мәрте облыстық «Аtyraý» газеті редакциясына басшылық жасаған абыз ақсақалымыз, атыраулық журналистердің ұстазы Теңдік Жауырұлы ағамыздың өзі себепші болыпты. Оны да көзі тірісінде-ақ ел аузында «Боз даланың Боздановы» деп дәріптелген қаламдасымызға деген құрмет, ағаға деген ізеттің белгісі ретінде бағаладық.
Туған жерінен жыраққа ұзамай, ел ішінде жүріп, қашан да өзіне тілеулес, ниеттес жұртымен емен-жарқын араласып, халықтың қалаулысына айналған азаматқа жерлестерінің көрсеткен ең үлкен құрметі мен марапаты – «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атағын беруі дер едік. Басылымымыздың ғасырлық мерейтойына орай облыстық газеттің өңірдегі өкілі болған қаламдасымызды осылай бір еске алуды парызымыз санадық.
Дәулетқали АРУЕВ
Жылыой ауданы